Тәрбие • 03 Сәуір, 2024

Ұлтты ұйыстырған ұстын

151 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Дүйім жұрттың басын қосып, бір арнаға тоғыстырған Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысы тарихы тасқа қашалып жазылған Жайықтың жағасы, Хан ордасы болған Сарайшықтың саясындағы киелі Атырау алабының іргесінде өтті.

Ұлтты ұйыстырған ұстын

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Ұлтымыздың болашақтағы болмысын айғақтап, қазығын қағып беретін мемлекеттік дең­гей­дегі дәрежесі биік дәстүрге айналған Құрылтайдың өтуі мемлекет пен қоғам арасындағы алтын көпір іспеттес. Олай дей­ті­ні­міз, қоғамның ілгері дамуына тың серпін беру арқылы жаңа қадамдар жасау, ұлт келешегінің жарқын жаңа жоспарын құру, ел игілігіне бағытталған ұтымды шешім қабылдау – мемлекет пен азаматтық қоғам үшін салмақты сара жол, тарихи мәні жоғары маңызды сәт.

Биылғы Құрылтайдың күн тәртібінде халқымыздың береке-бірлігін сақтап, елдіктің нышанын жаңғыртуда аса маңызды салиқалы ой, келелі пікір, терең тұжырымдар таразыланып, жал­пыұлттық құндылықтарды да­мытудың маңызды мәселелері талқыланды. Мемлекет басшысы Қазақстан – Ұлы даладағы көшпелілер өркениетінің тікелей мұрагері екенін атап өтіп, дала өркениетінің айнасы болған ұлттық мәдениетімізді сақтау, төл тарихымызды дәріптеу, оған құрметпен қарау – ұлтымыздың маңызды қадамы деп санайды.

Президент тарапынан айтыл­ған ұлттық бірегейлікті қалып­тастырып, оны сақтауда тіл, дін, руханият, салт-дәстүр, ұлттық бол­мыс-бітім қалыптастыру сынды тың ұсыныстар халқымыздың жаңа келбетін, мәдениеті жоғары қоғам қалыптастыруға жол ашады. Әсіресе бабалар аманаты болған салт-дәстүрімізбен астасқан ата дінімізді ұстану – елдіктің рухани қазығы. Ұлттық ою-өрнекпен көмкерілген ұлттық киім үлгісін қайта жаңғырту, оны күнделікті киіп жүру – ұлт болашағының жарқын көрінісі, дәстүрге құр­меттің белгісі. Осы тұрғыда Пре­зидент радикалды неофиттер халқымыздың салтында жоқ киім үлгілері арқылы да жат діни идеал­­дарды қоғамға таңуға тырысып жүргені дәстүрлі ұғымдарымыз бен құндылықтарымызға жасалып жатқан шабуыл деп нақты атап өтті.

Сондай-ақ Құрылтайда ұлттың саулығына аса мән берілді. Ке­йінгі жас буынның өмірін на­ша­қорлықтан, құмар ойыннан ұлт саулығының сақталуына өз септігін тигізетіні айтылды. Құрылтайға қатысушылар тара­пынан бірқатар ұсыныс бері­ліп, нақты тұжырымдамалар бе­кі­тілді. Ел болашағы бүгінгі жас өрендердің қолында болатыны ескеріле отырып, келешек жастарымыздың бойында ғылым мен білімге деген мақсат-мұратын айшықтайтын кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, Астана және Алматы қалаларында тәулік бойы жұмыс істейтін кітапханалар салу, ұлттық кітап күнін атап өту идеясы жаңа буынды жаңа бір белеске көтерері белгілі. Дана халқымыз «Кітап – білім бұтағы, білім – өмір шырағы» деп ізгіліктің жолы кітапта екенін ұрпақ жадына сіңіріп кеткен. Қоғамда кітапқа деген құрметті жаңғырту – жарқын келешектің кепілі.

Киелі Ұлытаудан бастау алып, қасиетті Түркістанда тағдырлы шешім­дерге серпін беріп, тарихи өлке Атырау төрінде жалғасын тап­қан Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев пен зиялы қауым өкіл­­дерінің тұшымды тұжырымы мен ұтымды ойлары ұлтты бір ұяға ұйыстырып, халқымыздың салт-санасын бір арнаға тоғыс­тыр­ған маңызды қадам болды. Ұлтты ұйыстырған құрылтай ұлты­мыздың жаңа бір келбетін қа­лып­тастыруға, ел дамуының жаңа бір белесін бағындыруға жол ашады деп сенеміз.

 

Медет ҚУАНЫШЕВ,

Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрінің директоры