Еңбек • 08 Сәуір, 2024

Адал еңбектің құны

222 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

«Әрбір адал адам адал еңбегімен адал табысқа жетеді». Бұл – Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында айтқан сөзінің бірі. «Қағидамыз – әділдік, тірегіміз – жауапкершілік, мақсатымыз – өрлеу» деген Президент осы құндылықтарды берік ұстанудың маңыздылығын айтты.

Адал еңбектің құны

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

«Адамды адам еткен еңбек» деген жақсы сөз бар. «Адал еңбек – бүкіл жетістіктің бастауы, та­бысқа жетудің кілті, мемлекет осы басты қағидат барлық жерде салтанат құруы үшін бәрін жасайды», деген Мемлекет басшысы бұл мәселеге ерекше мән беріп отыр. Алайда бүгінгі еңбек адамын «Еңбектің қоғамда қалыптасқан қадірі мен мәртебесіне оның құны қаншалықты сәйкес келеді?» деген сұрақ алаңдатады. Қоғамда қол еңбегінің қадірі мен мәртебесі ой еңбегінен төмен болмағаны дұрыс. Десек те екеуінің арасын­дағы алшақтық неге тым көп? Бұл алшақтық еңбекақының әділ бағалануына әсер етпей ме?

Рас, ой еңбегі мен қол еңбегінің арасындағы алшақтық еңбектің қоғамдағы мәртебесіне ықпалын тигізеді. Атап айтқанда, кәсіби арнайы оқу орындарына баратын жастардың құлшынысын төмендетіп, өндірістегі кәсіби білімі мен біліктілігі бар қатар­дағы қарапайым жұмысшы кадр­лар тапшылығын күшейтеді.

Кез келген мекемеде еңбекақы қорының көлемі орташа еңбекақы деңгейімен жоспарланады. Меке­менің барлық қызметшісі бірдей еңбек етеді: күн сайын сегіз сағат жұмыс уақытын бәрі де бірдей өтейді, жұмыс уақыты кезінде міндеттелген қызметтері бойынша жұмыс көлемі толық орындалады. Мүдде ортақ, мақсат  біреу, бірақ тапқан табыстың әділ бөлінбеуі өкінішті...

Қолдың еңбегін ой басқарады, ойдың еңбегін қол жүзеге асырады. Сол секілді мекеме де ті­рі ор­ганизм секілді, оның іске асы­ратын негізгі қызметін бөліп қарауға болмайды, олар біртұтас өндірістік циклді бірдей қамтамасыз етеді. Ендеше, бұл екеуінің еңбекақысы неліктен бөліп қарастырылады? Ең жо­ғары еңбекақы мен ең төменгі еңбекақының арасы неге тым алшақ?

Біліктілікті қажет ететін, қажеттілігі жоғары қызмет түрі немесе күрделілігі мен маңыз­дылығы төмен деген негізделмеген сылтаумен біріншісіне көп ақы, ал екіншісіне тым аз ақы тағайындау дұрыс емес.

Әрине, еңбектің құны атқа­рылған жұмыстың білікті­лігі­не, күрделілігіне, сандық және сапалық көрсеткіштерімен тікелей анықталғаны дұрыс. Бұл ретте мекеме басшысына еңбекақы жүйесін бекіту құқығы берілген. Бұл дұрыс емес. Себебі көп жағдайда штаттық кесте қалыптасқан нарықтық жағдайды ескермейді, нағыз кәсіби мамандардың сұранысына бейімделмейді. Сондықтан да бұл мәселеде мекеме басшысына дербес құқық жоғарыдан белгіленген нормалар аясында ғана берілуі керек. Ғылыми негіздемесі жоқ субъективті көзқараспен бекітіл­ген еңбекақы мөлшері еңбек адамының қажетін өтей алмайды, оның ынтасына сүйеу, жігеріне тіреу, адал еңбек етуіне кепіл бола алмайды.

