Спорт • 05 Сәуір, 2024

Эверест асқарына аттанған қыз

163 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Насихаты аз демесеңіз, әлемнің ең биік құзар шыңдарын бағындыруда абыройымызды асқақтатып, беделімізді көтеріп жүрген альпинистеріміз бар. Отандық споршылардың «қанжығасына» кез келгенді төбесіне шығармайтын барлық дерлік биіктіктер байланса, бұл жолы «Kazakh Everest» Team спорттық-патриоттық экспедициясы құрамында Эвереске шығуға алғашқы қазақ қызы аттанғалы отыр.

Эверест асқарына аттанған қыз

Суретте: «Kazakh Everest Team» экспедициясының жетекшісі Мақсұт Жұмаев пен Анар Бұрашева

Сонымен, осы аптада «Kazakh Everest Team» отандық спорт­тық-патриоттық экспедициясы Эвереске аттанғалы тұрғанын мәлімдеп, БАҚ-тың «батасын» алу үшін журналистерді жинады. Сәтін салса, бұл экспедиция әлемдегі ең биік шыңда еліміздің Мемлекеттік Туын кезекті рет желбіретіп, альпинизм мен тау туризмі саласындағы жетекші державаларының бірі ретіндегі беделімізді одан сайын бекемдеп, осыны жастарға үлгі ете отырып, инвестициялар тартуды да көздейді.

Шындап келгенде, экспедицияға идеялық тұрғыда шабыт берген адам – отандық скайраннер Анар Бұра­шева. Осылайша, қазақ қызы әйелдер де ер-азаматтармен иық тірестіріп, әлемнің ең биік шыңдарын бағындыра алатынын дәлелдемек.

Қарап отырсақ, «High Adventure Expeditions» мәліметтері бойынша, тарихта Эверестің басына 799 әйел көте­рілген екен. Есесіне мұндай аса қауіпті, күрделі жорықтарға әйелдердің де аттануы ешкімді бейжай қалдырмасы анық.

Қысқасы, «Kazakh Everest Team» тобы­ның құрамында жеті адам болса, экспедицияны аты аңызға айналған қазақ альпинисі, Қорғаныс министрлігінің арнайы операциялар күштерін тау-кен даярлау орталығының майоры Мақсұт Жұмаевтың бастап барады.

– Біз құзар шыңдарға өз шежіремізді жазып қана қоймай, спортшылардың жаңа буынын да құлшындыруымыз қажет. Бүгінгі жастарға адами құндылықтар, дербестік пен өзін-өзі жеңудің жаңа мысалдары қажет. Тіпті экстремал спорт түрлерінде де гендерлік теңдік идеяларын қолдаймын. Егер қазіргі қыздардың ең биік шыңдарды ер адамдармен тең дәрежеде бағындыруға дайындығы мен күші болса, онда біз оларға осы қадамын ілгерілетуге көмектесуіміз керек, – дейді «Kazakh Everest Team» экспедициясының жетекшісі М.Жұмаев.

Скайраннер А.Бұрашеваның аль­пинистік машығына көз жүгіртетін бол­сақ, ол биіктікке көтерілу ісіне ұзақ та байыпты дайындықтан өткен. Мәселен, 1Б, 2а және 2б санаттарындағы 3 450 метрден 4 315 метрге дейінгі жергілікті шыңдарды, атап айтқанда биіктігі 4 979 метр болатын Талғар шыңын бағын­дырып, Монблан (4 809 м) мен Кили­манджаро (5 895 м) сынды әлемдік экспедицияларға қатысқан спортшы.

Сол сияқты Анардың «Space Trail Running» клубында жаттықтырушы, «Sky Run Group»-та скайраннер, «Nike Running Club Almaty»-да пейсер болып қызмет атқаратынын да ескеруге тура келеді. Анардың «Thian Shan trail race» (42 шақырым), «Tengri ultra» (35 шақырым), Алматы таулы жартылай марафоны, яғни «Irbis race» (42 шақырым), «Red planet Race» (30 шақырым), Алматы марафоны (42 шақырым), «Madeira Island Ultra Trail» (60 шақырым) сияқты кәсіби жарыстарда бірінші және жүлделі орындардан табылуын Эвереске бастаған баспалдақтар десек те болады. Бұған қоса А.Бұрашева 2021 жылғы қаңтарда алған «Қазақстан альпинисі» белгісін Эвереске мақтанышпен алып барады.

