Қоғам • 28 Наурыз, 2024

«Әйелім базарда» – түрік тілінде

94 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Алматыдағы Ұлттық кітапханада белгілі са­ти­­рик-жазушы, Жазушылар одағы Сатира ке­ңе­сінің төрағасы Ермахан Шайхыұлының «Сати­ра сар­қыты», түрік тілінде жарық көр­ген «Әйелім ба­зарда», балаларға арналған «Меди­на мәзірі» ат­т­ы үш кітабы көпшілікке таныстырылды.

«Әйелім базарда» – түрік тілінде

Тұсаукесер тізгінін қолға ал­ған филология ғылымдарының док­­торы, профессор Қансейіт Әбде­з­­ұлы жазушының шығар­ма­шы­лығына шолу жасап, қалам­герлік ерекшелігіне тоқ­тал­ды. Айт­­қыштығымен аты ауыз­ға ілі­гіп, «мағынасы майыс­қан мақал­­да­ры­мен» танылып, сати­ра­ның мысал, эпиграмма, фельетон сияқ­­ты түрлі жанрын шымшы­ма тілі­­мен шырайын келтірген қа­лам­­­гердің сатираға әкелген жаңа­лық­тары мен артықшылығын атап өтті.

Ермахан Шайхыұлының қолы­нан қаламы түспей, сатираның жалына қол артып, қызмет етіп келе жатқанына отыз жылдың жүзі болды. Үнемі ізденіс үстінде жүретін сатириктің «Біртүрлі кітап», «Сандалған сауал», «Жұрт айтады», «Мынауың жынды екен», «Шылдыр шүмек» кітаптарын оқырман қауым жылы қабылдады. Тұлпарды тай күнінен таныған белгілі сатирик Ғаббас Қабыш «Ермахан – әзілге жомарт, сықаққа сараңдау. Ол Оспанхан Әубәкіров, Көпен Әмірбек, Сейіт Кенжахметов, Мұхтар Шерімнің ендігі мен бойлығындағы жайдары жігіт» деп бағалағанын модератор тілге тиек етті.

Автор «Қайтыс болған сатира сарбаздарының рухына арнаймын» деп ұсынып отырған «Сатира сарқыты» кітабында өмірден бірі ерте, бірі кеш өткен тұлғалардың замана туралы толғаған ақжарма әңгімесі жүйеленген. Республикалық бірнеше басылымда сын-сықақ бетін жүргізген Е.Шайхыұлы алдыңғы буын қаламгерлер салған өрнекті өз үлгісінде жаңғыра түсті. Қаламгер жаңа кітабында әдебиетте үлгі, өзіне ұстаз болған ағаларының аяулы есімін жаңғырта отырып, сатира сардарларының еңбегін ел есіне салады. Сатира жанрының негізін қалаған С.Адамбеков, О.Әубәкіров, Б.Қыдырбекұлы, Ү.Уайдин, С.Әбдірайымұлы, Қ.Сұл­танбаев, Т.Кенеев, Л.Есенов, А.Най­мантаев, тағы басқа әдебиет және өнер саңлақтарының шығар­ма­шылығымен таныстырады.

«Сатира сарқыты» атты кітабы – сатириктің шығармашылық үл­кен белесі. Сатирик қалам­гер­­лер­дің үлкен-кішісі бар, кеше­гі өткен алыптары мен арда­ге­рі бар, өз мектебін, шеберлік шеберханаларын жасап кет­кен­дері бар, барлығын түгел сара­лап, таразылайтын осынау еңбек­ті сатирик-жазушы Ермахан Шай­хы­ұлының бүгінгі белестегі бас кітабы деп бағалаймын», деді профессор Қансейіт Әбдезұлы.

Кітап 11 тараудан тұрады. «Қазір­гі қазақ сатирасы», «Сатира саң­лақтары», «Сатира сардарлары­мен сұхбат», «Әріптестер әзілі», «Әзіл­кештер әзілі» атты жеке-дара жүк көтерген атауының өзі кітап­тың ақпараттық, таным­дық һәм ғылыми маңызын аңғар­тып тұр­ғандай.

Кітапханадағы тұсаукесер іс-шарасында Е.Шайхыұлы «Әйелім – базарда» кітабын түрік тіліне тәржімалаған белгілі жазушы-аудармашы Мәлік Отарбаев пен түрік тілінде жарық көруіне мұрын­дық болған Еуразия Жазу­шылар одағының төрағасы Якуб Өмір­оғлыға алғысын білдірді. Ал барша балаға базарлық ретінде ұсынылып отыр­ған үшін­ші кітап – «Медина мәзірі» жа­ңылт­паштардан тұра­ды. Бел­гілі бала­лар ақыны Дүйсен Мағ­лұмов бұл кітапқа енген жаңылт­паш­тардың негізінен балалар басы­лы­мында жарық көр­генін айтты. Ай­туынша, жаңылт­паш­тар­дың тілі жеңіл, тез жатталады. Бұл жи­нақ – балалардың есте сақтау қа­білетін дамытып, тілін ұс­тар­туға таптырмайтын құрал. Сон­дай-ақ әдеби жиынға туған жер­дің сәлемін арнайы ала келген Тұр­­сынхан Құрманбеков қалың түр­­кістандықтың атынан құрмет көр­­сетіп, қаламгердің мерейін тасытты.

Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасарлары, ақындар Қасымхан Бегманов мен Бауыржан Жақып, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ про­фес­сорлары Кәкен Қамзин мен Айгүл Рамазан, М.Әуезов атын­дағы Әдебиет институтының бас ғы­лыми қызметкері, әдебиет­та­­нушы-ғалым Нұрдәулет Ақыш, сондай-ақ белгілі қалам­гер­­лер Жұмаш Кенебай, Болат Ша­ра­хымбай, Тілеуқабыл Мың­жасар, Гүл­зейнеп Сәдірқызы өз құт­тық­тауларында сатирик-жазу­шы­ның шығармашылық еңбе­гіне тоқталып, оның әдебиет пен журналистік кәсіпке деген адал­ды­ғын, ұлтжанды қасиетін кісілік тұрпатымен байланыстыра әсерлі естеліктер тізбегін тарқатты.

 

АЛМАТЫ