Қауылжыр өзені Шалқар көлін толтырып, теміржол бойындағы Ұлпан, 67-разъездегі үйлерге кірді. Темір ауданының Шұбарқұдық, Саркөл, Шұбарши, Еңбек, Құмсай ауылдарына, Мұғалжар ауданының Ембі, Бірлік, Жағабұлақ ауылдарына су кіріп, тасжолдарды шайып, көпірлерді бұзды, электр бағаналарын құлатты. Қобда ауылына, Ойылдың төрт ауылына кірді. ТЖД мен полицияның құтқару жасақтары тұрғындарды Ойыл ауданының орталығындағы мектеп пен колледж ғимаратына эвакуациялады. Ойыл ауданының Екпеталы мен Қаратал ауылдары су астында қалды. Үй-жайы мен малын тастап кете алмаған көпшілік адам бойымен бірдей көтерілген судан қашып, бір түн мектептің шатырына шығып, көмек күтті. Т.Бигелдинов атындағы әскери әуе күштері институтының ұшқыштары Қаратал ауылының – 27, Көгалы ауылының 68 тұрғынын эвакуациялады. Ойылмен арада көлік байланысы үзілді. Ырғыз өзенінің суы Қарабұтақ, Қарасай ауылдарының үйлеріне кірді. Әйтеке би ауданында былтыр салынған Щербаков бөгетін тасқын бұзып, Темірбек Жүргенов ауылына су кірді. Ырғыз ауданы Құрылыс ауылы маңында, Самара-Шымкент тасжолының бойындағы көпірді ағызып кетті. Үлкен Сазды өзенімен жалғасқан кіші Саздының үйдей-үйдей сеңдері Ақтөбе қаласының ортасына дейін барып, әзер тоқтады. Ор өзені Хромтау ауданындағы Қопа және Тамды ауылдарының арасындағы жолды талқандады.
28 наурызда Ақтөбе қаласы мен Қобда, Мұғалжар, Темір аудандарында төтенше жағдай жарияланды. Сол күні алты ауданда электр жарығы сөніп, 200-ге жуық үй су астында қалды, 2 870 адам эвакуацияланды. Елек өзенінен Ақтөбе қоймасына бір тәулікте 150 млн текше метр су құйылып, плотинаның жарылу қаупі төнген соң секундына 1 мың текше метрден су жіберіле бастады. Жайылған су Елек өзені жағалауы мен Қарғалы өзенінің Кірпішті көпіріне жақын жердегі тұрғын үй алаптарына жетті. Құтқарушылар мен полиция жасағы осы жердің тұрғындарын шұғыл түрде эвакуациялады. Облыс орталығындағы 53 мектеп уақытша эвакуациялау орталығына айналды. Ақтөбеге Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр келіп, жағдайды өз көзімен көрді. Қазір Ақтөбе қаласында – 32, Ойыл ауданында – 17, Темір ауданында – 5, Қобда ауданында – 6, Хромтау ауданында – 1, Ырғыз ауданында 1 мектепті 3 108 адам паналап жүр, олардың 1 518-і – балалар. Осы мектептердің оқушылары 5 сәуірге дейін қашықтан оқиды.
Күтпеген жерден тасқын судың астында қалған ақтөбеліктер ұйымшылдықпен әрекет етті. Облыс әкімі Асхат Шахаров пен қала әкімі Азамат Бекет су тасыған мезеттен бастап, тұрғындардың жанынан табылды. Жергілікті атқарушы органдар, төтенше жағдай, полиция қызметкерлері, волонтерлер, депутаттар, қарапайым тұрғындар, кәсіпкерлер зардап шеккендерге көмек қолын созды. Қара суды белден кешіп, саяжайда қалып қойған адамдарды, жан-жануарды алып шыққан құтқарушылардың еңбегі зор. Бұл күндері су басқан жерлерден тұрғындарды көшіруге 1,5 мың адам, 320-дан аса техника мен 70 мотопомпа жұмылдырылды. Көңілге медеу болатыны – адамдар аман. Өкініштісі, көптеген үй тұруға жарамсыз болып қалды, мал шығыны көп, жолдар, электр бағаналары, газ желілері бұзылды.
Ақтөбе облысы