Үкімет • 05 Сәуір, 2024

Қайтарылған жерді тиімді пайдалану маңызды

67 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Әлеуетті меншік иелеріне қойылатын топырақ сапасын, өсімдік жамылғысын сақтау, жайылымдардың тозуын болдырмау, ауыспалы егістерді сақтау және жерді ұтымды пайдалану тиімділігін арттыру бо­йынша басқа да қарсы міндеттемелер қолданыстағы конкурстардағы талаптарда күшейтіледі.

Қайтарылған жерді тиімді пайдалану маңызды

Фото: elinform.kz

Мұндай тапсырманы 2024 жылғы 3 сәуірде өткен пайдаланылмай жатқан және заңнаманы бұза отырып берілген жерлерді алып қою мәселелері жөнін­дегі комиссияның кезек­ті отырысының қорытын­ды­сында Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұман­ғарин берді.

Жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы Мұрат Теміржановтың айтуынша, 2024 жылдың басынан бері ауыл шаруашылығы мақсатындағы 391,2 мың гектар, ал 2022-2024 жылдары барлығы 10,4 млн гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылған. Оның 3,7 млн га жері жергілікті халық­қа қайта бөлінді (жалпы мақсаттағы мал жаюға – 1,72 млн га, конкурстық негізде бөліп пайдалануға – 1,69 млн га).

«Айта кету керек, ауыл шаруашылығы жерлері­нің 4,4 млн га немесе 2022 жылдан бастап ел бойынша қайтарылған барлық жердің 44%-ы бұрын 204 ірі кәсіпкерлік субъектілерінің қолында болған», деп хабарлады Мұрат Теміржанов.

Жайылым тапшылығын азайту үшін әкімдіктерге, жалпы пайдалануға, мал жаю үшін 562,1 мың га жайылымдық жер бекітіліп берілген, 65,1 мың га жайылым жер пайдалануға конкурстық негізде берілген, 746,6 мың га резервке қойылған. Елдi мекендер шегiне 97,3 мың га жайылымдық жер енгiзiлдi.

«Бүгінде біздің негізгі міндетіміз – жерді қайтару ғана емес, тиімді пайдалану және жер пайдаланушыларды бақылау. Алынған жерлер­ді пайдалану мен жақсарту үшін жауапкершілікті күшей­ту қажет. Байқау шарттарын бизнес-қоғамдастық­пен, әкімдіктермен және басқа да мүдделі қатысушылармен талқылаған жөн. Топырақты, өсімдік құрамын сақтау, заманауи технологияларды пайдалану бойынша қарсы міндеттемелер қою керек. Ол үшін жерді бөлудің жаңа ережелері мен қағидат­тарын әзірлеу қажет», деді С.Жұманғарин.

Қанатқақты режімде Мем­лекеттік жер кадастры­­ның және техникалық зерт­теу­дің автоматтандырылған ақ­параттық жүйесі 2.0 жер пайдаланушының есептік жазбасы құрылды. Онда топырақтың (қарашірік, жылжымалы минералдар) және өсімдік жамылғысының жай-күйінің жоғары сапалы агрохимиялық сипаттамасы бар жер учаскесі туралы ақпарат болады. Оны ұтымды пайдалану критерийлеріне сәйкестігін қамтамасыз ету үшін бес жыл сайын учас­кені зерттеу жұмыстары жүр­гізіледі. Егер өнімділіктің нашарлауы анықталса, тиісті шаралар қабылданады.