Үкімет • 08 Сәуір, 2024

Күн тәртібі бекітілді

105 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалы­ғымен өткен бюрода алдағы жалпы отырыстың күн тәртібі нақтыланды.

Күн тәртібі бекітілді

Депутаттардың талқылауына «Жол жүрісі туралы» заң жобасы мен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс­ке жекелеген көлік құралдарының түрлерінің қозғалысын ұйымдастыру және жол қозғалысы қауіпсіздігін цифрландыру мәселелері бойынша енгізілетін өзгерістерді бірінші оқылымда қарау ұсынылды.

Парламент депутаттары бастамашылық жасаған түзетулер шағын электр және көлік құралдарының жекелеген түрлерінің қозғалысын бақылауды жүзеге асыру және жол қауіпсіздігін цифрландыру мәселелерін қамтиды. Қозғалтқыш көлемі 50 текше см-ден кем мопедтерді мемлекеттік тіркеу көзделеді, сондай-ақ олар­дың жүргізушілеріне қойылатын талаптар белгіленеді. Жергілікті атқарушы органдарға электр скутерлерін пайдалану тәртібін айқындау бойынша құзырет беріледі. Жол қозғалысы қауіпсіздігін цифрландыру аясында сертификатталған арнайы бақылау-өлшеу құралдары мен аспаптарын пайдалану тәжірибесі кеңейтіледі.

Алдағы жалпы отырыста Қазақстан мен Қырғыз үкіметтері арасындағы «Қарасу» және «Ақтілек» автожол өткізу пункттері ауданындағы индустриялық сауда-логистикалық кешеннің қызметін құру және реттеу туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасы қаралатын болады.

Сондай-ақ Мәжіліс комитеттері «Нысаналы капитал қорлары (эндаумент-қорлар) туралы» және «Биологиялық материалмен алмасу туралы келісімді ратификациялау туралы» жаңа заң жобаларын жұмысқа алады.