Саясат • 08 Сәуір, 2024

Екі елді біріктіретін құндылық көп

177 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Әзербайжан мен Қазақстанның ынтымақтастығы бүгін ғана қалыптасқан жоқ. Екі елдің байланысы ғасырлар бойы жалғасып келеді. Өйткені қос халықты біріктіретін дүние көп. Тілдері, дәстүрлері, мәдени, діни және этникалық құндылықтары да ұқсас.

Екі елді біріктіретін құндылық көп

Бұдан басқа, Әзербайжан мен Қазақстан мемлекеттерінің басшылары ынтымақтастықты дамыту үшін көп күш жұмсап жатқанын айтып өту керек. Мәселен, екі жыл бұрын елдеріміз дипломатиялық қатынастардың орнағанына 30 жыл толуын атап өтті. Бүгінде тараптар көптеген халықаралық ұйым аясында екіжақты және көпжақты форматта ортақ байланысты жандандырып келеді. Осы күні екі мемлекеттің өзара іс-қимылы саясат, экономи­ка, сау­да, транзит, көлік, ауыл шар­уа­шы­лығы, мәдени-гума­ни­тарлық ынтымақтастық және тағы да басқа салаларды қамтиды. Бұл ғана емес, қазір Қазақстан мен Әзербайжан қарым-қатынастарының ауқым­ды шарттық-құқықтық базасы бар. Тараптар арасындағы стра­тегиялық серіктестік пен одақ­тастық қатынастар туралы алғашқы құжатқа 2005 жылы Баку қала­сында қол қойылды. Стра­те­гиялық әріптестік тарихында тараптар арасында ешқандай мәселелер туындаған жоқ. Тіпті Каспийдің құқықтық мәртебесіне қатысты тараптар қысқа мерзімде келісімге келе алды. Сонымен бірге екі ел халықаралық аренада да табыс­ты өзара іс-қимыл жасап отыр. Кейінгі бір жарым жылда тараптар арасында 40-тан астам екіжақты құжатқа қол қойылды.

Мәдени құндылықтарымыз мен дәстүрлеріміздің ұқсастығына байланысты екі ел арасындағы гуманитарлық қатынастар да жылдар бойы жемісін беріп келеді. Тараптар тәуелсіздік алғанға дейін ХХ ғасырдың 80-жылдары Әзербайжанда қазақ ақыны Олжас Сүлейменовтің «АзиЯ» атты кітабы жарық көрді. Ал 1990 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесінің сессия­сында сөйлеген сөзінде Олжас Сүлейменов Әзербайжанның әділ ұстанымын қолдап, әлемдік жұртшылыққа жеткізді. 2021 жылы Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев елдер арасындағы мәдени байланыстарды дамытуға қосқан үлесі үшін қазақ ақынын «Шараф» орденімен марапаттады. Бейресми мәліметтер бойынша, қазір Қазақстанда 200 мыңға жуық әзербайжан тұрады. Олардың үштен бір бөлігі Түркістан облысында қоныс тепкен.

ХХ ғасырдың 90-жылдарынан бастап Қазақстанда Әзербайжан мәдениетінің орталықтары жұмыс істейді. Осы арада атап өту керек, 2023 жылғы сәуірде Қазақ­станда Президент Ильхам Әлиев­тің ресми сапарында өзара мә­дениет күндерін өткізу туралы шешім қабылданды. Сол жылы желтоқсанда Бакуде Мәде­ниет және ақпарат министрі Аида Балаеваның қатысуымен Әзер­байжанда Қазақстанның мәде­ниет күндері өтті. Сондай-ақ 2023 жылы Қазақстанда Әзер­бай­жанның жалпыұлттық көш­бас­шысы Гейдар Әлиевтің жүз жылдығына арналған бірқатар іс-шара өтті. Астана қаласында оның құрметіне көше ашылды. Сонымен қатар Г.Әлиевтің өмірі мен қызметіне арналған деректі фильм «Қазақстан» телеарнасында көрсетілді. Қазір қос елдің жас­тары арасындағы байланыс­тарды дамытуға ерекше назар ауда­ры­­лып отыр. Бірлескен жұмыс медиа кеңістікте де жүргізіліп жа­тыр.

