Осы жылдың 27-28 наурызында Ә.Тәжібаев атындағы Қызылорда облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Дін істері комитетінің қолдауымен «Рухани жаңғыру» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен дін мәселері бойынша білікті мамандарды дайындауға бағытталған іс-шара өтті. Шараға «Дін зерттеу орталығының», мешіттердің, орта және жоғары оқу орындарының және т.б мамандары, имамдары, психологтары мен теологтары қатысты. Жиында дін мәселелері бойынша түсіндіру тобының мүшелері – дінтану маманы Мырзаев Балғабек Әбдіқайымұлы және Талдыбаев Төлеген Өмірзақұлы дәріс оқыды.
Балғабек Әбдіқайымұлы «Дін мен дәстүр құндылықтарының қоғам тұтастығындағы орны» тақырыбы аясында тыңдаушыларға діни сананың ерекшеліктерін, діндарлықтың құрылымын, жеке тұлғаның және қоғамның діни даму айырмашылықтарын түсіндірді. Сондай-ақ «Діни сенім бостандығының құқықтық аспектілері мен негізі бағыттары туралы» тақырыбында жалпы теориялық ақпарат беріп, қатысушылармен жұмыс жасады.
Төлеген Өмірзақұлы «Әлеуметтік желіде түсіндіру жұмыстарын жүргізудің маңыздылығы» тақырыбымен қатысушыларға қазіргі ғаламтор арқылы жас өркеннің бойына тәрбиелік мәні зор дүниелерді сіңіре білу мүмкіндігін қамтамасыз ету, қазіргі уақытта жамағатпен байланысты әлеуметтік желі арқылы орнатудың маңыздылығы түсіндірілді. Сондай-ақ «Әлеуметтік желінің алгоритмдерін меңгеру және тиімді түсіндіру жұмыстарын жүргізу» тақырыбында қатысушыларға әлеуметтік желіде жергілікті парақшаны жүргізу әдістерін үйретті.
Сонымен қатар семинарлар мен тренингтер барысында қатысушылар тарапынан дәріскерлерге сұрақтар қойылып, тұжырымды жауаптар алынды.