– Эверест – бағынуы ең қиын шың­дардың бірі әрі бұл ерік-жігердің, өзін-өзі жеңудің де ерекше сынағы болғалы тұр. Өз бойымнан дайындығым жақсы екенін аңғарамын. Сондай-ақ әйелдер әлемде жаңа салаларды бағындырып, өз армандары мен мүмкіндіктерінің шеңберінен шығуы керек деп есептеймін, – дейді альпинист.

Сонымен, отандық экспедиция мүшелері 6 сәуірде Непалға Доха арқы­лы сапарын бастап, содан кейін Катман­дудан Луклаға ұшып барып, әрі қарай жаяу жүріп, Намче-Базар жолында климатқа бейімделіп алу үшін үшін аялдайды. «Kazakh Everest Team» тобы Эверест базалық лагеріне (5 350 м) сәуірдің екінші жартысында жетеміз деп отыр. Бұл арада олар өзара ұжымға үйреніп, шыңға шығуға дайындық жұмыстарына бір­неше күнін арнайды. Базалық лагерьде тауға шығуға қажетті негізгі дағдылар бойынша кешенді жаттығулар жүргізіп, жабдықтарды сынақтан өткізіп алады.

Айтқандай, команда Айланд шыңына (6 130 м) шығуды да жоспар­лап отыр. Мұның да өзіндік сыры бар. Айланд биіктігі – команданы Эве­реске шығуға дайындайтын маңызды акклиматизациялық үдеріс. Бір жағынан Айланд шыңы – экспедициялық топ үшін өздерінің гид-шерпаларымен танысу мүмкіндігі. Өйткені ол тауда спортшылардың қауіпсіздігі мен аман-есен көтерілуіне көмектесуде маңызды рөл атқарады. Бұл сапар аяқталғаннан кейін команда Эверест базалық лагеріне оралады да, осы тұстан негізгі нысанаға өрмелеу басталады.

Осы арада тоқтала кетугі тиісті тағы бір қызықты жайт, тіпті дайындықтың маңызды рухани бөлігі – жергілікті халықтың дәстүрі бойынша құдайларға құрмет көрсетіп, сапардың қауіпсіз де сәтті көтерілуіне бата сұрайтын буд­даның дәстүрлі Пуджа рәсімі жасалмақ. Альпинистер де ғарышкерлер сияқты неге ырым-нанымға сенетінін түсіндіріп отырудың өзі артық.

Ал негізгі әрі ең маңызды бағыт база­лық лагерьден (5 350 м) Хумбу мұздығы арқылы бірінші лагерьге (6 100 м) қарай бағытталып, одан әрі қарай екінші лагерьге (6 400 м) дейін Безмолвие тақтасында орналасқан. Содан кейін маршруттың ең қиын учаскелері тік жартастармен, мұзы ерімейтін 7 300 метрлік биікке дейінгі үшінші лагерьге дейін жетуден басталады. Бір қызығы, үшінші лагерьге дейін Эверест шыңына (8 848 м) жету жолы мен Лхотце шыңына (8 516 м) шығу маршруттары сәйкес келеді екен. Бірақ III лагерьден маршруттар айырылып, тік қарлы-мұзды беткей бойымен команда IV лагерьге 8 000 м биікке шығады.

Эверест шыңының мәресі (8 848 м) IV лагерьден басталады. Дегенмен экспедицияға ауа райының қолайлы тұсын күтуге тура келеді. Өйткені Эве­рес­тегі табиғи ахуал қашан да құбыл­малы – дауылды жел, 50 градусқа дейін аяз, тастардың құлауы, мұздардың жарылуы, қар түсуі мүмкін. Жоспар бойынша көтерілу 12-16 сағатты алуы керек және қиын рельефті, соның ішінде әйгілі Хиллари сатысын еңсеруден тұрады. Шыңға жету – физикалық және психикалық тұрғыдан да қиын шаруа. Таудан түсу де 6-8 сағатты алады, кө­терілу кезіндегідей ыждағат пен мық­тылықты қажет етеді.

М.Жұмаевтың айтуынша, ең маңызды міндет экспедиция мүшелерінің өмірін сақтау болғандықтан, альпинистердің денсаулық жағдайына кәсіби тұрғыдан қарап, тәуекелдерді, қауіпті жағдайларды барынша азайтып, кез келген уақытта экспедицияны тоқтата тұруға шешім қабылдай алатын басшыға басқалары сөзсіз бағынуға тиіс.

Ең бастысы экспедицияның кезекті жеңісі армия генералы, Халық қаһарманы Сағадат Нұрмағамбетовтің, Халық қаһар­маны Рахымжан Қошқарбаев пен Кеңес Одағының батыры Әлия Молда­ғұлованың 100 жылдығына арналмақ.

 

АЛМАТЫ