Өнер • 31 Наурыз, 2024

Классикалық картина

196 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Өскемендегі Өнер музейінде әйгілі суретші Әбілхан Қастеевтің жал­ғыз ғана түпнұсқа картинасы сақталған. Ол – 1969 жылы жазыл­ған «Есік көлі» деп аталатын туындысы.

Классикалық картина

Акварель бояуымен ақ қағазға бей­неленген бұл суреттің көлемі ша­ғын ғана. Өлшемі 60х60. Соған қарағанда қазақтың қабырғалы қылқалам шебері Әбілхан Қастеев бұл картинасын тамылжыған табиғат аясында, Есік көлінің жағасында салса керек. Айнадай көлдің өзі – Тянь-Шань тау сілемдерінің арасында жатқан ең әдемі көлдердің бірі.

Сұрғылт жақтауға салынып, беті әйнекпен жабылған картинаға көз салсаңыз, Есіктің сұлулығы өзіне ессіз баурап әкетеді. Аспанды күңгірт бұлт басып тұрғанымен, мезгілдің қай уақыт екеніне дейін сездіре отырып, сезіммен, жүрекпен жазғандай. Ақбас шыңның иығынан бозарып, күн көтерілген. Таң шуағы жағадағы бұталы орманның басын шала түсіп, бояуына бояу қосқандай әсерде. Аппақ таңдағы алтын уақыт жақпар тастардың қырына дейін айшықтап тұр. Осыны дөп басып, қағазға түсіріп алған суретшінің табиғатқа деген шынайы сезімі аңғарылады.

Бейнелеу өнеріндегі перспектива, ортаңғы план, бергі план деген секілді академиялық ережелерінің бәрі-бәрі сақталған. Бергі планға қоңыр тасты шығарса, екінші планға бояуы ойнақы тоғайды жазған. Арғы пландағы адырлар алыстаған сайын мұнарта берген. Тіпті ала бұлтты аспанға дейін жан бітіргендей. Қарап отырсаңыз, композициясына дейін өте сауат­ты үйлестірілген. Картинаның колориті де ерекше. Табиғаттағы барлық түсті таңдай отырып, қағаз бетіне асқан шеберлікпен түсірген. Сонымен қатар реңдік перспективаны да талғаммен пайдаланғанын байқауға болады. Бояуды палитрада араластыра таңдай отырып, табиғаттағы кеңістікті қағаз бетінде шынайы етіп көрсеткен. Мәселен, бергі пландағы тас пен ағаштың, көлдің бояуы неғұрлым қою, қанық болса, алыстаған сайын сұрлана берген. Картинада суық және жылы түстердің үйлесім тапқаны өзіне баурап тұрады. Көл мен ағаш бұтағындағы жапырақтардың фактурасы да кәсіби деңгейде орындалған. Қайық үстіндегі топ адамдарды бейнелегенімен, ит тұмсығы өтпес қалың жынысты жазғанымен, баттастырмаған. Әр түскен бояу өз орнында. Әмбесінде, бергі пландағы бояу арғы планда екінші қайтара қайталанбайды. Кепешті тау­лар мен жасыл шырша, тоғай бейнесі көлге шағылысып тұрса дағы, бояулары екі түрлі. Бір бояуды бір-біріне мінгестіре бермеген.

Музейдің ортаңғы залына енген көрерменнің назары көп картинаның арасында бірден Есік көлінің сұлулығына ауып тұратыны анық. Ал көл маңайындағы тау-тас, орман-тоғай көзді көлге бұруға көмектесіп тұрған сияқты. Үзіліп ұзақ қарасаңыз, мөлдіреген мінсіз классикалық картина екеніне көзіңіз анық жетеді. Акварельмен мұншалықты мұнтаздай етіп, шынайы беру, нағыз шебердің қолынан ғана келер еді. Ұқыппен, мөлшерімен ғана мөлдірете жазылған құнды картина көпшіліктің назарын әлі талай өзіне аударады.

Есік көлінің суреті бейнелеу өнеріндегі заңдылықтар ескеріле отырып жазылған туын­ды болғанымен, Әбілхан Қастеев – қала академиясын емес, дала академиясын тәмамдаған шебер. Кейбір деректерге сүйеніп, орыс суретшісі Н.Хлудов ұстазы болған дейміз. Орыс суретшісінен тәлім алған, бағыт-бағдар алған дейміз. Алайда Николай Хлудов суреттің әліппесін үйретпеген. Әліппесі деп отырғанымыз – жоғарыдай айтылған композициясы мен суреттің ең негізгі ережелері. Ол туралы Әбілхан Қастеев өзі де «өнерді таудың бұлағынан, қойдың құлағынан, апамның киізінен, қошқардың мүйізінен үйрендім», деп кеткен. Өзі айтқандай, табиғатпен тілдескен, үндескен тума талант.