Сонымен қатар екі елдің бір­лес­кен мәдени іс-шаралары жиі ұйымдастырылады. Айталық, 2010 жылы Л.Н.Гумилев атын­да­ғы Еуразия ұлттық уни­вер­си­тетінің жанынан Қазақ­стан­да Әзербайжанның жалпы­ұлт­тық көшбасшысы Гейдар Әлиев атындағы орталық ашыл­­са, 2011 жылы Баку мем­ле­­кеттік университетінің жанынан Абай Құнанбайұлы атын­дағы Қазақ тілі, тарихы және мәде­ниеті орталығы құрылды. Тараптар арасындағы білім беру мекемелеріндегі тағылымдамалық бағдарламалар да тиімді жұмыс істеп келеді. 2019 жылы М.Ахундов атындағы Әзербайжан Ұлттық кітапханасында Қазақстан әдебиеті мен мәдениеті орталығы ашылды. Сондай-ақ 2019 жылы Қазақстан Президент орталығы мен Гейдар Әлиев қоры, Әзербайжанның әлеу­меттік зерттеулер орталығы ара­сында ынтымақтастық тура­лы меморандумдар жасалды. 2021 жылы әзербайжан жазу­­шы­лары А.Айвазов, Э.Гулиев, Н.Абдулрахманлы, Э.Қараханлы және И.Ілияслы қазақтың ұлы ақыны Абайдың кітаптарын Әзербайжан тіліне аударды.

Бұдан басқа, екі елдің арасын­дағы гуманитарлық қаты­настар халықаралық ұйым­дар, оның ішінде түркітілдес елдердің мә­дениет министрлерінің тұ­рақ­ты кеңесі аясында да дамып жатқаны қуантады. Гума­ни­тарлық ынтымақтастық сала­сындағы бірлескен жобалар ТҮРКСОЙ ұйымы аясында да жү­зеге асып жатыр. Бұл мәдени-гуманитарлық саладағы ынты­мақ­тастық Әзербайжан мен Қа­зақстан арасындағы бауыр­лас­тық қатынастардың одан әрі дамуына ықпал етері анық.

Әзербайжанның маңызды стратегиялық серіктесі бола отырып, Қазақстан әрқашан елдің аумақтық тұтастығын қолдайтыны да біз үшін маңызды. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжанға мемлекеттік сапары қарсаңында Қазақстан Оңтүстік Кавказ аймағында бей­біт­шілік шартына тезірек қол қоюды және бейбітшілік орнатуды қолдайтынын білдірді. Сондай-ақ Мемлекет басшысы қазақ компанияларының Әзер­байжанның Қарабақ өңірін жаң­­ғырту бағдарламасына қа­ты­суға мүдделілігін атап өтті. Жақында Әзербайжан мен Қазақстан мемлекеттері басшы­ла­рының қатысуымен Қазақ халқының Әзербайжанға сыйы ретінде Физули қаласында Құр­манғазы атындағы балалар шы­ғар­машылығы орталығы ашылды. Бұдан басқа, Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ компаниясының Физули қаласындағы орталық аудандық аурухана құрылысына қатысу ниеті туралы айтты. Осының өзі-ақ Әзербайжан мен Қазақ­станның екіжақты және көпжақты форматтағы ын­тымақ­тастығы табысты дамып жат­қанын дәлелдейді. Сондай-ақ ха­лықаралық және өңірлік мәсе­ле­лер бойынша ұстанымдары ортақ. Сондықтан болашақта да қос ел бар­лық салада өзара іс-қимылды дамытуға күш салуға ниетті.

 

Роза БАЙРАМЛЫ,

Әзербайжан халықаралық қатынастарды талдау орталығының кеңесшісі