Қоғам • 28 Наурыз, 2024

Мұқтаж жандарға азық-түлік үлестірді

142 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Шымкенттің орталық мешіті Ақмешітте әлеуметтік тұрмысы төмен жандарға азын-аулақ азық-түлік таратылды. Рамазан қоржыны деп аталатын азық-түлік тізімінің ішінде ұн, пісте май, макарон, күріш басқа да өнімдер бар. Орталық мешітте әлеуметтік көмек 100 отбасыға көрсетілсе, шаһардың өзге де құлшылық орындарында дәл осындай қайырымдылық іс-шаралары ұйымдастырылды. Бұл күні жалпы саны 800 отбасыға күнделікті тұтынатын азық-түлік тауарлары таратылды.

Мұқтаж жандарға азық-түлік үлестірді

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Шымкент қаласы өкілдігінде мұндай ізгі амал – жыл сайын әрбір Ораза айында болып тұратын қайырымды іс-шара. Мегаполистің бас имамы Бағдәулет Әбдірахмановтың айтуынша, діни басқарма жағ­­дайы төмен азаматтарға, көп­балалы отбасыларға, мүге­дек­тігі бар жандарға қолдан келгенше көмектесіп келеді.

«Көмекке мұқтаж кісі­лер­ден сұранарымыз, азық-түлік қоржынын құр алып қой­май, пітір садақасын берген қа­йы­рымды жандарға да дұға-тілектерін арнап қойса екен. Исламда әрдайым алаған қолдан береген қол жоғары тұрады. Бұл жөнінде ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед ғалейһи салам да өз хадисінде айтып өткен. Осы орайда біз де осы жерге алақан жайып келген адамдардың ұрпағынан келешекте садақа алушы емес, беруші жандардың шығуын нәсіп етуін Алладан шын жүректен сұраймыз», деді Б.Әбдірахманов.

Бізге берген сұхбатында имам зекет малын шығаруға шамасы келетін әрбір адам пітір садақасын беруге міндетті екенін жеткізді. Ал шамасы келмейтін жандардың пітір садақасы ша­риғат тұрғысынан сүннет амал боп саналады. Яғни пітір үлестіріп қайырымдылық жасаса, сауап алады, болмаса оған ешқандай күнә жазылмайды. Рамазан айында ең бірінші қажет болған жақсы амал – осы пітір садақасы. Мүмкін болғанша әр адам өзінің жағдайы төмен туысқанына, көрші-қолаң, жа­қын араласатын жандарына кө­мек қолын созып, сыйлық ұсынғаны абзал.

Имамның айтуынша, бүгінгі таңда пітір садақасының құны екі кило бидайдың бағасына тең. Дегенмен асыл шариғатымызда оны азық-түлік түрінде де тара­ту­ға болады. Ол азыққа арпа, бидай, құрма, мейіз кіреді. Отба­сы­дағы әрбір адамның атынан осы дақылдардың шамамен 3 килодай мөлшерінде жан садақасы, яғни пітір садақасы берілуі тиіс. Сондықтан садақаны ақшалай ғана емес, азық-түлік есебінде де берсе, сауабы еш өзгермейді.

Сонымен бірге зекет малы да қасиетті Ораза айында таратылса, сауабы молырақ болады. Ал жалпы мұсылманшылықтағы бес парыздың біріне кіретін бұл садақа жыл он екі ай үлес­тіріледі. Балиғат жасына жеткен, ақыл-есі бүтін, дүние-мүлкі нисап мөлшеріне сай, яғни 85 грамм алтынға тең қаражаты, ақшалай есептегенде шамамен 1,4 млн теңгесі болса, міне осындай азаматтарға зекет малын шығару парыз болады. Айтқандай, бұл мөлшердегі қара­жат мұсылман жанның ие­лігінде, айналымында бір жыл бойы жүруі керек. Өйткені имам мәлімдегендей, бүгінгі таңда көпшілік азаматтың депозитінде үй алуға салымдары бар. Егер олардың басында ешқандай бас­пана болмаса, зекет беру парыз болмайды, керісінше қосымша үй алуға әрекет жасаған болса, зекет малын ондай кісілерге міндет боп жүктеледі. Сондай-ақ Исламда төрт түлік малдың да зекеті бар. Қырық қойдан бір қой, 27 сиырдан бір тана зекет малына кіреді.

 

ШЫМКЕНТ