Мекеме басшысы бүгінгі күні бәсекелестік орта қалыптаспаған жағдайда өндіріс үдерістерін механикаландыру, автоматтандыру, цифрландыруға мүдделі ме? Әрине, еңбекақысы аспандап тұрған, бәсекеге мұқтаж емес басшының еңбек өнімділігін арттыруға құлқы болмайды. Өз мүддесін өндіріс мүддесінен жоғары қойған басшы өндіріс күштерін үнемі күшейтіп, үздіксіз еңбек құралдарын жетіл­діріп отыруға мүдделі емес.

Осы орайда Еңбек туралы заң аясында сәйкес тетіктерді қарастыру қажет. Бүгінгі таңда Кәсіподақ туралы заң да, үш­жақты Ұжымдық шарттың да мұны реттеуге қауқары жоқ. Өйткені елімізде еңбек жағдайын мейлінше жеңілдету жұмыстары қажетті деңгейде жоспарланбайды, жүйелі жүргізілмейді, терең зерттелмейді, дұрыс баға­ланбайды, сондай-ақ бұл еңбек үдерісінің тұрақты көрсеткіші болып саналмайды.

Мемлекеттік мекемелердің кеңселеріндегі құжат айналы­мының, мәліметтер ағынын та­лдаудың ең ауыр жұмыстарын цифрландыру жұмыстары да тым баяу жүргізіледі, ақпа­рат­тан­дырудың жаңа технологиялары ой еңбегі қызметкерлерінің санын қысқартады деген қорқы­ныш басым. Дегенмен кеңсе жұ­мыстарын бюрократиядан арылту ой еңбегінің ауыр жұмыс­тарын да біршама жеңілдетері сөзсіз.

Тиімділікті ойлайтын басшы шешімдерді қарамағындағы қызметшілерімен ақылдаса отырып шығаратыны белгілі. Десек те қазір басқарушы кадрларды ой еңбегінің өкілі деп айтудың өзі де қиын. Өндіріске қажет болатын тиімді шешімнің жобасын да басшының қоластындағы қатардағы қызметшілері дайын­дайды. Ал бұл ретте тек құжатқа қол қойып отырған басшыны ой еңбегінің өкілі деп айту қаншалықты қисынға келеді? Мәселен, егер еңбекті бағалау көр­сеткіштері тізіміне «кәсіби маман» немесе «кәсіби басшы» нор­маларын қатаң міндеттеп бі­рінші кезекте енгізсек, көптеген бас­қарушы кадрдың жұмыссыз қала­тыны сөзсіз. Ал бүгінгі күні қан­шама қол еңбегінің кәсіби бі­лім­ді де білікті мамандары меке­ме­лердің еңбекақы төлемінің әділ бол­мағандығынан жұмыссыз жүр…

Жапон елінде мекеменің өндіріс көрсеткіштері төмендесе, дағдарысқа ұшыраса, бірінші кезекте оның бірінші басшының еңбекақысы қысқартылады немесе ол өз еркімен жұмыстан кетеді. Жақсы сарбазды жаман қолбасшы ғана жарға жығады. Қабілетсіз қызметшілер болмайды, қабілетсіз басшылар болады. «Балық басынан шіриді», сондықтан да оны басынан бас­тап тазалай бастайды. Әділ қоғам орнатамыз десек, біз де ең­бек үдерісіндегі дағдарыс кезін­де мекемені қатардағы еңбек­шілерден емес, бірінші кезекте қабілеті төмен басшы кадрлардан тазарту жүргізілуі қажет-ақ.

Адал еңбек адамына тиесілі назар аудармасақ, бүгінгіше біреулер біреулерден жалақыны мың есе көп алатын, миллион есе бай болатын қоғам тіршілігі жалғаса береді. Себебі адал еңбек салтанат құрған кезде ғана қоғамда даму болады, адам өмірінде әділет орнайды. «Әділетті Қазақстанды еңбекқор, адал азаматтар ғана құра алатынына кәміл сенемін», дегенді Мемлекет басшысы жиі айтады. Ендеше, біз де адал еңбек ету қағидатын санамызға сіңіріп, таза еңбегімізбен ел болашағын әділдіктің ақ жолына шығарайық.

 

Мүталап ӘБСАТТАРОВ,

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі орталық аппаратының қызметкері