Ырғыз ауданының Ақши елді мекенінде бір үйге, Қарасай елді мекенінде үш үйге су кірді. Осы күндері тасқынның беті қайтып, өзен арнасы сәл төмен түссе де, тұрғындардың су кірген баспаналарына кіруі өте қауіпті. Тасқын су Аманкөл, Қызылжар, Нұра, Құмтоғай, Ырғыз ауылдары тұрғындарының өріске шығарған малын ағызып кеткен, бірнеше қыстауға, қораға су кірді. Осы ауыл тұрғындары далалықтағы малының қаншасы суға кеткенін біле алмай отыр. Өйткені, жайылымдағы малды түгендеуге су тартылғанша ешқандай мүмкіндік жоқ. Ал ауыл шетіне дейін жайылған судың қашан кері тебетіні белгісіз.
Ырғыз өзеніне бірнеше бағыттан су келеді. Осы өзеннің Мұғалжардан бастау алатын Шетырғыз, Талдық, Әйтеке би ауданы аумағынан келетін Бақсайыс, Өлкейек салалары тасып болды. Енді Торғай өзенінен келетін көлемді су бар. Торғай бұл жаққа арнасынан асып келсе, Нұра елді мекеніне қауіп төндірмекші. Нұра – Ырғыз және Торғай өзендерінің қосылатын жері. Екі өзеннің суы осы жерде қосылып, бірге ағып Құрдым деген жерде жер астына сіңеді.
Қазіргі таңда Ырғыз өзенінің суы Тәуіп ауылдық округінің Құйлыс, Жайсаңбай ауылдық округінің Жайсаңбай елді мекендеріне барып, осы жақтағы кеуіп кеткен шағын көлдерді толтырды. Бұл жаққа енді судан қауіп төніп тұрған жоқ. Торғай өзені мен Ырғыз өзенінің Телғара саласынан келетін тасқыннан қауіптенген Нұра және Мамыр ауылдарының тұрғындары ауыл шетіндегі бөгеттерді биіктетуге кірісті.
Ақтөбе облысы