Қоғам • 04 Сәуір, 2024

Кітап әлеміне баулу

404 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өткен Ұлттық құрылтайда қазіргі ұрпақ кітапқұмар болып өсуі керек екенін айтты. Бұған дейін де Президент әлеуметтік желідегі парақшасында кітап оқу эстафетасына қатысып, «Шын мәнінде, кітап оқу – рухани кемелденудің көзі» деген еді. Ал техника мен технология көзді арбаған заманда жас ұрпақты кітап оқуға баулу өте өзекті мәселеге айналды. Оның шешімі қандай?

Кітап әлеміне баулу

Нобель сыйлығының лауреа­ты, профессор Джеймс Джо­зеф Хекманның зерттеуі бала­лар өмірінің алғашқы 5 жылында оқу, даму әлеуеті өте жоғары екенін, оларға салынған инвестиция барынша ақталатынын көрсетті. Балалардың ерте дамуына салынған инвестициялар қайтарымы 13%-ды құрайды. Баланың ерте дамуына жұмсалған ресурстың болашағына әсері кәсіптік білім беруге жұмсалған ресурстан 3 есе жоғары екен. Сонымен қатар бала өмірінің осы кезеңі адамның дамуы үшін ең тиімді кезең саналатынын, осы кезеңде құр кеткен уақыт баланың дамуы үшін де, жалпы экономика үшін де кері салдарын тигізетінін айтады. Демек баланы жақсы әдетке кішкентай күнінен үйреткен тиімді.

Негізі қазақ тәлім-тәрбиені бала құрсақта жатқаннан бастауды құп көре­тін, құрсақ тәрбиесіне ерекше көңіл бөлетін дана халық қой. Осы ұлттық кодымызды негізге ала отырып, осыған қоса ғалымдардың кітап оқуға баланы жаратылысынан бастап баулу туралы кеңесін ескеріп, анасы мен әкесіне бала бойға біткеннен бастап күн сайын ұйықтар алдында 10 минут дауыстап кітап оқып беруді ұсынамыз. Бұл үрдісті бала өмірге келгенде де үзбей жалғастыра берген жөн. Осы дағды арқылы кітапқа қызыққан баланы кішкентай, жас немесе әлі ерте деп бетінен қақпай, бір жасынан-ақ кітап ұстатып үйрете берген дұрыс. Өйткені ол сәби шағынан бастап кітапты ұстап көруге, зерттеуге, бой үйретуге, дос болуға тиіс.

апр

Осыған орай, «Күнекей» бөбекжай-бақшамызда «Оқуға құштар балабақ­ша» жобасын қолға алдық. Ақпарат алуға ­аудио, видео, интернет секілді жеңіл жолды таңдаған тұста қоғамда кітап оқуға деген құштарлық азайып кетті. Осы мәселені шешу мақсатында жобаны іске асыруға бағытталған арнайы жоспар құрдық. Жобаны енгізуде өзімізге балалар­дың шығармашылық дамуына сапалы жағ­дай жасау және рухани тәрбие беру, әдебиет пен мәдениетті ұлттық құндылық ре­тін­де бағалап, құрметтеуге тәрбиелеу­­ді мақсат етіп алдық. Бұл ретте бала­ба­қ­­ша педагогтерінің алдында балаларды кітапқа баулу, оқуға деген қызығушылықты арттыру, сауатты оқырман қалыптастыру міндеті тұрды. Осылайша, жобаны қазақ тіліндегі ертегілер оқытудан бастауды жөн көрдік. Қай жанрда жазылған ертегі болсын, балалар оны ерекше қызығушылықпен тыңдады. Ертегілердің қиял-ғажайып, кейіпкерлердің басынан кешкен шытырман оқиғалары, батырлығы, тапқырлығы сияқты қасиеттері балаларды ерекше қызықтырды. Ертегі мазмұнын толық меңгерту үшін қойылым /сахналау/көрсетілді. Сахналау – әдеби талдау­дың, балаларда ертегі мазмұнын есте сақтауға көмектесудің тиімді тәсілі. Бұл балаларға көркем мәтінді оңай әрі шығармашылық жолмен түсінуге ықпал етеді. Сонымен қатар сахна өнеріне деген қызығушылығын да арттырады. Жоба аясында әр топта кітап бұрышы жасақталып, арнайы безендірілді, тәр­биешілер ойын кітапханасы, викторина, шеберхана, көрме, экскурсиялар секілді түрлі мәдени-тәрбиелік іс-шара­ларды ұйымдастырады. Бәрінен бұрын жобаны іске асыруда ата-аналармен тығыз байланыс орнатып, отбасында психологиялық-педагогикалық қолдау көр­сетуге, ата-аналардың құзыретін арт­тыруға тырыстық. Нәтижесінде, балаларда кітап оқу, кітап ішіндегі кейіпкерлерді сурет бойынша өзінше сөйлету, сахналау дағдысы қалыптасты.

