Аймақтар • 27 Наурыз, 2024

Теңіз табанында түлеген тіршілік

449 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Әму мен Сырды қатар емген Арал теңізінің тартылуы өткен ғасырдың 60-жылдары-ақ байқала бастаған. Шалқар су жаға­лауынан шегіне бастағанына он шақты жыл өткенде Қасқақұлан жағы жалаңаштана бастады. Көп ұзамай-ақ бұрын кеме жүзген алып айдын айтақырға айналып шыға келді. Айналасын телегей су қоршаған Барсакелмес құрлыққа қосылды. Қазақстан өз алдына жеке ел болған 90-жылдары ұлтанынан шаң мен тұз ұшқан Арал маңынан ел ауып, жайлы қоныс іздеп, жан-жаққа жылыс­тай бастаған еді. Қазір құрғаған теңіз ұлтаны 6 млн гектарға жетіп отыр. Оның 2,8 млн гектары – біздің ел аумағында.

Теңіз табанында түлеген тіршілік

«Сол 90-жылдары «Арал консорциумы» деген үлкен бірлестік құрылып, аудандық орман шаруа­шылығы орман-мелиоративті стансасы ретінде құрғаған ұлтанды жасыл желекке айналдырудың бастамасына кірісті. 1993 жылдан бас­тап бүкіл облыс орманшылары осы іске жұмылды. Осылайша, бастапқыда 54 мың гектарға сексеуіл мен сарсазан егілді», дейді облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы Айбек Жолақанов.

Басына тартсаң, аяғына жетпейтін сол тұстағы қаржы қиындығынан бас­тама 7 жылдай тоқтап та қал­ғаны бар. 2000-жылдардан бас­тап бюд­­жеттен қаржы қаралып, әдеп­кіде орм­ан шаруашылықтары 1 000 гек­тардан еге бастады. 2003 жылы «Қа­зақстан Республикасы аума­ғын­да ор­мандарды сақтау және молайту» ба­ғы­тындағы 10 жылдық бағ­дарлама аясын­да Дүниежүзілік банк қолдауымен сек­сеуіл көшетін ғана емес, оның тұқымын себу де қолға алынды. Кешегі 2020 жылға дейін Арал мен көршілес Қазалы ауданы орманшылары жылына 5 000 гектарға сексеуіл дәнін сеуіп келді.

Германияның ынтымақтастық қо­ға­мы да бұл іске айтарлықтай үлес қос­­ты. Бұған қоса Дүниежүзілік да­му банкі гранты арқылы 2008-2014 жыл­дар аралығында 57 мың ге­к­­­тар­ға егілді. 2018-2020 жылдары Оң­­түс­тік Корея мемлекеті қолда­уы­­мен «Қ­а­­зақ­стан ландшафтарын қа­­лыпқа кел­ті­ру» жобасы аясында ор­ман­­шылар 13 300 гектар алқапқа дән септі.

Айбек Жолақановтың айтуынша, Мемлекет басшысының 2025 жыл­ға дейін елімізде орман алқабын ұл­ғай­тып, Арал ұлтанындағы сек­сеуіл егіл­­ген аумақты 1 млн 100 гек­тарға жет­­кізу тапсырмасына орай 2021 жылы – 100 мың, алдыңғы жылы – 250 мың, былтыр 193 мың гектар алқапқа мелио­рациялық жұмыс жүрген. Биыл 275 мың гектарға жүргізу жоспарланып отыр.

Көктемде әр аудандағы тұқым­бақ­тар­дан жеткізілген көшеттер отырғызылады, күзде дән себіледі. Осындай жұмыстар арқасында балық­көз бен ақсораңнан басқа ештеме өнбеген медиен далаға жан бітіп, көкжиегі көрінбейтін теңіз табанына тіршілік енді. Жұрт көзіне түсе бермейтін қорықтағы құлан мен қарақұйрықтың жайылымы ұлғайып, саны да арта түсті.

Жалпы, теңіз табанынан сексеуіл тігу өткен ғасырдың 70-жылдары басталған. Бұл тәжірибені бас­таған отандық ғалым Владимир Каверин теңіздің құрғаған бөлігін­де­гі тұзды топырақты осылайша көгалдандыруға болатынын дәлел­деп­ті. Мамандар жылдам жетіліп, айна­ласына шашқан тұқымдары арқылы қайта жаңарып отыратын сек­сеуілдің бір түбі 4 тонна құмды ұстайтынын айтады.

Теңіз табанын жасыл желекке ай­нал­дыру жұмысы көршілес Өзбек­стан ау­ма­ғында да қарқынды жүріп жа­тыр. Жақында сала мамандары мен же­текші ғалымдар Қарақалпақстанда бас қосып, осы бағытта тәжірибе алмасқан.

«Сол жиында болып, ондағы атқа­рылып жатқан шаруалармен та­ныстық. Жалпы, екі ел маман­дары­ның орман өсіру технологиясы ұқсас. Олар сексеуіл, сарсазаннан бөлек қарабарақ дәнін де себеді екен. Біз де былтырдан бастап Орман шаруа­шылығы ҒЗИ ғалымдарының кеңе­сімен сортаң жерге жақсы шыға­тын осы өсімдікті еге бастадық. Қазір ғалымдар жыл сайын­ топырақ құрамын зерттеп, орман­шы­ларға бағыт-бағдар беріп отырады. Олар орман шаруашылығына ке­йін­нен берілген 500 мың гектар жер­дің топырағын толық зерттеді. Тағы қосымша 300 мың гектар сұрап отырмыз», дейді бөлім басшысы.

Осының бәрі – жыл сайын құр­ға­ған Арал табанынан желмен бірге кө­терілетін 150 млн тонна тұз бен шаңды басып, теңіз табанын түле­тудің қарекеті. Кезіндегі ұлы су­дың ұл­та­ны­нан ұшқан тұздың Памир тауы мен Сол­түстік мұзды мұ­хит­тан табылуы мәсе­ле­нің ауқым­ды­­лығын аңғартса керек. Ал оның алдын алу үшін теңіз табанын желек­ке бөлеп, тіршілігін түлету керек. Бұл ой­да­ғыдай жүзеге асқанда ғана қор­ша­ған ортаның ахуалы жақсара түспек.

 

Қызылорда