Шиырланған шырғалаң ішінен өтірік пен қатыгездікті суырып алып, ізгілік пен шындықты таза күйінде көрсететін спектакльдерді сахналау барлық театрдың міндеті мен мұраты десек те, соңғы уақытта жаңашыл өткір мінезімен әр спектаклін аншлагқа айналдыруға қол жеткізген Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрындағы шығармашылық өрістеу сипатын байқамау мүмкін емес. Бұл әсіресе алматылықтар үшін аптаға жуық жаңа қойылымдар шеруін ұйымдастырған «Алтын сақа – 2024» фестивалінен анық көрініс тапты.
Ізденісінен жаңылмай, айтулы бәйгелерде көш басынан көрініп келе жатқан бағыты айқын Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театры өткізетін бұл байқау 2016 жылдан бастау алып, алғашында тек балаларға арналған қойылымдары өзара бақ сынаған еді. Театрдың 70-тен аса әртістері арасында соңғы бір жыл аясы арасында сахналанған спектакльдер сарапқа салынып, арнайы аталымдар бойынша жүйріктер анықталып, ақшалай және арнайы дипломдармен марапаттайтын бұл игі бастама театрдың төл мерекесі қарсаңында әртістердің асыға күтетін мәрелі мейрамына айналған. Уақытпен бірге фестиваль маңызының артып, кең көлемдегі байқауға ұласа бастағаны тағдырын өнерге айналдырған актерлердің жауапкершілігін де арттыра түскендей. Бұрнағы жылдары фестивальға тек балаларға арналған қойылымдар қатысса, 2017 жылы ұйымдастырылған фестивальда кешкі қойылымдар да бақ сынап, шараның ауқымы кеңейе түсті. Нағыз өнер мерекесіне айналған фестивальдың актер өнерін бағалайтын аталымдары да жыл өткен сайын артып келеді. Өнер ошағындағы әртістердің шығармашылық шабыттарын шыңдау, бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында ұйымдастырылатын фестиваль жемісін молынан берді. Алғашқы жылдары жүлдеге ілінбеген әртістердің уақыт өте келе жеңіс тұғырынан көрінуге талпынысы байқала бастады. Ал топ жарып, жеңімпаз атанғандардың сахнаға серпін берер жаңа кейіпкер бейнелеудегі ізденісі жаңа өрісті шарлап-аралауына ауысты.
Халықаралық театр күніне орай өткізілетін фестивальдың Ұлыстың ұлы күнімен де тұспа-тұс келуі де театрға жаңа тыныс, мерекелік көңіл күй және өзшеге леп сыйлады. Биылғы фестивальда театрдың кең дәлізінде ұлттық әшекей бұйымдардың көрмесі ұйымдастырылып, кешкі спектакль алдында көрермендерге арнайы Наурызкөже дайындалып, ауызашар берілді. Алтыншы мәрте аталып өткен «Altyn saqa – 2024» фестивалінде 2023-2024 жылы көрермен қауымға жол тартқан қойылымдар сахнада сайысқа түсті.
Наурыз айының 23-27 жұлдызында өткізілген фестивальға жалпы көрерменге ғана емес, кішкентай көрермендерге арналған «Кішкентай ханзаданың оралуы» (авт.:А.Сент-Экзюпери, реж.:Д.Курочкин) және «Түкбілмес» (авт.:Н.Носов, реж.: Д.Курочкин) қойылымдары да қатысты. Сонымен қатар таяуда ғана тұсауы кесілсе де, көрерменнің көзайымына айналып үлгерген «Әпке» (авт.:Д.Исабеков, реж.:М.Хабибуллин), «Бернарда Альбаның үйі» (авт.:Ф.Г.Лорка, реж.:Д.Жұмабаева), «Тойы көп үй» (авт.:Б.Мұқай, реж.: М.Ахманов), «Оптимистік трагедия» (авт.:В.Вишневский, реж.:С.Левицкий), «Мұқағали. Муза...» (авт.:М.Мақатаев, реж.: Ф.Молдағали) қойылымдары фестиваль аясында сахналанды. «Ғ.Мүсірепов атындағы балалар мен жасөспірімдер театры өз жүріп өткен жолын, тарихын, ардагер сахнагерлерін ұмытпай, фестиваль аталымдарына мерейтойлық жыл толған саңлақтар атында табыстауды басты назарда ұстап, есімдерін ел жадында мәңгі қалдыру мақсатына басымдық танытып келеді. Осы жылы мерейтойы аталып өтетін театр өнеріндегі ірі тұлғалар мен сахна марғасқалары атындағы сыйлықтың тағайындалуы – «Altyn saqa – 2024» фестивалінің басты жаңалығы болып отыр» дейді театрдың директоры Талғат Есенәлиев.
