Мирас • 04 Сәуір, 2024

Еліміздегі ең көне қолжазбалар

324 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Өркениетті елдер әр ғасырда өз тарихын хатқа жазып бүгінгі күнге жеткізді. Ал түркілер, оның ішінде қазақтар бар тарихын санасына сақтап, жадына тоқып алды. Оны да аз десеңіз, тау қы­раттарына, балбалтастарға төл тарихы мен өркениетін түр­ліше нақышта қашап, мәңгі өшпестей етіп, табиғатты ашық аспан астындағы кітапханаға айналдыра білді.

Еліміздегі ең көне қолжазбалар

Ата-бабаларымыз қай ғасырда да, қай қо­ғам­­да да өз ортасында көш­­басшы бола білді. Уақыт өзгеріп, дәуірлер дөңгеленген заматтарда әдебиеті мен мәдениетін қа­ғазға жазып, ұрпағына өмірлік бағ­дар­шамын өнегелі түрде қалды­рып­ отырды.

Еліміздегі білім мен ғы­лым­ның, әдебиет пен мәде­ниет­тің қасиетті қара шаңы­ра­ғына айналған Ұлттық кітап­хананың ғасырдан астам уақыт бойы еліміздің жадын жал­ғап келеді. Әрине, елімізде қара ша­ңы­рақ көп. Ең алғашқы ашыл­ған театр, университет, мектеп­тер­ді қара шаңырақ дейміз. Деген­мен мек­тепте тәлім мен білім үйре­тілсе, театрда өнер насихатталса, уни­верситетте ғаламдық ғылым­мен танысса, ал Ұлттық кітапхана осы­ның бәрін қамтиды. Мұнда білімнің ең сарасы, ғылымның, өнердің, мәдениеттің барша түрі­мен шұғылдануға болады. Оған соқыр тиын сұрамайды. Әлгі «Ақы­лына ақы сұрамайтын» деген тәмсіл дәл осыған саяды. Сон­­дықтан да Ұлттық кітап­хана елі­міздегі ең таңдаулы қара­ ша­ңы­рақ­тың бірі емес пе?

ап

Ұлттық кітапхананың қазы­на­лы қоры бүгінде 7 миллионнан асып жығылады. Бір сәт ойланып көріңізші, 700 емес, 7 мың, 70 мың не болмаса 700 мың емес, бақандай 7 миллион кітап. «Қазақ әдебиеті» газетінің 1935 жылғы 8 сәуір, №11 санының 4-бетінде кітапхана қоры жарты мил­лионды құрайтынын анықтамалық ақпа­рат ретінде жазған екен.

ХХ ғасырдың алғашқы жартысы қазақ ұлтына зауалды, нәу­бетті кезең болды. Зобалаңы мен сұрапылы басым ақтаңдақ кезеңде көп мұраның жойылмай сақталып қалуына себепкер болған осындай парасат ордасын қалайша қасиетті қара шаңырақ демейсіз? Ұлттық кітапхана тек Алматы шаһарына ғана қызмет етіп жатқан жоқ. Онлайн түрде де жер шарының түкпір-түкпірінен келген түрлі анықтамаға сауатты түрде қызмет көрсетіп келеді.

Қазақтың бас ақыны Абай Құнан­байұлы «Артық білім кітап­та», деп әу бастан-ақ мұқым қазақ­қа кітап­тың құндылығын, қазақ бала­сының оқып, кітаппен дос бо­луын насихаттады. Ал қазақ­тың классик жазушысы Әбіш Кекіл­байұлы «Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана» деп, кітап пен кітапхананың қоғам өміріндегі маңыздылығын екі ауыз сөзбен ұқтыра білді.

Шынымен, қазір заман екпіні, дәуір дидары қайтадан кітап оқу дәстүрін, кітапхана мәдение­тін қайта жандандырып жатыр. Бүгінгі тілмен айтар болсақ, кітап оқу трендте.

про

Ал осы жан-жақтылығымен, көп­қырлылығымен көп­ші­лік­тің көңілінен шығып жүрген Ұлт­­тық кітапхана қай кезеңде де тал­­­­ғам­паз оқырманына пара­сат­­­­пен­ жол бастап, жөн көрсетіп келеді.

Еңселі кітапханамыздағы кі­тап­­тар тарихына қарасақ, ХІІ ға­сыр­да жазылған қолжазба кітап­тар парасат ордасының беделін арт­ты­рып, ғасырлар құпиясын өн бойына сіңіреді.

Дәуірдің дидары бұзылған зобалаң сәтте Ислам дініне қарсы шығушылар қасиетті «Құран Кәрім» кітаптарын, жалпы діни әдебиеттерді сөрелерден алып, лақтырып тастаған тұста, қасиетті кітаптар ақыр соңында Ұлттық кітапханадан орын тапқан.

