Шаруашылық • 05 Сәуір, 2024

Қырдағы науқанға қамданыс

83 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Өткен жылға шаруалардың өкпесі бар. Жылда қам­ба­ларын астыққа толтыратын оларға былтыр кедергі көп болды. Жауын-шашын мөлшерден көп жауды. Егінді киік таптады. Жердің тозғанына және қа­палы. Несін жасырамыз, көп шаруа көлденең шығынға ұшырады.

Қырдағы науқанға қамданыс

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев егінді әрта­рап­тандыру жұмыстарын күшейтуге қатысты жан-жақты тапсырма жүктеген еді. Жақында ғана Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында көк­тем­гі дала жұмыстарына дайындық барысы қаралды. Біздің өңірдегі шаруалар да дала жұмыстарына қамданып жатыр.

Үкімет суармалы алқаптарды кеңейтуге, егіс алқаптарын әртараптандыруға назарын ерекше аударып отыр. Тіпті бұл мәселе Үкіметте ай сайын қаралады. Мұнымен қоса, елімізде сапалы тұқым қоры мен тұқымның импортына тәуелділік бо­йынша да мәселе жоқ емес. Шағын және орта шаруалар сапалы тұқымға қол жеткізе алмай келеді. Осы ретте Үкімет басшысы Азық-түлік корпорациясы жинақталған қордан кемінде 200 мың тонна тұқымды мұқтаж фермерлерге тауарлық несие түрінде бөлу керектігін, климатқа төзімді, өзімізде шығарылатын тұқымдық қордың көлемін ұлғайту қажеттігін тапсырған болатын. Әзірге өңірдегі диқандар үшін бидайдың былтырғы үшінші санатты тұқымы сатылып жатыр. Тоннасы – 150 мың теңге. Өңіріміздегі екі тұқым шаруашылығы – «Шахтерское» ЖШС мен Қарағанды ауыл шаруашылығы тәжірибе стансасында қажеттілікті қамтамасыз ету үшін 7,3 мың тонна тұқым қоры бар. Дегенмен шаруа­лар импортты тұқым салсақ, астығымыз аса берекелі болар еді деп отыр.

Биыл өңірдегі бидай алқабы 8 мың гектарға, арпа алқабы 12,7 мың гектарға кеміді. Бұл жоғарыда айтып өткеніміздей, Мемлекет басшысының егінді әртараптандыру жұмысын күшейту керек деген тапсырмасы негізінде қолға алынып отыр. Енді есесіне жоғары рентабельді дақылдар алқабы ұлғаяды.

«Майлы дақылдар алқабы 27,3 мың гектарға, азықтық дақылдар алқабы 18,2 мың гектарға ұлғайтылады деп отырмыз. Биыл дәнді дақылдар алқабы – 959,1 мың гектар, майлы дақылдар – 57 мың гектар, шаруашылық құрылымдарындағы картоп алқабы – 11 508 гектар, көкөніс – 1 227 гектар, азықтық дақылдар алқабы 80 мың гектар болмақ. Биылғы көктемгі дала жұмыстарына осы бағыт бойынша қамданып жатырмыз», дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Саят Мусин.

Көл-көсір өнім алу үшін минералды тыңайтқышты барынша молынан қолдануды шаруалар жақсы біледі. Сол тыңайтқыштарды әкімдіктердің кепілдігімен бөліп беру мәселесі де Үкімет деңгейінде пысықталып жатыр. Биыл елімізде топыраққа 1,5 млн тоннаға жуық тыңайтқыш енгізу жоспарланып отыр. Яғни тыңайтқыштарды себуді 46 пайызға жеткізбек. Бұл дегеніңіз – тұтас егіс алқабының жартысы. Ал аймақтағы шаруалар 71,5 тоннаға жуық тыңайтқыш пайдаланбақ. Өткен жылы минералды тыңайтқыштар 405,0 мың гектарға енгізілсе, биыл бұл көрсеткіш 581 мың гектарға ұлғайған. Мемлекет басшысының өнім көлемін 2028 жылға қарай екі есе арттыру жөніндегі тапсырмасын орындау аясында тиісті индикаторлар барлық өңірге жеткізілді.

Үкімет отырысында ауыл шаруашылығы техникасының тозуы туралы мәселе де көтерілді. Қазір жалпы техника паркінің тозуы шамамен 75 пайыздан асады екен. Осыған орай Премьер-министр отандық диқандардың жаңа техника сатып алуын жеңілдету керектігін қадап айтты. Бұл бағыттағы жұмыстар облыста жүйелі ұйымдастырылып келеді. Былтыр 15,8 млрд теңгеге 931 түрлі техника сатып алынған. Қазіргі кезде 12 мыңға жуық доңғалақты және шынжыр табанды трактор, 1500-ға жуық астық, картоп және жемшөп жинайтын комбайн бар. Биыл да техника паркі жаңартылады. Ол «ҚазАгроҚаржы» АҚ несиелеу есебінен, сондай-ақ «Ауыл аманаты» жобасы бойынша ауыл шаруашылығы техникасын лизингке сатып алу есебінен жүзеге асырылмақ. Бұл үшін облыстық бюджеттен 500 млн теңге бөлінеді.

Қазір сол ауыл шаруашылығы техникаларын егіс жұмыстарына дайындап жатыр. Қырға 24 мыңға жуық техника шығады. Оның 9,8 мыңнан астамы – трактор, 231-і – заманауи егіс кешені және 4,1 мыңы – сепкіштер.

«Облыста 37 741 ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдығы бар. Оның 11 844-і – доңғалақты және шынжыр табанды трактор. Бұдан басқа 273 егіс кешені, 6 244 сепкіш, 3 181 трактор тіркемесі, 3400-ден астам топырақ өңдеу және шөп шабу техникасы бар. Техниканы көк­темгі егіске дайындау жұмысын аяқтап қалдық», дейді Саят Қабиденұлы.

Диқандарды жеңілдетілген дизель отынымен қамтамасыз ету олардың қамсыз шаруа істеуіне жағдай туғызады. Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев фермерлерге 340 мың тонна дизель отынын жеткізу кестесі бекітілгенін, бағаның былтырғыдай құнда қалғанын мәлімдеген болатын. Яғни диқандар литрін 245 теңгеден, нарықтағы бағадан 15 пайызға арзан алады. Мұның ішінде өңірдегі көктемгі егіс жұмыстарына 17,4 мың тонна арзандатылған дизель бөлінген. Оператор – «Retail Trade Oil» ЖШС мен «Мұнай-Company» ЖШС. Дизель отыны Қарағанды қаласы және Осакаров кентіндегі мұнай базасынан литрі 245 теңгеден беріліп жатыр. Бұл да болса шаруалар үшін шарапат болып тұр. Әйтпесе дизельдің бағасы шарықтап кеткен еді.

Үкімет алыпсатарлыққа және қолдан тапшылық жасауға жол бермес үшін дизель отынын үлестіру барысын ерекше бақылауға алып отыр.

Шаруалар көктемгі қырдағы науқанға биыл ерте-ақ қам­данған. Өйткені бұл жолы да шығынға ұшырағысы келмейді. Осылайша, аста-төк астықпен қамбаны толтырғысы келген диқандар білек сыбана алқаптарына шықты.

 

Қарағанды облысы