Қаржы • 04 Сәуір, 2024

Алаяққа арбалу азаймай тұр

94 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қаржысынан айырылып, «қап» деген халықтың шын өкінішін күнде естіп жүрсе де, алаяқтардың арбауында кеткендер азаймай тұр. Арнайы органдар мұны үнемі ескертіп келеді. Бірақ екі тарап та – арбаушылар да, алданғандар да айылын жимай тұр.

Алаяққа арбалу азаймай тұр

Әңгіме қаржы пирамидасы туралы. Мұны құрушылар кез келген тұр­ғынға уәдені үйіп-төк­кіш. Аз уақыт ішінде мол та­бысқа кенелетінін ай­тып, өздеріне тартады. Тәт­ті сөзбен «баурайды». Со­дан соң жоспардағыдай топ құ­рылып, олардан тиіс­ті ақша аударымдары түс­кеннен кейін ізім-қайым жо­ғалады. Құмға сіңген су­дай таптырмайды. Ал алдан­ған топ аласұра жүріп, құ­қық қорғау орындарын жағалайтыны белгілі. 

Қаржы пирамидалары қатысушысын сендіру үшін жалғыз әдіс бар. Ол үшін пирамиданың жаңа мүшелері салған қаражатты пайдаланады. Дұрысы, пи­ра­миданың алғашқы қаты­сушыларына дивиденд кейін­гі қатысушылар­дың салымдары есебінен төленеді. Сондай-ақ барынша сендіру үшін жалған құжат, күмәнді цифрлық есеп, диаграмма мен схемаларды көрсетіп, алдау немесе қомақты та­быс табатыны туралы уәде беріп, жарнамасына бел­гі­лі адамды тартады. Бұ­ған танымал әнші, блогер немесе актерді пай­да­ланады. Екіншіден, қар­жы пирамидаларын ұйым­дастырушылардың жетік білімі бар. Көбіне олар ІТ-технология бойынша маман, адамдардың эмоцияларымен «ойнай» алатын жақсы психолог пен сөзге шешен болып келеді.

Қаржы пирамидаларын құруда әлеуметтік желі мен мессенджер маңызды рөл атқарады. Бірақ аталған компаниялардың қызметін желілік маркетингпен шатастырмау керек. Ондағы адамдар үшін белгілі бір пайыз төлейді, бірақ соның негізінде өнім алып, соны сатқаны үшін нақты табыс табады. Ал қаржы пи­рамидасының негізін салым­шылардың ақшасы құрай­ды. Пирамида схемасы мынадай: желіде олар сізге жоғары кірісі бар онлайн-жобаға инвестиция салуды ұсынады. Оның жай схемадан айырмашылығы – сізге жаңа қатысушыларды тарту міндет емес. Сізге тек белгілі бір соманы салдырып, жоба іске қосылғаннан кейін аса жоғары табысқа кенелуге уәде береді. Алай­да ұйымдастырушылар қомақты сома жинағаннан кейін әлгі жобаны жабады да, жоғалып кетеді. Бі­раз уақыт өткеннен кейін көпшілікке жаңа жобаны жарнамалап, сол схеманы қайталай бас­тайды.

Тиісті мамандар қаржы пирамидасына қатысты мынаны ескертеді. Біріншіден, олар кіріс жарнасын енгізуді ұсынады әрі нарықтық дең­гейден бірнеше есе ар­тық жоғары пайда таба­ты­ныңызға кепілдік береді. Екінші белгісі – әлеуметтік желілердегі жарнама компаниясы арқылы салымшыларды белсенді түрде тартады. Одан соң басқа клиенттерді тартқаны үшін сыйақы беруге уәде етеді. Үшіншіден, компанияның қаржылық жағдайы туралы нақты ақпарат жоқ. Дұрысы, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі берген халықтың ақшалай салымдарын тартуға немесе бағалы қағаздар нарығында қызметін жүзеге асыруға арналған лицензиясы болмайды.

Қаржылық мониторинг агенттігінің интернет-ресурсында қаржы пирамидалары ретінде қызметке кү­дікті, сондай-ақ олар бо­йынша сот үкімдері шыға­рылған  ұйымдардың ке­ңей­­тілген тізбесі жария­ланған. Қаражатын инвес­тициялағысы келген азамат компанияның сенімділігін Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің, сонымен қатар Қаржылық мониторинг агенттігінің тізімінен тексере алады. Сондай-ақ агенттіктің Baiqa, piramida Telegram бо­ты арқылы ұйымның пи­рамидаға қатысы, алаяқтық белгілерінің бар-жоғын білуге болады.

Қаржы пирамидасын құрғаны үшін Қылмыс­тық кодекстің 217-бабы бойын­ша мүлікті тәркілеумен 12 жылға дейін бас бостан­дығынан айыруға, белгілі бір лауазымдар бойынша қызмет ету немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыруға дейінгі қылмыстық жауаптылық көзделген. Әкімшілік құқық бұзушылық заңының 150-бабы бойынша пирамида қызметiнің жарнамасын шығарғаны, таратқаны үшін әкімшілік жаза бар және 150 айлық есептік көрсеткіштен 600 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салынады.