Театр өнері мереке, іс-шара байқаулардан кенде емес. Саф өнердің сымбатына сай ұйымдастырылатын додалар мен бәйгелер де тақырыптық мазмұнымен дараланып, кезеңіне сай жаңаша үлгіде өтеді. Өнер адамдарының құрмет пен қошаметті ұнататыны, бұл сезімнің оларға жігер мен сенім сыйлайтынын да жасыруға болмайды. Осы іспетті байқауларда өнер өкілінің бауыры жазылып шабатын хас тұлпардай шабыты ашылып, тынысы кеңейе түседі. 78-маусымын аяқтағалы отырған театрдағы төрт күнге созылған «Алтын сақа» фестивалінің жабылу салтанатындағы марапаттау сәті осы себептен актерлердің көңілін қобалжытты да, шын толқытты.
«Altyn saqa – 2024» театрішілік фестивалінде өнертану кандидаты, Қазақстан Театр сыншылары бірлестігінің мүшесі Сәния Қабдиева төрағалық жасаған қазылар алқасы: Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Данагүл Темірсұлтанова, театртанушы, «Өнертану» магистрі Бейбіт Әлкеева спектакльдерді сарапқа салып, актерлер өнеріне баға берді. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның «Қазақ театрына қосқан көпжылдық үлесі үшін» Алғысхаты Камалия Байтілеуоваға, Дархан Сүлейменовке, Жомарт Зейнәбілге, Руслан Әбуге, Сафуан Рысбайұлына, Қазақстан Театр қайраткерлері одағының «Дара» төсбелгісі Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Гүлжамал Қазақбаеваға табысталды. Театрдың БАҚ бөлімі арнайы ұйымдастырған «Ұлттық сезім» байқауына қатысып, репертуардағы барлық спектакльдерде ұлттық киім үлгісімен көзге түскен ерекше көрермен – Кенжегүл Шауалиева «Altyn saqa – 2024» дипломы мен сыйлығын жеңіп алды. Бұл – эксклюзив сыйлық. Сыйлықты табыстаған театрдың көркемдік жетекшісі Фархад Молдағалидің айтуынша, алдағы уақытта театр маркетингін жетілдіру мақсатында көрермендер сұранысына ие үздік спектакльдер атауы жазылған футболка, сөмке сияқты бұйымдар «Мүсірепов бренд» тауар белгісімен ұсыныла бастайды. Ал келесі «Үміт» жүлдесін және «Балалар қойылымындағы үздік бейне» аталымын «Кішкентай ханзаданың оралуы» спектакліндегі Ханзада рөлімен Айнұржан Орынбасар мен Ұшқын рөлі үшін Нариман Егімбеков иеленді. «Бернарда Альбаның үйі» спектакліндегі Бернарданың анасы, «Йерма» спектакліндегі Кемпір рөлдері үшін Күлжәмила Белжановаға, «Бернарда Альбаның үйі» спектакліндегі Понсия рөлі үшін Тынышкүл Сұлтанбердиеваға, «Тойы көп үй» спектакліндегі Гүлшара рөлі үшін Хазима Нұғмановаға «Театр өнеріне қосқан үлесі үшін» жүлдесі табысталды. Өмірден өткен сахна сайыпқырандарының есімін ұлықтау мақсатында тағайындалған Сағат Жылгелдиев атындағы арнайы жүлде Қуаныш Тұрдалинге, Сейітхан Есенқұлов атындағы арнайы жүлде Сафуан Рысбайұлына, Жанат Хаджиев атындағы арнайы жүлде Елдар Отарбаевқа, Әмина Өмірзақова атындағы арнайы жүлде Гүлжамал Қазақбаеваға бұйырды. «Екінші пландағы ер адам бейнесін» – «Оптимистік трагедия» спектакліндегі Вайнонен рөлі үшін Мерей Әджібеков, «Екінші пландағы әйел адам бейнесін» – «Бернарда Альбаның үйі» спектакліндегі Амелия, «Йерма» спектакліндегі Мария рөлдері үшін Динара Шымырбаева, Қасым Жәкібаев атындағы «Үздік ер адам бейнесін» – «Оптимистік трагедия» спектакліндегі Сырылдақ рөлі үшін Мақсат Сәбитов, Раиса Мұхамедиярова атындағы «Үздік әйел адам бейнесін» – «Йерма» спектакліндегі Йерма, «Бернарда Альбаның үйі» спектакліндегі Ангустиас рөлдері үшін Ақбота Рахат жеңіп алды.
Мөлдір өнердің мәуе жаюына тамшыдай үлесін қосып келе жатқан әрбір қызметкердің еңбегін елеусіз қалдырмай, жеңіс тұғырына жетелеп, биіктен көрінуіне серпін беру театр өнерінің дамуына септігін тигізері сөзсіз. Әр кезеңнің өнерге, актерге қоятын өз талабы бар. Басқаны былай қойғанда, бір Абайдың өзіне әр буын өзінше үн қатып жатады. Өз жаңалығын әкеледі. Кез келген театрдың бет-бедерін айшықтайтын – орта буын. «Сен тұр, мен атайын» деген, негізінен, отыздан жоғары жастағы талантты буын шоғырланған жастар театрында бәсекеге лайықты шығармашылық ортаның қалыптасқанын, олардың өз үнін айшықтау үшін жанкешті жұмыс істейтіні қай театрға да үлгі. Бұл – өнерге жанашырлық пен жауапкершіліктің жемісі.
АЛМАТЫ