Қоғам • 06 Сәуір, 2024

Бірде-бір адам ескерусіз қалмайды – Мәулен Әшімбаев

157 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қарғын судың салдарынан еліміздің бірқатар өңірінде күрделі жағдай қалыптасып отыр. Бұл туралы Мәулен Әшімбаев өзінің Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Бірде-бір адам ескерусіз қалмайды – Мәулен Әшімбаев

Сенат төрағасының айтуынша, мұндай ахуал соңғы 80 жылдан бері болмаған. Қарғын судың салдарынан еліміздің бірқатар өңірінде күрделі жағдай қалыптасып отыр. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына үндеуін жариялап, тасқынның салдарын жою үшін қабылданып жатқан шараларға тоқталды.

«Президентіміздің тапсырмасына сәйкес Премьер-министрдің басшылығымен Республикалық штаб құрылды. Үкімет мүшелері және тиісті ведомство өкілдері апат болған аймақтарда жүр. Қиын ахуалды еңсеру үшін күштік құрылымдар да белсенді атсалысып жатыр. Барлық құтқару жұмыстары Мемлекет басшысының тікелей бақылауында.

Осы ретте Парламент, оның ішінде Сенат депутаттары да өңірлерге барып, тасқын суға қарсы іс-қимыл жөніндегі өңірлік жедел штабтардың жұмысына үлес қосып жатқанын атап өткен жөн. Сенаторлар апаттың беті қайтып, жағдай тұрақталғанша тұрғындармен бірге болады. 

Мемлекет басшысы зардап шеккен азаматтардың шығындары толық өтелетінін айтты. Бірде-бір адам ескерусіз қалмайды. Осыған орай мемлекеттік материалдық резервті пайдалану тапсырылды.

Президентіміз атап өткендей, алдағы уақытта апаттан тиісті сабақ алып, қорытынды шығаруымыз керек. Соған сәйкес алдын алу жұмысындағы кемшіліктерді жойып, ондай олқылықтардың қайталанбауын қамтамасыз етуіміз қажет.

Осындай күрделі кезеңде жалған ақпаратқа бой алдырмай, ресми көздер таратқан мәліметтерге ғана жүгіну де аса маңызды. Сондай-ақ мұндай жағдайда қоғамның жұдырықтай жұмылып, бірлесіп әрекет еткені абзал.

Қазірдің өзінде өңірлерде волонтерлер мен жергілікті тұрғындар өз күштерімен тасқынға тосқын болып жатқанын білеміз. Өзге облыстардағы азаматтар мен кәсіпкерлер де белсенділік танытып жатыр. Осындай бекем бірліктің арқасында бұл қиындықты да еңсеріп шығамыз деп толық сенеміз», деп жазды Мәулен Әшімбаев.