Таным • 01 Сәуір, 2024

Жақсы қасиет қайта жанданса игі

67 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Кітап – баға жетпес байлық, асыл қазына. Кітапхана – мемлекеттің, ұлттың негізгі жады, сонымен қатар ол – парасат сарайы да. Жансарайыңды ашып, көңіл көкжиегіңді кеңейтетін нұрлы әлем.

Жақсы қасиет қайта жанданса игі

Еліміз тәуелсіздігін ал­ған ал­ғашқы жылдары осы бір рухани са­ланың кенжелеп қалғаны рас. Жұртшылық не істерін білмей, абдырап қалған тоқсаныншы жылдардағы аласапыран уақыт­та мыңдаған кітапхананың жа­былғаны да естен шыға қойған жоқ. Сол кезеңде миллионда­ған кітап қорынан айырылғаны­мыз өкінішті-ақ, әрине. Алайда бір қуаныштысы сол – кейінгі уақытта жағдайды қалпына кел­тіру үшін кешенді әрекет жа­­салып та жатыр. Бұл туралы таяуда Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев атап өтті. «Кітапқұмарлық – жақсы қасиет... Шын мәнінде, озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша ор­нықтыруымыз керек», деді Президент.

Не көп, біле білген адамға кітап жөнінде айтылған даналық тәмсіл көп. Айталық, жапон хал­­қында: «Әуелі миды тойды­райық, сонда ол қарынды тойдырады» деген даналық сөз бар. Ал Шығыс тәмсіліне үңілсек: «Дүниеде ең зор, ең керекті, барлық нәрседен хабардар ететін не бар?» деген сауалға бір данышпан ойшыл «кітап» деп жалғыз ауыз сөзбен жауап берген екен кезінде.

Көркемсөз бен көсемсөздің хас шебері Шерағаң, Шерхан Мұртазаша айтсақ, «Кітап – ға­жайып қазына. Кітапты сүйме­ген Құдайды да сүймейді. Адам жанын тот басса, оны тек кітап қана кетіре алады. Әрине, асыл кітап, адал кітап».

Егемендіктің елең-алаңын­да елімізде мыңдаған кітапха­наның жабылғаны туралы жо­ғарыда айттық. Сондай бір өт­­­кінші сыннан шалғайдағы Созақ ауданының кітапхана жү­­­йесі сол кездегі болашағын ой­­ла­ған аудан басшылары мен кітапхана қызметкерлерінің ар­қа­­­сында қысқартылмай аман қал­ды. Есесіне ендігі жерде со­ның рахатын ауданның кітап­құмар қауымы көріп жатыр. Бір қуаныштысы сол, аудан ор­талығы – Шолаққорған ауылын­дағы орталық кітапханаға мектеп оқушылары жиі келіп, әр­түр­лі әдебиетті сүйіп оқиды. Мұндағы кітапханашылар келген әрбір оқырманды күліп қар­сы алып, ізетпен шығарып салады. Кітапханада құрметті қонақ­тар­ға арналған естелік альбом қо­йылған. Онда ауданға келген атақты ақын-жазушылар, көр­некті мемлекет және қоғам қай­раткерлері мұндай кітап қо­ры мол кітапхананы сирек кез­­дес­­тіргендерін айтып, риза­­шы­­­лықтарын білдіріп, қол­таң­ба­­ла­рын қалдырған. Олар­ды кітапха­нашылар жастарға үлгі етіп, әр­дайым насихаттап отырады.

Осынау теріскей өңірінен ке­зінде атағы алты алашқа мәлім Тәкен Әлімқұлов, Сәуірбек Бақ­бергенов, Асқар Сүлейменов, Тө­леген Тоқбергенов, Бәтима Батыр­бекова, Сатыбалды Нарым­бетов сынды ақын-жазушылар шыққанын жерлестері орынды мақтан етеді. Олардың өміршең туындылары кітапхана сөре­лерінен лайықты орын алған. Кітап­құмарлар олар­дың шығар­маларымен терең танысып, жан­сарайларын байытады.

Осындайда еске түседі, кезінде аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінде Ақбикеш Ібіжанова деген апайымыз өмір бойы кітапханашы болып, абырой мен лайықты құрметке бө­леніп, зейнеткерлікке шық­ты. Көпбалалы, ардақты ана­ның тұла-бойы үлгі-өнегеге толы еді. Кейіннен сол кісінің Гүлнәр Өмірбек деген қызы да әлгі біз айтқан анасының жолын қуып, ұрпақ сабақтастығын жал­ғастырып, аяулы анасы еңбек еткен ұжымда ұзақ жылдар же­­місті жұмыс атқарды. Гүлнәр қа­рындасымыз – бірнеше жыр жинақтарының авторы, аудармашы, облысқа аты мәлім ақын.

Әйгілі Ысқақ бап әулие да­мылдап жатқан аядай ғана Бабаата деген ауылда (ертеректе Жібек жолы бойындағы қала болған) Әбдірашид Бабақұлов деген ағамыз да өзінің саналы ғұмырын кітапхана ісіне ар­наған жан еді. Шежіреші қарт бертінде ғана дүниеден өтті: ба­тагөй, діни сауаты да мол болатын. Әңгіменің майын тамызып, қисса-дастандарды жатқа айтатын. Кітапханада күні бойы сарылып отыратын Әбекең көз жанарының әлсіздігіне қа­ра­май, бір өзі бүкіл кітап қорын картотекалап шыққан екен. Озат кітапханашының кітапханасында аудандық, облыстық семинар-кеңестер өткендігіне мына біз куәміз.

Кеңестік кезеңде Созақ атырабында 54 кітапхана жұмыс істеді. Аудан орталығында тұты­нушылар қоғамына қа­рай­тын арнайы кітап дүкені болатын, небір інжу-маржан, тасқа басылған әдеби дүниелерді содан табушы едік.

Бір кездері аудандағы парасат сарайында үлгілі кітапханашылар болған Айтжамал Баймұрзаева (марқұм), Күлайша Ұсаева, Жа­нат Тілепова, Сәуле Бораншиева секілді мәдениет саласының май­талмандары – еткен еңбегінің зейнетін көріп отырған аяулы ана-әжелер.

Айтпағымыз – көптен бері ойда жүрген ұсыныс-тілек. Ме­нің тұрғыластарым жақсы біледі, кезінде кітапқұмарлар қо­ғамы деген құрылым болған. Осы жолдардың авторы да сол аудандық кітапқұмарлар қоға­мының жауапты хатшысы болып қоғамдық негізде жұмыс атқарған-ды. Жұртшылықтың кітапқа деген ынта-ықыласын арт­тыруға тигізетін себі мол еді. Ендігі жерде сол қоғамды өмірге қайта енгізсек қалай болар еді? Одан ұтпасақ, ұтылмасымыз анық.

Қалай болғанда да қоғамымыз кітап әлеміне бет түзеді. Жақсы қасиет қайта жанданса игі.

 

Кәрібай ӘМЗЕҰЛЫ,

Созақ ауданының құрметті азаматы

 

Түркістан облысы