Пікір • 01 Сәуір, 2024

Қайта өрлейтін кез

117 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Бүгінде бұқаралық коммуникация құралдарында жиі көтерілетін тақы­рыптың бірі – мем­ле­кет­тік тіліміздің жай-күйі. Қоғамды тол­ған­ды­ратын осы мәсе­ле­ге Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құ­рыл­тайдың отырыс­тарында ұдайы назар ауда­рып, өз пайымын ашық айтып келеді.

Қайта өрлейтін кез

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Ұлттық құрылтайдың бұрнағы жылы Ұлытауда өткен алғашқы алқалы жиы­нында Мемлекет басшысы: «Қазақ тіліне қатысты алаңдаушылық елдегі жағдайды дұрыс түсінбегеннен туындап отыр. Шын мәнінде, бұрынғы ахуал мен қазіргі кезеңді мүлде салыстыруға келмейді. Мемлекеттік тілдің тұғыры күн өткен сайын нығайып келеді. Қазақ мемлекеті аман тұрғанда, қазақ тілі жасай береді. Бұған ешқандай күмән болмауы керек. Біздің елде ұлтына, тіліне бола ешбір азаматтың құқы шектелмеуге тиіс. Әйтпесе, қоғамда жанжал тууы мүмкін. Ел ішіне іріткі түскенін қалайтындар осыны тілеп отыр. Сондықтан тіл мәселесі бо­йынша бәріміз ұстамдылық танытуы­мыз керек деп ойлаймын», деген болатын. Ал Ұлттық құрылтайдың былтыр Түркістанда өткен екінші отырысында: «Мемлекеттік тілдің жағ­дайын айтып, шу көтеретін кейбір адамдар бұл мәселені саяси құрал ретінде пайдаланады. Халық арасында дау шығарғысы келеді. Ақырында осындай келеңсіз, ойсыз әрекеттер мемлекетіміздің қауіпсіздігіне зиян келтіреді. Мұны ашық айту керек. Себебі тіл – біздің геосаяси кеңістікте «саяси себеп, саяси сылтауға» айналуда. Ал нақты қазіргі ахуалға қа­райтын болсақ, тілдің жағдайы бұрын­ғыдан әлдеқайда жақсы. Мәселе тілге келгенде дау-дамай, даңғаза жасамай, тілімізді дамыта түсу үшін нақты іс-әрекетке көшуіміз керек», деген еді. Ұлттық құрылтайдың биыл Аты­рау­да болған үшінші отырысында Президент: «Тіліміздің қолдану аясын кеңейте түсу мемлекеттік саясаттың басты бағыты болып қала береді. Бұл – біз үшін мызғымас ұстаным. Елімізде қазақ тіліне деген сұраныс жыл өткен са­йын артып келеді. Қазақ тілі бизнестің, ғылым мен техниканың тіліне айнала бастады. Бұл үрдісті одан әрі дамытудың ең тиімді әрі төте жолы – ағартушылық. Қазір ірі кітап дүкендерінде қазақ тіліндегі туындылардың үлесі арта түсті. Ке­йінгі кезде баспагерлердің жаңа буы­ны әлемдік бестселлерге айналған шығармаларды аударып жүр. Көптеген кітапты шығарып жатыр. Аударылған кітаптардың ішінде көркем әдебиет қана емес, іскер­лік бағыттағы туынды да көп. Мем­ле­кеттік саясаттың мәні – осында. Еш­кімді мәжбүрлемей, күнделікті өмірдегі қажеттілікті арттыру арқылы тіліміздің тұғырын нығайта береміз. Мемлекеттік тілге қатысты құр сөзден ештеңе шықпайды. Ең бастысы, нақты іс болуы керек», деді. Бұл – кешегі кеңес заманын да, бүгінгі тәуелсіздік кезеңін де бастан өткерген біз, аға ұрпақ өкілдері үшін өте түсінікті әрі қазіргі алмағайып уақыттың сын-қатерлерін ескере ай­тылған пайым.

Шынында да, қазақ тілінің бұрынғы жағдайын бүгінгімен салыстырсақ, сең сөгілгендей серпіліс болғанын аңға­ра­мыз. Тіпті кеңес өкіметі тұсында ұлт­сыздандыру саясаты ерекше екпін­мен жүргізілген қазағы аз Солтүстік Қазақстан облысында (СҚО) да мем­ле­кеттік тілімізге деген көзқарас өзге­ріп, көңілге үміт ұялататын бет­бұрыс жасалды. Мәселен, 1990 жылы облыс орталығы – Петропавл қаласында Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы СҚО филиалының белсенділері жергілікті орыс мектептерінің жанынан алғаш рет қазақ сыныптарын ашу жөнінде бастама көтерген еді. Олар сол жылы мектеп табалдырығын аттайтын балалары бар 80 қазақ отбасын тізімге алып, үй жағалап үгіт жүргізген. Сонда 20 шақты ата-ана: «Орысша оқымаған адам ертең нан таба алмай, далада қалады. Біз баламызды орыс мектебіне береміз», деп бір-ақ қайырып, есіктерін тарс жапқан. Ал ұлтжанды азаматтардың жанайқайы саналарына ептеп сәуле түсірген 60 шақты ата-ана қарадомалақтарын қазақ сыныбына беруге уәде еткен. Бірақ көпшілігі сөздерінде тұрмай, ақыры күзде 20 мыңдай қазағы бар шаһардан ана тілінде білім алуға шын ықылас білдірген небәрі 15-ақ отбасы табылған. Сөйтіп, қаладағы №3 орыс мектебінің жанынан 15 қазақ баласының басын қос­қан алғашқы қазақ сыныбы ашыл­ған еді.

