Аймақтар • 08 Сәуір, 2024

Қалпына келтіру жұмысына кірісті

227 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қарағанды облысындағы су тасқыны жағдайы тұрақталды. Дегенмен екінші толқын тасқын болады деген болжам бар. Соны ойлаған жергілікті атқарушы орган, төтенше жағдайлар департаменті мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері жұмысты күшейтіп жатыр. Тәулік бойы кезекшілік жүргізіліп тұр.

Қалпына келтіру жұмысына кірісті

Комиссия жұмысын аяқтап қалды

Жұма күні облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Шет ауданына барып су тасқынынан зардап шеккен елмен кез­десіп, апат салдарын жою жө­ніндегі штабтың отырысын өткізді. Аймақ басшысы дүйсенбіге дейін кел­тіріл­ген барлық шығынды есептеп аяқтауды тапсырды.

«Қазіргі кезде аудандық комиссия белсенді жұмыс істеп жатыр. Үйлерді техникалық тексеру аяқталды, оны аккредиттелген ұйым жүргізіп жатыр. Төлемді осы аптада бастаймыз. Сонымен қатар зардап шеккендерге 100 АЕК көлемінде біржолғы материалдық көмек көрсетіледі», дейді Шет ауданының әкімі Мұхит Мұхтаров.

Ветеринарлық станса мамандарынан құралған комиссия тобы малдың шығынын да есептеді. Су тасқынынан 22 жылқы, 72 ұсақ мал және 17 ірі қара өлген. Келтірілген шығын иелеріне өтеледі.

Бұған қоса ауданда су шайған ішкі жолдарды қалпына келтіру жұмыстары басталып кетті. Аудан ауылдарында су тасқыны кезінде 39 мың текше метр еріген су сорылып, 45 мың дана құмды қап төселіп, қорғаныс оқпандарын нығайтуға 2,5 мың тонна инертті материал жұмсалды.

«Аймағымызда су тасқынының қауіпті кезеңі өтті. Өзара бірлігіміздің арқасында біз облысымызда су тасқынының залалын барынша азайттық. Біздің барлық 237 гидротехникалық құрылыстарымыз үздіксіз жұмыс істеп, қажетті су көлемін қабылдады. Биыл Шерубай-Нұра су қоймасы арқылы 256 млн, ал Самарқанд және Ынтымақ су қоймаларынан 410 млн текше метр су өтті. Мұндай су көлемі 2017 жылы болған еді. Көбі сол жылы су тасқыны салдарының қандай болғанын біледі. Бұрын қабылданған шаралардың су тасқынының салдарын азайтуда маңызды рөл атқарғанын атап өткім келеді. Біз барлық шығынды қалпына келтіруге көмектесеміз. Жұмыстар басталып кетті. Ауылдарды су басып қалмас үшін біз облыстық маңызы бар үш жолды қазуға мәжбүр болдық, ендігі екеуі қалпына келтірілді. 8 жол учаскесін су шайды, төртеуі қалыпқа келтірілді. Сондықтан әзірге жол қозғалысында қиындықтар туындауы мүмкін. Қалған жолдарды да тездетіп қалпына келтіреміз. Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қостанайдағы күрделі жағдайды ескере отырып, біз ондағы елге қолдау көрсетуге дайынбыз. Осы ретте біздің жерлестерімізді және кәсіпкерлерді қолдау білдіруге ша­қырамын. Мұндай сын сағатта бір­лігімізді танытып, қолдау көрсету аса маңызды», деді облыс әкімі.

 

Күні-түні кезекшілік күшейтілді

Космомониторингтің мәліметінше, облыс аумағының 20 пайызында қар жамылғысы қалды.

«Ақтоғай ауданындағы Тоқырауын өзенінің арнасы бойындағы жекелеген елді мекендерде бөлімшелердің кезек­ші­лігі жалғасып жатыр. Сон­дай-ақ негізгі күшіміз Нұра ауда­нының аумағында шоғырланған. Онда ТЖД бөлімшелерінің, әскери қолбасшылықтың және жергілікті атқарушы органдардың күшімен жеті елді мекенде Нұра өзенінің арнасы бо­йында нығайту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Өзендегі мұздарды да жарып жатырмыз», дейді облыстық төтенше жағ­дайлар департаментінің бастығы Мұрат Қатпанов.

Самарқанд және Жартас су қойма­ла­рынан су ағызу жылдамдығы төмендеді. Ынтымақ су қоймасынан секундына 1 200 текше метр су ағызу жалғасуда. Осы су қоймасының төменгі ағысында жағдай тұрақты, кешелі бері барлық елді мекендерде су деңгейі төмендеді. Алайда тәулік бойы кезекшілік тоқтатылмайды. Су жағалаулары инертті қаптармен бекітіліп жатыр.

Сонымен қатар қарғын судың астында қалған ауылдағы ағайынға жан-жақты гуманитарлық көмек көрсетіліп жатыр. Қоғам белсенділерінің және волонтерлердің бастамасымен Қарағанды қаласында гуманитарлық көмек жинау бекеттері ашылды. Су басқан ауданға арнайы жүк көліктерімен киім-кешек, көрпе-төсек, тұрмысқа қажетті заттар мен азық-түліктер жіберіліп жатыр. Қайырымдылық керуені су басқан аумақ­тарға барып, тұрмысқа қажетті заттар тапсыруда. Бейсенбіде Қарағанды қаласындағы «Достық үйі­нің» алдынан шыққан екі газель көлігі тұрғындарға керекті заттарын жеткізді.

– Бірлігі жарасқан елдің жанашыр­лығы сыналатын шақта жергілікті әкім­діктер мен мәслихаттар, депутаттар, партияластар, бюджеттік және азаматтық ұйым­дардың өкілдері, дін қызметкерлері, жастар тарапы белсенділік танытып, халықтың күші бірлікте екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Үйімізді су басқалы қолұшын берген жандар қаншама. Гу­манитарлық көмектер ұсынылып жатыр. Қарғын судан зардап шеккен ауылдағы ағайынға жақсылық жасауға асыққан қарағандылықтарға, басқа да рес­публикадан көмек жолдаған азамат­тарға алғысым шексіз, – дейді Қайрақты ауылының тұрғыны Талғат Шәріп.

Сонымен қатар Төтенше жағдайлар министрлігі мен «Біз біргеміз» қорының өкілдері Қайрақты ауылына тікұшақпен азық-түлік, жылы киім мен дәрі-дәрмек жеткізді.

 

Қарағанды облысы