Діни әдебиеттер мен Құран кітаптарды КГБ-ның қанды қо­лы­на ұстатпай, сақтап қалған кітап­­хана­шылар еді. Қара шаңы­­­ра­ғы­мызда көне кітаптар сақ­талған «Сирек кітаптар мен қолжазбалар» қорын­да ұзақ жылдан бері табысты еңбек етіп келе жатқан мәрте­белі кітапханашы Айхан Құдайбергенқызының осы кітаптардың тарихы жөнінде айтар әңгімелері аз емес. Айхан Құдайбергенқызын ғасырлық шежіре кітап дерсің. Жылдар ауы­сып, замана келбеті түрлі арнаға бұ­рылып, кітап пен кітапханадан оқыр­ман сиреген кезеңде де табан аудармай, кітапқа адалдық та­нытты. Өткен күнге бүгінгі­нің­ биі­гімен қарайтын болсақ, 40 000 жазба жәдігердің кітап­ха­наға қа­лай түскенін санасына сақтап, жа­дына жаттаған нағыз маман. Жас кезінен осы ордаға жұ­мысқа кіріп, пайғамбар жасына келген апамыз шежірелі тарихтың өзін­дей көрінеді. 40 жылдан асатын жұ­мыс өтілінің 30 жылы сирек кітаптар мен қолжазбаларға қыз­мет етумен өтті. Ендеше, Айхан Құ­­дай­­бергенқызынан естіген қол­­­жаз­балар тарихына тоқталсақ.

Жоғарыда атап өткеніміздей, Ұлттық кітапхананың «Сирек кітаптар мен қолжазбалар» қо­рында 40 000-нан аса сирек кітап болса, солардың ішінде 1 000-ға жуығы қолжазба.

Көнелігі жағынан алдына ешбір кітап шықпаған байыр­ғы «куфи» жазуымен жазыл­ған «Құран Кәрім» кітабы – Ұлттық кітапхананың не болмаса Алматының ғана мерейі емес, ол күллі қазақ даласы­ның мақтанышы. Куфи жазуымен жазылған көне Құранның бүгінгі жасы 900 жылдан асып жығылады. Яғни бұл қасиетті кітап ХІІ ғасырда қағазға түсіп, кітап ретінде түптелген.

см

Халифаттар салтанат құрған ғасырларда Куфа шаһарында түрліше өрнекпен көркемдеп жаза­тын калиграфтар өмір сүрді. Жазба мәдениет тарихында куфи жазуымен жазылған кітап­тар ХІІІ ғасырдың басына дейін ғана кездеседі. Яғни бұл жазу­дың тоқтап қалуы Селжұқ қаға­на­тының ыдырауымен тікелей бай­ланысты.

ХІІ ғасырда куфи жазуымен жазылған кітаптың ешбір парағы жоғалмаған. Толық сақталған. Отыз пара дәл сол күйінде бізге жеткен. Кітаптың ең соңғы бе­тін­де Құранды қағазға түсіруші маман мынадай жазба қалдыр­ған екен. Онда: «Селжұқтардың соңғы сұлтаны Санжар сұлтан­ның қарындасының иелігінде» ­де­лін­ген. Қасиетті Құранның сыр­тындағы һәм ішіндегі жазба­лар­ға белгілі мөлшерде алтын жалатылып жазылған.

Қытайдың ең сапалы өңделген қағазына жазылған, келесі қор­дағы Құран қолжазбасы ХVIII ғасырға тиесілі. Бұл қолжазбада да 114 сүре толығымен сақталған. Ал сыртқы мұқабасы асқан шебер­лікпен иленген, жас бұзау­д­ың терісімен қапталған. Кітап­қа көптеген бояу түрі пай­даланылған. Қара сиямен жазылған сөздер Құранның негізгі сөйлемдері болса, қызыл бояумен жазылған сөйлемдер – Құранның парсы тіліндегі аудармасы. Кітаптың әрбір бетіне алтын жалатылған. Жа­рық сәулесі түсе қалса, қа­сиетті әріптер көздің жауын ала­ды. ХVIII ғасырға жата­тын кітап­тың алғашқы беті­нен бастап соң­ғы бетіне дейін шығыстық на­қыштағы өрнектермен көр­кем­­­делген. Ол да кітаптың сұлу­лы­ғын айшықтап тұрғандай кө­рінеді. Жалпы алғанда, қазы­на­лы қорымызда 50-ден аса Құран­дар коллекциясы (топтамасы) сақ­таулы.