Бұл – үлкен жетістік. Бірақ оған тек балалармен жұмыс істеу арқылы қол жеткізу мүмкін емес. Өйткені бала әдетте айтқаныңнан гөрі істегеніңді істей­­ді, ересектерден көргенін айнытпай қай­­талауға шебер келеді. Олардың осы қабілетін пайдаланып балабақша ұжымы мен ата-аналар арасында «Тәрбиенің ең тиімді құралы үлгі болу екенін айтамыз, ал біз кітап оқимыз ба? Оқығанымызды балаларға айтып, олармен талқылаймыз ба? Балаларға кітап оқу дағдысын үйрету үшін не істейміз? Балаларды кітап оқуға қалай қызықтырса болады? Үйімізде кітап оқу мәдениетін қалыптастырдық па?» деген салмақты сұрақтар арқылы өзек­ті мәселені алға тарттық. Осы­лай­ша, балабақша ұжымының әрбір қыз­меткері, ата-аналардан балаларға кітап оқу үлгісін көрсетуді насихаттадық. Насихат жұмыстары барысында ата-аналардан, педагогикалық білімі жоқ қызметкерлерден түскен орынды сауал­дарға тұшымды жауап беруге тырыстық. Иә, мектеп жасына дейінгі балалар өз бетінше кітап оқи алмайды, соған қарамастан оларды кітап әлемімен ерте жастан таныстырудың, анық суреттерді қарау, онымен практикалық жұмыс жүр­гізудің маңызы өте зор. Бүгінде сәби­лерге арналған сипап сезуді дамыта­тын жұмсақ, ылғалданбайтын кітаптар, иллюстрациялары көз тартатын, кез келген жануарлар кейпіне ұқсас кітапшалар, музыкалық кітаптар бар. Осының бар­лығы баланың кітапқа құмарлығын арт­тыруға көмектеседі.

г

Жобаны жүзеге асыру барысында «Балаларға кітапты қалай таңдау керек?» деген сұрақ жиі қойылды. Кітаптар баланың жасына сәйкес таңдалуы керек және бә­рін бірден берудің қажеті жоқ. Кейбір ертегілердің бала дамуына ешқандай пайдасы жоқ, себебі шы­ғармада түрлі түсті эпи­тет­тердің болмауы баланы қызықтырмайды, оның ертегілерге деген қы­­зығушылығын жоғал­та­ды. Сондықтан кітапты кездейсоқ таңдауға бол­майды. Кез келген шы­ғарманың тәрбиелік мәні болғаны жөн. Ертегілерді таңдағанда, екі жасқа де­йінгі балаларға көптеген иллюстрациясы бар кітап қажет екеніне назар аудар­ған абзал. Себебі бұл жаста бала оқудың мағынасын тек сурет арқылы түсі­не­ді, оған қоса оның әлі өз тәжірибесі жоқ. 3-4 жас­тан асқан ба­ла­ларға ил­люстрацияларға қарағанда, мәтіні көп болуы керек. Қандай да бір оқиғаны тыңдай отырып, бала жағдайды елестетеді, қиялы дамиды. Бұл үшін осы жастағы балаларға ересек адам оны мәнерлі, логикалық үзілістермен, әртүрлі дауыс ырғағымен оқыса, онда бала мұндай оқуды ұзақ уақыт есте сақтайды, шығарманың мазмұны оның жадында берік сақталады. Керісінше, егер ересек адам балаға одан тезірек құтылу үшін мәнерлемей, асығыс оқыса, бала оны терең түсінбейді, кітапқа қызықпайды. Ал 5-6 жастағы балаларға кітаптан мазмұны көлемдірек ертегі, әңгіме оқып беріп, оқыған шығарманы 15-20 минут тапжылмай тыңдай білуге, әңгімелеп беруге үйрету қажет. Сондай-ақ оқылған әңгіме, ертегі мазмұнына сай бір оқиға төңірегінде сурет бойынша әңгіме құрап айтуға мүмкіндік жасау керек.

Қай заманда болсын, адамзат алдында тұрған ұлы мұрат-міндеттердің ең бастысы – саламатты, саналы, сапалы ұрпақ тәрбиелеу. Қолданыстағы «Білім туралы» заңда «Білім беру жүйесінің бірінші деңгейі отбасында немесе бір жастан бастап бірінші сыныпқа қабылданғанға дейін меншік нысанына қарамастан, мектепке дейінгі ұйымда жүзеге асырылады» деп анық жазылған. Осы міндетімізді абыройлы әрі нәтижелі атқаруға негіз болсын деп «Оқуға құштар балабақша» атты жобамызды іске асырып келеміз, өзге де әріптестерімізге, балабақшаларға таратуға әзірміз. Бұл – педагогикалық бағыттағы жүйелі жұмыс. Бірақ оның тиімді іске асуы ата-аналардың да қол­дауына тікелей тәуелді. Сондықтан да кешенді жұмыс барысында баланы кітап оқуға үйрету жұмысын ең алдымен ата-анаға кеңес беруден бастау керек екеніне көз жеткіздік.

ш

 

Мөлдір БАЛҒАБАЙҚЫЗЫ,

«Күнекей» бөбекжай бақшасының меңгерушісі

 

Қызылорда