Төтенше жағдай • 02 Сәуір, 2024

Жолды су шайып кетті

120 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қарағанды аймағына да қарғын судан қауіп төніп тұр. Еріген қар суының кесірінен бірнеше бағыттағы жол жабылғанына үш-төрт күн болды. Бірнеше ауылға су барды. Жергілікті атқарушы орган, төтенше жағдайлар департаменті мен полиция қызметкерлері күні-түні қам-қарекет жасап жатыр.

Жолды су шайып кетті

Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «EQ»

Сонымен, кейінгі дерек бойынша республикалық маңызы бар жолдың бір учас­кесі, облыстық маңызы бар жолдың үш учаскесі және жергілікті маңызы бар жолдың бір учаскесі әлі жабық тұр. Шет ауданын­дағы республикалық маңы­зы бар Алматы – Екатерин­бург тасжолының 1 610 ша­қырымында қардың еруі салдарынан жолды су басты. Ені 90–100 м, тереңдігі 10–20 см. «ҚазАвтоЖол» АҚ түстен кейін Ақсу-Аюлы тасжолын уақытша ашып, сол аумақтан 270 жүк көлігі колониясын шығарған еді. Алайда жүк көлігі жүргізушілерінің бірі жол қауіпсіздігі ережесін сақтамай, жол жиегіне шы­ғып кетіп, аударылып қал­ған. Жұмыс істеп жүр­ген үш «КамАЗ» да аударылып қалған. Абырой бол­ған­да зардап шеккендер жоқ. Жүргізушілер эвакуацияланып, экскаватордың көмегімен аударылған жүк көліктері де шығарылды. Алдыңгүні кешкісін бұл бағыттағы жол ашылды.

Шет ауданында жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жарияланды. Қайрақты, Ақсу, Красная Поляна, Де­ріп­сал елді мекендерінде 40 үйді су басып, 292 адам эвакуация­ланды, оның 114-і – балалар. Қазір­гі уақытта барлық эвакуа­цияланғандар қауіпсіз жерлерде, қауіп-қатер мен су деңгейі төмендеген уақытта  тұрғындарды тұрғылықты жерлеріне қайтару мәселесі қарастырылады.

Шерубай – Нұра өзені де тасып, онда ұзындығы 600 метр уақытша бөгет салынып, қаптар төселіп, тасқынға тосқын қойылып жатыр.

Жолдарды су басу жағ­дайы Ұлытау облысы ба­ғы­­­тына қарайғы Топар кен­тінде, Теміртау – Нұра және Ботақара кентіне қарай баратын жолдағы Петровка елді мекені жанында да орын алды. Қарқаралы бағытында Ботақара аулы арқылы Пав­лодар тасжолының бойымен Доскей, Сенокосное ауылдары арқылы өтетін айналма жол бар.

«Ақтоғай ауданындағы Ақтоғай – Нұркен облыстық маңызы бар жол жабық. Қарқаралы ауданының об­лыстық маңызы бар Егін­ді­бұлақ – Қоянды – Бүркіт­ті автожолының 67 шақы­рымында су тасыған. Шет ауданының Ақой – С.Сей­фулин – Ақсу-Аюлы – Ақто­ғай – Балқаш» облыс­тық маңызы бар 134 шақыры­мында қардың еруінен жол бойынан су асып кетті. Ені 200 м, тереңдігі 30 см. Жолдың бұл бөлігі жабық, облыстық жол арқылы баламалы бағыт бар. Шет ауданының Нұраталды ауылдық округіндегі Шопа аулына кіреберіс жолында қар еріп, Шерубай – Нұра өзені деңгейінің көтерілуінен су тасқыны (ені 300 м, тереңдігі 20 см) орын алды. Шопа аулына жол жүру шектелген», деген хабар таратты облыстық төтенше жағдайлар департаменті.

«Аталған тасжолдарда полиция қызметкерлерімен жолдарды жабу және қауіп­сіз­дікті қамтамасыз ету мақ­­сатында күшейтілген режім­де жұмыс атқарылып жатыр. Жалпы, облыс бойын­ша су тасқыны кезінде жол жабу үшін Полиция депар­таментінің 86 жеке құра­мы және 42 техника жұмыл­дырылды. Облыс жолдарында шамамен 350 жеңіл, 320 жүк және 26 қоғамдық көлік, сондай-ақ 3 мыңнан аса жүргізушімен жолаушылар қалып қойды. Төтенше жағдайлар департаменті және жергілікті атқарушы билік өкілдерімен қауіптің алдын алу мақсатында ауқымды жұ­мыс атқарылып жатыр. Қарағанды облысы тұрғын­дары мен қонақтарын қауіп­сіздік шараларын қатаң сақтап, алыс жолдарға шық­пауға шақырамыз», дейді об­лыстық полиция департа­менті жергілікті полиция қыз­меті басқармасының инс­пекторы Дәулет Қонақбаев.

Қарағанды облысының су қоймаларында тасқын суды жинау және өткізу штаттық кестеге сай өтіп жатыр. Су ша­руашылығы нысандарында тәулік бойы кезекшілік ұйым­дастырылды. Қажетті ар­найы техникамен жабдық­тал­ған жөндеу бригадалары бар.

Су тасқыны кезеңіне дайындық аясында Самар­қанд су қоймасында 73 млн текше метр көлемде бос орын дайындалды. Бүгінде су қоймасы 83 пайызға толы. Жиналған судың жалпы көлемі 212 млн текше метр. Бос көлем 43 млн текше метр. Ынтымақ су қоймасында 68 млн текше метр бос орын дайындалды. Бүгінде су қоймасында 51 пайыз бос орын бар. Жиналған судың жалпы көлемі 53 млн текше метр. Су қоймасы қосымша 56 млн текше метр су қабыл­дай алады. Жазғы-күзгі ке­зеңде су тораптарының металл бекітпелерінде жүк көте­ру механизмдерін тексеру арқылы регламенттік жұмыстар жүргізілді.

Кеше Нұра ауданы Нұ­ра аулы Құндызды өзенінің үш учаскесінде 8 мың шаршы метр болатын аумақта мұз жару жұмыстары жүргі­зіл­ді. Мұз ұсақтау жұмыс­та­ры Осакаров ауданының Ни­колаев ау­лындағы Сабыр­қожа өзенінде жалғасып жатыр.

Су тасқыны жағдайы қа­таң бақылауда. Облыста же­дел штаб су тасқыны жағ­дайын тәулік бойы қадағалап отыр. Барлық қызмет кү­шейтілген жұмыс режіміне ауыстырылды.

 

Қарағанды облысы