Айбын • 28 Наурыз, 2024

Түркістан облысында 400-ге жуық жігіт әскерге аттанды

124 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Фараб» облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында мерзімді әскери қызметке шақырылушыларды салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтті. Бұл күні облыстан 50 бала Алматы қаласының десанттық-шабуылдау бригадасына аттанды, тағы 30 бала Шекара қызметіне жіберілетін көктемнің соңғы команда құрамына кірді, деп жазады Egemen.kz.

Түркістан облысында 400-ге жуық жігіт әскерге аттанды

Салтанатты іс-шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев, Қорғаныс істері жөніндегі департаменті мен басқармасының басшылығы, ҚР Қарулы Күштерінің ардагерлері, басқа мемлекеттер аумағындағы әскери қимылдар ардагерлері, «Аналардың жүрегі «сарбаз аналар комитеті» РҚБ өкілі Шарифа Муминова, «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысының тәрбиеленушілері, сондай-ақ әскерге шақырылушылардың туыстары мен жақындары қатысты.

Облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев әскерге шақырылушылар мен қонақтарға арнаған сөзінде өңірде тұратынын 2,2 миллионнан астам адамның 630 мыңға жуығы жастар екенін атап өтті.

«Бүгін біз облысымыздан әскерге шақырылушылардың екі командасын аттандырып жатырмыз. Осы сәтте Бауыржан Момышұлының «Ешкім іштен батыр болып тумайды: батырлық та, мінез секілді өскен орта, көрген тәрбиеге байланысты қалыптасады» деген сөздерін еске алғым келді. Бүгін әскерге аттанған жігіттер әскери саланың қыр-сырын меңгеріп, айтулы азаматтарға айналады деп сенемін. Бұл оңай сала емес, үлкен жауапкершілікті талап етеді. Біздің жігіттер міндетті абыроймен атқарады деген ойдамын. Баршаңызға сәтті сапар, денсаулық тілеймін», деді Бейсенбай Тәжібаев.

Қорғаныс істері департаментінің бастығы полковник Нұрмаханбет Дүйсебаев әскерге шақырылушыларды осынау жауапты және маңызды кезеңмен құттықтап, бұл тәжірибе оларға міндетті түрде пайдалы болатынын атап өтті.

«Қызмет барысында денелеріңіз шынығып қана қоймай, сондай-ақ жауапкершілік пен тәртіпке негізделген нағыз азаматтың үлгісіне айналасыздар. Барлығына сәттілік пен амандық тілеймін», деді Нұрмаханбет Дүйсебаев.

Көктемгі әскерге шақыру науқаны кезінде облыстан 2500-ге жуық адамды шақыру жоспарланған. Бүгінгі таңда Шекара қызметіне 320-дан астам ер-жігіт жіберілді, наурыз айының соңынан бастап ҚР Қарулы күштерінің әскери бөлімдеріне шақыру басталды. Іс-шара соңында Түркістан қаласының Мәдениет үйінің өкілдері концерттік бағдарлама ұйымдастырды.

лл