Петропавлда кеңес заманында қазақ тілінде оқытатын жалғыз облыстық мектеп-интернат қана болса, тәуелсіздік жылдарында ана тілімізде орта білім беретін ұйымдардың жалпы саны сегізге жетті. Тіл жанашырларының жұртшылық арасында белсенді түсін­діру жұмысын жүргізуінің және жер­гілікті билік органдарынан табан­дылықпен талап етуінің нәти­жесінде өткен отыз жылдан астам уақыт ішінде Қызылжар өңірінде жаңадан 29 қазақ мектебі салынды. Қазіргі кезде СҚО-дағы 461 мектептің 112-сі – қазақ тілінде, 92-сі – аралас, яғни қазақ және орыс тілдерінде білім береді.

Әйтсе де еліміздің теріскей өңір­ле­рін­де балаларын ана тіліндегі мектепке бермей, орысша оқытуды жөн көретін ұлты қазақ ата-аналардың қатары әлі де қалың. Мысалы, СҚО-да өткен оқу жылында ұлты қазақ 31 534 баланың 18 650-і, яғни 59,1 пайызы ғана ана тілінде білім алған. Осы орайда тіл жана­шырлары бертінде басшылығы ауыстырылған Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамына үлкен үміт артып отыр. Себебі аталған қоғамдық бірлестіктің президенті Рауан Кенжеханұлының «Qazaq tili» эндаумент қорын құру тура­лы ұсынысын Мемлекет басшысы қолдап, оған өз қаражаты есебінен 7 млн теңге жеке жарнасын аударғаны және осы жақсы бастаманы іліп әкет­кен отандық кәсіпкерлер қазірдің өзінде 500 млн теңгедей қаржы бөл­гендігі мәлім. Бұл – шынын айтсақ, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының бұрынғы басшыларының үш ұйықтаса түсіне кірмегендей қомақты қаражат. Іс тетігін таба білген жаңа басшылар енді ана тіліміздің өрісін кеңейтуді мақсат еткен ірі ұйымның жұмысына тың серпін беруге тиіс.

Осы орайда Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы өзінің өңірлік филиал­да­рының жұмысын да жаңаша ұйым­дас­­тыруға жете мән берсе, құба-құп. Әсіресе мемлекеттік тіліміздің қол­даныс аясы мәз емес теріскей облыс­тар­ға баса көңіл аудару қажеттігі айдан анық. Бұл ретте қоғамның СҚО филиа­лының кейінгі жылдардағы ізде­­ністі істері жан-жақты қолдауға және өзге теріскей өңірлерге үлгі етуге лайық. Мәселен, заңды жолын та­уып, жергілікті бюджеттен мемле­кет­тік тап­сырыс алған аталған филиал бел­сенділері осы оқу жылында Пет­ро­павлдағы орыс тілінде білім бере­тін 3 инновациялық мектепте қазақ тілінде оқытатын бірінші сыныптардың ашылуына ұйытқы болды. Оларға оқушы жинау үшін ата-аналармен бірқатар кездесу өткізіп, үгіт-насихат жүргізді.

«Орыстілді ата-аналар: «Балала­ры­мыз­д­ы қазақ сыныбына берейік десек, өзіміз тіл білмейміз. Оларға үй тапсырмасын орындауға қалай көмектесеміз?» деген қарсы уәж айтты», дейді Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы СҚО филиалының төрағасы Жанат Мұхамеджанов. Осы ретте тіл жанашырларына СҚО Білім бас­қар­масының басшылары көмекке келіп, аталған 3 инновациялық мектепке қазақ балаларын тестілеусіз қабылдатқанын және олар үшін тегін негізде ұзартылған күн топтарын ұйым­дастырғанын атап айтқан жөн. Бұл ана тілін білмейтін ата-аналардың бала­ларын қазақша оқытуы үшін жасал­ған бірден-бір ұтымды қадам болды.

Жалпы, тәуелсіздік кезеңінде Қызылжар өңірінде мемлекеттік тілі­міз­дің мәртебесін арттырған талай қызғы­лықты бастама іске асырылды. 2004-2007 жылдары өңірдегі барлық балабақшада қазақ тілі мен орыс тілі қатар үйретілді. Мектептерде қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беретін 700-ден астам үздік мұғалім ай сайын өз жалақыларына жергілікті бюджет есебінен 50 пайыздық үстемеақы алып отырды. Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті жанынан Тіл және әдебиет институты ашылып, оның қазақ бөліміне оқуға түскен орыстілді 17 студентке облыс әкімінің арнаулы гранты берілді. Алайда өңірлерде бұрынғы әкімнің атқарған ісін жаңа әкім бекерге шығаратын жаңа «дәстүр» пайда болғандықтан, аталған бастамалар кейін аяқсыз қалдырылды.

Халықаралық «Қазақ тілі» қоға­мы­ның мүшелері 90-жылдары ерекше бел­сенділік танытқаны, әсіресе елі­міз­дің теріскей аймағында қазақ мек­­тептері мен балабақшаларын ашуға, ономастика мәселелерін шешу­ге бас­тамашылық еткені мәлім. Кейін өңір­лерде Тілдерді дамыту бас­қар­­ма­лары құрылуына байланыс­­­ты Халық­аралық «Қазақ тілі» қоғамының филиалдарын жер­­гілікті бюджеттен қаржыландыру мүл­дем тоқтатылған. Мұның аяғы олар­дың көпшілігінің жұмысы қожы­рап кетуіне әкеліп соқты. Енді, міне, Мем­лекет басшысының қол­­дауымен Ха­лықаралық «Қазақ тілі» қоғамы мен оның өңірлік филиал­­­дары қайта дәуірлеп, мемлекеттік тіліміздің шы­­­­найы мәртебесін көтеру жолында пәр­­менді іс-әрекетке көшетін кез келді.