Қоғам • 29 Наурыз, 2024

Әке мұрасын насихаттаған

256 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кеше Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Ғылыми кітапханасында бір-бірімен сабақтас екі айтулы іс-шара өтті. Рамазан айында ұйымдастырылған бұл жиындардың имандылық пен парасатқа, дін мен дәстүрге, жалпы қазір өткір көтеріліп жатқан қоғамның асыл тәрбие-тәліміне тікелей қатысы бар.

Әке мұрасын насихаттаған

Суреттерді түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

97 жасына дейін жұртшы­лық­қа ел анасы деңгейінде ақ батасын беріп, әкесі дін ғұлама­сы Садуақас қажы Ғылманидың көп еңбегін жадында жаңғыртып, насихаттаған Үкіжан (Мүмина) Сәдуақасқызының «Фолиант» баспасынан (Астана) шыққан «Өмірімнен ескерткіш» атты мұрасының тұсаукесері өтті. 40 баспа табақ еңбек әйгілі қази перзентінің 11 дәптері негізін­де дайындалған. Құрастырып, алғысөзін жазған – филология ғылымдарының кандидаты, осы университеттің доценті Гүлбайра Өтелбай. Апамыз қайтарынан бір жыл бұрын қолжазбала­рын осы кісіге аманаттап кеткен екен. Кітаптың демеушісі – іскер азамат, қайраткер Ерлан Барлыбаев.

Сәдуақас Ғылмани – еліміз­дің айтулы дін ғұламасы, өт­кен ғасырдың 20–30-жылдары көз­­қарасы мен сенімі үшін қуда­ланған тұлға, 1952–1972 жылдары Қазақстан қазиятын басқарған қайраткер, аудармашы. Соңында қалған көп мұрасы әлі толық кітап болып шықпаған. Бір ғана 108 мың сөзден тұратын араб­ша-қазақша сөздігі сол күйінде қозғалмай тұр.

пар

«Өмірімнен ескерткіш» қай­сар қазақ қызының атеизм дәуі­рінде әке өсиетіне адалдығын, еңбекқорлығы мен парасатын, ең бастысы үзіліссіз рухани мұ­раны құнттауын, үнемі дін мен дәстүр үйлесімін насихаттаға­нын дәлелдейді. Кітап мұратану, дінтану, өлкетану мамандарына, руханият тарихына қызыққан қауымға арналған.

Кітаптың таныстырылымын кітапхана директоры, доцент Бақытжан Оразалиев ашып, профессор Серік Негимов, кітапты әзірлеген доцент Гүлбайра Өтелбай, қоғам қайраткерлері, өлкетанушылар Өмірсерік Ер­жанов, Манап Әбдірешов, ел аналары Балапан Айтбаева, Мөрбан Жиенбекова, Үкіжан апаның ұлы Самат Кәрімов пікірін ортаға салды. Жиынды қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, Алаш ұрпағы, ғалым Қайырбек Кемеңгер жүргізді.

Осы іс-шарамен қатар дін­­та­ну­шы, тарихшы, филолог, мә­де­ниеттанушы сту­дент-ма­гист­ранттарға арналған «Әке мұ­ра­сын насихаттауға арнал­ған ғұмыр» атты шеберлік сы­ныбы өтті. Мұнда Үкіжан Сә­дуа­қасқызы жинаған еңбек­тер­­дің мән-мағынасы мен мәтін­дік ерекшеліктері талданды. Мұны дінтану кафедрасының доценті Кеңшілік Тиышхан мен Жастар департаментінің директоры, мәдениеттанушы Жамбыл Тілепов жүргізді. Шеберлік сыныбы қоры­тындысына сәйкес білім алушы­лар «Өмі­рімнен ескерт­кіш» мұра-кітабы туралы эссе жазбақ.

Жалпы, тағылымды іс-шара­ның мазмұны аға буынға да, жас­тарға да ұнады.

 

Мұратбек ДӘРІБАЙ,

дінтанушы