Көп кездесе бермейтін өте кішкентай нұсқадағы Құран­дар адамды таңдандырмай қой­майды. Өйткені осыдан бірнеше ғасыр бұрын, технология дамымаған шақтың өзінде сон­дай шағын кітапқа 30 пара Құранды сыйғызып қана қоймай, оны да шығыстық нақыш­­пен көркемдеп, әсем түрде жазып шыққаны таңғалдырады. Кішкентай кітаптар күмістен жасалған қобдишаларға салынып, сақталған. Кітаптың негі­зінен мойынға тағатын бойтұмар ретінде жасалынғаны анық байқалады. Өзге кітаптар секілді оқу мүмкін емес. Сол үшін кітап­тың қобдишасында арнайы үлкейткіш әйнектер қойылған. Үлкейткіш әйнектер арқылы кез-келген жерде оқуға мүмкіндік бар.

Кей кезеңде қағаз тапшы­лы­ғына және түрлі жағдайға бай­ла­нысты құрандар параларға бөлініп, жұқа кітапшалар болып та жазылған. Мұндай нұсқадағы кітаптардың қорымызда 50-ден астам түрі сақталған. Барлық Құран араб тілінде жазылады. Бірақ әртүрлі жазу үлгісін қол­данған. Мысалы, насих, райхани, құсни хат, куфи, тағы да басқа жазу үлгілері бар. Негізінен Құран аят­тары насих жазу үлгісімен өте көп жазылған.

Бүкіл әлемдік мәдениет­тер­ді, өрке­­ниеттерді қорғайтын ЮНЕСКО ұйымының «Әлем жады» бағ­дарламасы бар. Бұл бағдар­ламаға кез келген елдің көне кітаптары ене бермейді. Бұл бағдарламаның жұмыс тобында әлемге әйгілі ғалымдар, академиктер белгілі бір қолжазбаны ұзақ жыл зерттегеннен кейін «Әлем жады» бағдарламасына кіргізеді. Халықаралық бағдар­ла­маға кітапханамыздағы бес бірдей қолжазба енген. Солар­дың бірі – Қожа Ахмет Ясауи баба­мыздың «Насабнама» қол­жазбасы. Орталық Азияда сопы­лық ілімнің негізін салушы Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың хик­мет­тері, кітаптары әлемнің барша елінде кездеседі. Бірақ көп жерде түпнұсқа қолжазба түрінде емес.

Қожа Ахмет Ясауидың ата тегі жазылған «Насабнама» қол­жазбасының қарсы бетінде әулие бабамыздың мөрі басылған. Хазіреттің мөрін айналдыра он шәкіртінің мөр таңбасы тұр. Көне жәдігер – бүгінгі таңда орта ғасырлар тарихын, оның ішінде қожалар тарихын зерттегенде бірден-бір сілтеме берер дереккөз. Қорымызда сопылық ілімнің даңғыл жолын салған бабамыздың хикметтері жазылған кітаптар да бар. Заман талабы бо­йынша кітапхана қызметкерлері мен зерт­теуші ғалымдар «Наса­б­нама­ны» оқырманға түсінікті қазақша, орысша, ағылшынша, түрікше етіп төрт тілге аударды.

Қожа Ахмет Ясауи баба­мыз­дың кітапхана қорында төрт толық «Хикметі» сақталған. Олар Қазан, Санкт-Петербург, Таш­кент, Ыстанбұл қалаларында басыл­ған даналары. Ыстанбұлда басыл­ған Ясауидың «Хикметі» егемен­діктің алғашқы жылдары көркем аудармамен қазақ тіліне аударылып, оқырман назарына ұсынылды. Оның көркем аудармасын жасаған – ақын Сәрсенбі Дәуітов. Бабамыздың көп жерде кездесе бермейтін қара сөзбен жазыл­ған философиялық «Рисала. Миратул Қулуб» (Ақыл айнасы) кітабы да қорымыздың төрінен орын алған. Бұл кітабында бабамыз шариғат, тариқат, мағрифат, хақиқат сынды салаларда ой қозғайды.

ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» бағдарламасына енген тағы бір құнды қолжазба – Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың төл шәкірті, ел арасында Хәкім ата атымен кеңінен танылған Хазірет Сүлей­мен Бақырғанидың «Хикмет Хазі­рет сұлтан әл-Ғарифин» атты қол­жаз­басы.           

Құндылығы жоғары бұл жау­һар шығарманы Ұлттық кітап­­хана қорына белгілі қоғам қайраткері, ағартушы, шығыс­танушы-ғалым Қоңырқожа Қожықов тапсырған. Ол 1930 жылы сол кездегі Қазақ КСР-нің мемлекеттік көпшілік кітап­ха­насында Сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалар бөлі­мі­нің қызметкері болып жұмыс істеген. Арда азамат сол жылдары Оңтүстік Қазақстан облысына ғылыми-ізденіс мақсатымен барған экспедиция аясында осы кітапқа қолы жетіп, кейіннен 1936 жылы кітапхана қорына әкеліп тапсырады.

