Ғылым • 03 Сәуір, 2024

Францияда оқимын десеңіз...

143 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

2024-2025 оқу жылына «Абай-Верн» стипендиялық бағдарламасы бойынша конкурс жарияланды. Бұл конкурсқа магистратураның 1-курсында оқитындар мен докторантурадағылар қатысады. Жеңімпаздар жоғарыда аталған ака­демиялық оқу жылын Францияда жалғастыруға мүмкіндік алады.

Францияда оқимын десеңіз...

Фото: gov.kz

Ғылым және жоғары білім министр­лігінің хабарлауынша, құжаттарды қабылдаудың соңғы күні: 2024 жылдың 12 мамыры (24.00-ге дейін). «Абай-Верн» стипендиялық бағдарламасы – Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі мен Француз Республикасының Еуропа және сырт­қы істер министрлігі арасындағы бірлес­кен жобасы. Бұл бағдарлама шеңберінде мамандық таңдауға шектеусіз қазақ­стандық жоғары оқу орындарында оқи­тын екінші оқу жылындағы магистранттар үшін 45 стипендия және диссертациялық жұмысын бірлескен ғылыми жетекшілік негізінде жүзеге асыруды көздеген докторанттар үшін 5 стипендия ұсынылады.

Министрлік жариялаған хабар­лан­дыруда: «Магистратураға шәкіртақы алу­­­ға конкурсқа жас шамасына шектеу жоқ, Қазақстан Республикасының азаматы, 2024-2025 оқу жылына қазақстан­дық жоғары оқу орны магистратурасы­ның 2-курсында оқитын, Францияның университетіне Master 1 немесе Master ­2 бағ­­дарламасы бойынша қабылданғаны жө­нінде шақыру немесе растау хаты бар үміткерлер қатыса алады. Соның ішінде қос диплом бағдарламалары бойынша білім алушыларға басымдық беріледі. Ал докторантураға шәкірт­ақы алуға конкурс­қа қатысу үшін: Қазақ­стан Республикасы­ның азаматтығының ­болуы; жас шамасы шектеусіз; 2024-2025 оқу жылына диссертацияны бірлес­кен ғылыми жетекшілік­пен даярлауды көздейтін қазақстандық уни­вер­си­теті докторантурасының 1-курсы­­на тіркелу; Францияның жоғары оқу ор­ны­на докторантураның 1-курсына қабылд­анғаны жөнінде шақыру немесе растау хаттың болуы талап етіледі», делінген.

Бағдарлама бойынша стипендия ұтып алған магистранттарға айына 10 ай ішін­­де (қыркүйектен маусымға дейін) 800 еуро, докторанттарға 3 жыл ішінде жылына ­6 ай мерзімге айына 1500 еуро көлемін­де шәкіртақы (жоғары оқу орны бұй­рық шығарған кездегі Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің курсына сай) төленеді. Ал Француз үкіметінің әлеуметтік қамту бойынша шәкіртақысы (BCS) мынадай мүмкіндіктер береді:

– Францияға тегін ұзақмерзімді сту­дент­тік виза (негізінде стипендия алмайтын студенттерге виза 99 еуро тұрады);

– Франциядағы мемлекеттік оқу орын­дарының көпшілігінде міндетті тіркеу жарнасын (шетелдік студенттер магистратурада оқу үшін тіркеу жарнасына жылына 3 770 еуро, докторантурада оқу үшін жылына 380 еуро төлеуге тиіс) төлеуден босатылады;

– CROUS жатақханаларынан орын ала алады (CROUS мемлекеттік университет жатақханасының жалдау ақысы айына 300-ден 600 еуроға дейін, ал жекеменшік секторында айына 800-ден 1000 еуроға дейінгі соманы құрайды);

– Студенттік асханаларда жеңіл­дік­пен (кешенді түскі ас-1 еуро) тамақ­та­нады;

– Тегін қосымша медициналық сақ­тандыру (шәкіртақы алмайтындар үшін 300 еуро) ақысы төленеді;

– Campus France агенттігі тарапынан ақпараттық қолдау көрсетіледі.

