Қоғам • 06 Сәуір, 2024

Бөгеттер тасқынға төтеп бере алмады

162 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақтөбе облысы аумағындағы  өзендер бойындағы  206   гидротехникалық құрылғы әбден тозған, стратегиялық нысандардың көбі шаруа қожалықтарының иелігіне  өтіп кеткен, деп хабарлайды Egemen.kz.

Бөгеттер тасқынға төтеп бере алмады

Бүгінде Ақтөбе облысында судың тасу қаупі бәсеңдеді, бірақ жағдай кез келген уақытта өзгеріп кетуі мүмкін.  Әсіресе, аудандардағы бөгеттер мен дамбылар тосыннан келген тасқынға төтеп бере алмай жатыр. Соның бірі – Әйтеке би ауданындағы «Щербаков» бөгеті мен Алға ауданындағы сыйымдылығы 15,8 млн текше метр болатын Мағаджан су қоймасы.  1985 жылы пайдалануға берілген Мағаджан дамбысы «Тұлпар» ЖШС-і серіктестігінің иелігінде болып шықты. Гидротехникалық құрылғы Алға ауданындағы жеке шаруа қожалығының су жинайтын бөгеті ретінде пайдаланылып,  мемлекеттік қадағалау қызметінен тыс қалғаны су қоймасының бөгеті жанында орналасқан Бесқоспа ауылына қауіп төнгенде белгілі болды. Мағаджан су қоймасының жанында орналасқан Бесқоспа ауылының 200 тұрғыны Ұлттық ұланға тиесілі «Ми-171Е» ұшағымен Бестамақ ауылына эвакуацияланды. Мағаджан қоймасының бөгетін бұзып өткен қарғын су Бесқоспа ауылының үйлері мен ауласына кірді. Қазіргі кезде осы ауыл тұрғындары Бестамақ Мәдениет үйіне уақытша орналастырылды. Сондай-ақ  Бестамаққа Қызылту ауылынан 25 адам, Табантал қыстағынан 11 адам көшірілді.

Әйтеке би ауданындағы Тереңсай дамбысының бұзылуынан Әйке ауылына су кірді. Ақтөбе облысына көмекке келген Қызылорда облыстық ТЖД қызметкерлері Әйке ауылынан 188 адамды үрмелі қайықпен Тереңсай және Т. Жүргенов ауылдарына эвакуациялады және тікұшақпен су айдындарының жағдайын бақылады. Мотопомпаның көмегімен 4 мың текше метр су сорылып, Тереңсай бөгетіндегі су арнасын басқа бағытқа бұру жұмыстары жүргізілді.