Әйтсе де ұлтының келешегі кемел болуы үшін еңбек еткен көптеген қайраткер ол кездері міндетті түрде КГБ назарында болатыны сөзсіз. Осыдан кейін көп ұзамай Қоңырқожа Қожықов 1938 жылы «халық жауы» деген жаламен тұтқындалып, ату жазасына кесіледі. Ол 1957 жылы 23 желтоқсанда толықтай ақталады. Хәкім атаның біз сөз етіп отырған «Хикмет Хазірет Сұлтан әл-Ғарифин» атты көлемді еңбегі сол сұрапыл кезеңде Қоңырқожа ағамыздың қайраткерлігі болмаса, бұл күнде мүлде ұмыт болар ма еді, кім білсін? Ұзақ жылғы зерттеулер бұл еңбектің расымен Сүлеймен Бақырғанидың төл туындысы дегенге тоқталып, 2019 жылы Ұлттық кітапхана директоры, мәдениет жанашыры Бақытжамал Оспанованың тікелей бастамасымен, Мұхамед­ра­хым Жармұхамедов пен Мақ­сұт Шафиғидің транскрип­ция­­сымен редакцияланып, то­лық­­тай түсініктеме жазылып, көрнекті ясауитанушы, филология ғылымдарының кандидаты Айнұр Әбдірасылқызының кіріспе сөзімен жарыққа шықты. Шығарылымға жауаптылар: Ж.Н.Қариева, Н.М.Асқарбекова, А.Қ.Бекпулатова, Т.А.Зам­зае­ва сынды кітапхана қай­рат­кер­ле­рінің арқасында, Қазақ энциклопедиясы баспасынан 984 бетпен басылып, ғылыми-көпшілік оқырман қауымға жол тартты. «Хикмет Хазірет Сұлтан әл-Ғарифин» бүкіл әлемдегі барша халықтың мәдениетін қорғаушы һәм қолдаушы құ­зыреті кең ЮНЕСКО-ның Бүкіл­әлемдік мәдени және табиғи мұралар коми­тетінің шешімімен «Әлемдік мұра» реестріне 2003 жылы қолжазбалар қатарына енген. Бұл да асыл қазынамыздың берік сақталуына, жоғары дәрежеде қорғалуына септігін тигізгені сөзсіз.

Ұлттық кітапхананың «Сирек кітаптар мен қолжазбалар» қыз­ме­тіндегі қасиетті кітаптар қа­та­рынан №318 (2343-38) шифрімен сақталып келе жатқан Сүлеймен Бақырғанидың «Хикмет Хазірет Сұлтан әл-Ғарифин» атты хикметтер жинағында «Бақырғани» қолжазбалар бөлімінде кісі аттарымен де кездесетін хикметтер келтіріледі. Бақырғани өз хикметтерінде Исламның тұнығынан мейірлене қанып ішіп, қасиетті кітап Құран Кәрімнің көптеген аятын хикметке жыр түрінде түсіріп, көптеген өнеге сөз қалдырды. Меніңше, әрісі Әл-Фарабиден, берісі Ясауи, Бақырғанимен өрбіп, хакім Абайға жалғасқан Құран аяттарын өз еңбектеріне кірістіру шығарманың өміршеңдігін, мазмұндылығын аңғартса керек.

Киелі де қасиет тұнған бай кітап қорымызда әлемге аты әйгілі шайыр Низами Гәнжауидің көлемді «Хамса» қолжазбасы да бар. 1488 жылы қағазға түскен нұсқасы баз қалпында сақталып келеді. Кітапханадағы 40 000 дана көне жәдігердің, соның ішінде 1 000-нан асатын қолжазбаның аңызға бергісіз тарихын бір мақала не бір зерттеу барысында жазып бітіру мүмкін емес.

«Қолда барда алтынның қадірі жоқ», дейді данышпан халқымыз. Қазіргі күнде ұлт пен адам­зат тарихына қатысты көне жәді­гер­лерді зерттеп, ғасырлар арасын бай­ланыстырар ғалымдар мен меценаттарды қасиетті жазбалар күтіп тұр.

 Абыздардың, ғұламалардың мүбәрак денелері қорымда дамыл тапса, олардың қаламынан туған ұлтқа, адамзатқа ортақ кітап­тары, қолжазбалары осы кітап­ханада сақталып, ұрпақ игілі­гіне қызмет етіп, оларды қайта тірілтпей ме? Төл тарихы ғасыр­дан асса да, кітап тарихы Х ға­сырға жуықтаған Ұлттық кі­тап­хананың қазыналы қоры мұ­қым елдің, оның ішінде қазақ хал­қы­ның мақтанышы екені дау­сыз.

 

Қанат АЛТЫНБЕК,

Ұлттық кітапхананың «Көрмелер және мәдени бағдарламалар» бөлімінің қызметкері