Бірақ стипендиат мына мәселені түсінуі керек, көлік шығындарын студенттер өз қалтасынан төлейді. Осыған қоса студент барлық сабаққа қатысуға міндетті, олай болмаған жағдайда шәкіртақыны төлеу тоқтатылады. Оқу жылы барысында студенттің бастамасымен оқу тоқтатылған жағдайда (төтенше жағдайларды қос­па­ғанда), студент бұрын аударылған қара­жатты толық көлемде қайтаруға тиіс.

Үміткердің құжаттамасына қатысты талаптарға келсек, Француз жоғары оқу орындарына немесе ғылыми-зерттеу орта­лығына магистратура немесе докторантура бағдарламалары бойынша оқуға алдын ала қабылданғаны жөнінде шақыру-хаты болу керек. Қабылдау рәсімі аяқталмаған жағдайда, өтініштің көшірмесін тіркеу қажет. Одан кейін таңдалған бағдарламаға байланысты француз немесе ағылшын тілінде, сондай-ақ қазақ немесе орыс тілінде түйіндеме және тура осындай тілдерге қатысты тәртіппен уәждемелік хат (бір парақ, тек алдыңғы жағы) талап етіледі. Паспорттың бірінші бетінің, бакалавриаттан бастап дипломдар мен бағала­ры бар қосымшалардың куәландырыл­ған көшірмесі керек. Француз тілінде оқу бағдарламасын таңдаған үміткерлер B1 (DELF, DALF, TCF) деңгейінен тө­мен емес француз тілін меңгергені туралы дип­лом өткізуге тиіс. Бірақ бұл талап жоғары оқу орындарда француз тілінде білім алған үміткерлерге қолданылмайды. Сол секіл­ді ағылшын тілінде оқу бағдарламасын таңдаған үміткерлер В2 (ТОЕІС, ТОЕFL, ІЕLТS) деңгейінен төмен емес ағылшын тілін меңгергені туралы диплом тапсыру­ға міндетті. Бірақ мұнда да жоғары оқу орындарда ағылшын тілінде білім алған үміткерлерден талап етілмейді. Док­то­ран­тураға оқуға үміткерлер қосымша мы­надай құжаттарды тапсырады: 1.ғы­лы­ми жетекшінің пікірімен қоса ғы­лыми зерттеу жобасының қысқаша си­паттамасы (диссертацияның тіліне байланысты француз немесе ағылшын тілінде – екі бет), сондай-ақ қазақ немесе орыс тілінде; 2.шығарылған ғылыми ең­бектері мен жарияланымдарының тізбесі (ағылшын немесе француз тілінде), сондай-ақ қазақ немесе орыс тілінде; 3.Ғылыми жетекшілері тарапынан ағылшын немесе француз тілінде ұсыныс хат (еркін нысанда), сондай-ақ қазақ немесе орыс тілінде.

Үміткер өзінің құжаттамасын 10 Мб аспайтын PDF форматында verne@gmail.com электрондық мекенжайға жібе­ру қажет. Барлық құжаттама магис­тратура бағдарламалары үшін «2024Master_ТЕГІ_ЕСІМІ» деген атаумен, докторантура бағдарламалары үшін «2024PhD_ТЕГІ_ЕСІМІ» деген атаумен және тегі мен есімі төлқұжаттағыдай ла­тын әріптерімен жазылып жолда­нуы керек. Дұрыс ресімдел­меген құжат­тамалар қарастырылмайды. Құжаттама қабылданғаннан кейін үміт­керге растау-хат жіберіледі. Іріктеуді тәуелсіз Қазақстан-француз аралас комиссиясы жүзеге асырады. Конкурстың нәтижелері 2024 жылғы маусым айының басында Францияның Қазақстандағы Елшілігі­нің https://kz.ambafrance.org/сайтында жа­рияланады. «Абай-Верн» бағдарлама­сы­на қатысты қосымша ақпаратты Фран­цуз Альянстары жанында орналасқан Campus France агент­тіктері тарапынан алуға ­болады.