Үкімет • 03 Сәуір, 2024

Жарамсыз деп танылған үйлер жаңадан салынады

200 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Вице-премьер – Су тасқынына қарсы шараларды үйлестіру және қарғын су жүру кезеңінің салдарын жою жөніндегі республикалық штаб басшысының орынбасары Қанат Бозымбаев және Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов Қарағанды облысындағы су тасқыны жағдайын тексерді.

Жарамсыз деп танылған үйлер жаңадан салынады

Фото: stan.kz

Премьер-министрдің орынбасары және ТЖМ басшысы Қарағанды облысындағы өзен алаптарын әуеден бақылап, өңірдегі ахуалмен танысты. Жағдай күрделі деп бағалануда: өңірде су тасқынының екін­ші толқыны болжанып отыр. Нұра, Осакаров аудандары аумақтарының 40%-ында және Ақтоғай ауданының солтүстік бөлігінде қар ерімеген. Төтен­ше жағдайлардың алдын алу үшін су тасқыны қаупі бар аудандарға азаматтық қор­ғау қызметінің қосымша күш­тері мен құралдары тартыл­ды. Барлық қажетті жұмыс­тар жүргізілуде, дамбылар нығай­тылып, жергілікті атқару­шы органдар мен қызметтер техникамен қамтамасыз етілді.

Штаб басшысының орынбасары ТЖ режімі жариялан­ған Шет ауданындағы жағдай­мен танысты. Төрт ауылда – Қайрақты, Ақсу, Красная Поляна, Деріпсалда 40 үйге су кірген, 292 адам құтқарылды, олардың 114-і бала. Қазіргі уа­қытта жағдай біршама тұрақ­талып келеді, кейбір тұрғын­дар үйіне қайтып келіп жатыр.

Қанат Бозымбаевқа су тас­қыны ауыр салдарының ал­дын алу үшін қабылданған шаралар туралы баяндалды. ТЖД мәліметінше, ең қиын кезең 29-30 наурызда болған. Қазір су қоймасы күшейтілген режімде жұмыс істеп тұр.

«Нұра мен Шерубай-Нұраның бас жағында қардың тез еруі басылды. Қар беті қалың емес. Нұра өзеніне қосылып жатқан артық су байқалмайды. Қарқаралы және Бұқар жырау аудандары аумақтарында су тасқынының шарықтау шегі өтіп кетті десе де болады»,  деп баяндады ТЖД бастығы Мұрат Қатпанов.

Штаб басшысының орын­ба­сары Шет ауданы ауыл­дарының зардап шеккен тұр­ғындары­мен кездесу барысында су тасқынынан келген барлық шығынды Комиссия бағалап, толық өтелетінін атап өтті.

«Мемлекет басшысы су тасқыны зардаптарын барынша азайтуды, бірінші кезекте, халықтың қауіпсіздігін қам­тамасыз етуді тапсырды. Комиссия барлық үйді тек­сере­ді. Көмек көрсетіледі, мү­лік қалпына келтіріліп, өте­леді. Егер үйлер жарамсыз деп танылса, жаңасы салынады немесе екінші нарықтан басқа баспана сатып алынады», деп түсіндірді Қанат Бозымбаев ауыл тұрғындарына.

Қазір Штабтың басты назарында – Нұра өзенінің алап­тары. Облыс әкімдігі елді ме­кен­дерді су басу қаупінің алдын алу мақсатында превен­тивті шаралар қабылдап жатыр. Өз ке­зегінде Үкімет тарапынан барлық қажетті көмек көр­сетіледі.

Ақмола облысы мен Астана қаласы әкімдеріне Аршалы және Целиноград аудандарында су тасқынына қарсы күштер мен құралдар дайындау бойынша тапсырмалар берілді.