Ғылым • 07 Сәуір, 2024

Әл-Фараби мұрасы жаңа қырынан зерттеліп жатыр

160 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 90 жылдығы аясында ІІІ халықаралық Фараби форумы өтті. Ғұлама ғалымның бай мұрасын жаңа қырынан зерттеу, отандық және шетелдік фарабитанушыларды біріктіріп, жаңа зерттеулерді саралауды мақсат еткен «Әл-Фараби және қазақ халқының рухани мұрасы» тақырыбындағы конференцияға Қазақстанның және өзге елдердің ғалымдары қатысты.

Әл-Фараби мұрасы жаңа қырынан зерттеліп жатыр

Жиынды ҚазҰУ басшысы Жансейіт Түймебаев ашып, Фараби еңбектерін терең талдап, саралау қазіргі фарабитанушы ғалымдардың басты міндеті екенін жеткізді. 

«Әл-Фараби феномені – шын мәнінде теңдесі жоқ құбылыс. Әбу Насыр әл-Фараби – ұлы ойшыл ғана емес, ол – адамзаттың рухани өрлеуіне ықпал еткен ғұлама ғалым. Ел ғалымдарының іргелі зерттеулері мен ізденіс жұмыстарының арқасында Әбу Насыр әл-Фараби есімі мәдени символымызға, ойшыл мұрасы түркі мәдениеті мен руханиятынан бастау алатын қазақ мәдениетінің қайнары ретінде ұлттық мақтанышымызға айналды. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары Ақжан Машани, Ағын Қасымжанов, Мұқаш Бурабаев, Әнуар Әлімжанов, Мұзаффар Хайруллаев, Ауданбек Көбесов, Артур Сагадеев, Құбығұл Жарықбаевтар әл-Фарабидің мұрасын зерттеп, насихаттау ісіне ұшан-теңіз үлес қосты. Енді алдыңғы буын фарабитанушылардың еңбектерін кейінгі жас ғалымдар жалғастыруы керек», деді ректор.

Өз кезегінде   Түркия Республикасының Алматы қаласындағы бас консулы Мудеррисоглу Эврен «Әл-Фараби – түркі әлеміне ғана емес, ислам әлеміне өзіңдік леп алып келген тұлға. Оның еңбектері мен философиялық ойлары әлі күнге дейін өзектілігін жоғалтқан емес. Сондықтан Фараби еңбектерін, ғылыми зерттеулерін жан-жақты қарастыру жұмыстары ешқашан тоқтамайды деп санаймын. Осы тұрғыда ҚазҰУ-да дәстүрлі түрде өтетін форум әл-Фараби мұрасын жаңа бағытта зерттеуге мол мүмкіндік береді», деп атап өтсе, «Әбу Насыр әл-Фарабиді Иран халқы ұлы ғұламалардың бірегейі ретінде жақсы таниды. Ойшыл медицина, философия, ғылым, білім және басқа да салалар бойынша белсенді жұмыс істеді. Оның әрбір ойы, пікірі, пайымы өте құнды. Ол араб тілінің лексикасын нығайтуға сүбелі үлес қосып, ғылымды ілгерілетуге, адам санасын дамытуға септігін тигізді», деді Иран Ислам Республикасының Алматы қаласындағы бас консулы Фағани Мухсин.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметінің мәліметінше, тағылымды басқосуда Түрік халықтары философия қоғамының Қазақ комитеті мен оқу ордасы ғалымдарының бастамасымен жарық көрген «Түрік философиясының антологиясының» көптомдық кітабының тұсаукесері өтті. Төрт томдық антологияға Ұлы даланы көне заманнан бері мекендеп келген түрік халықтары мен ұлыстарының философиялық және діни-мифологиялық дүниетанымына қатысты мәтіндер мен оларға берілген ғылыми талдаулар енгізілді. Әл-Фараби еңбектерінің топтамасы беріліп, адамзат ойшылы өмір сүрген дәуірдегі түрік өркениетінің рухани болмысы байыпталған. Ғұлама ғалымның түрік мәдениеті мен философиясындағы орны мен рөлі де бағамдалған.

Жиын барысында Сирияның Қазақстандағы құрметті консулы  Дерех Самир, Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің ректоры, профессор Мұхаммед әл-Жинди, шетелдік ғалымдар мен фарабитанушылар баяндама жасады.

Форум жұмысы ары қарай секцияларда жалғасты.

Э.Серікқызы

АЛМАТЫ