Тұлға • 08 Сәуір, 2024

Шоқ тілді Шона

1078 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Шона Смаханұлы – қазақ сатирасының серкесі һәм сардары. Ол – қысқа да нұсқа жазудың хас шебері. Шығармаларын авторын айтпай-ақ жазбай тануға болады. Өйткені оның ешкімге ұқсамайтын стилі, өзіндік қолтаңбасы бар. Сөз саптасы да ерекше. Ұлттық бояуы қанық. Тіл байлығы мол.

Шоқ тілді Шона

Шона Смаханұлы – сатираның прозалық та, поэзиялық та жанрында қатар қалам тербеген жазушы. Сонымен бірге сатирада әдеби түр қалыптастырған қаламгер. Шымшыма мен шаншыма жазуда оның алдына түскен сатира саңлағы жоқ. Аз да саз жазуда, елге, қоғамға қызмет етуде Шона Смаханұлынан үйренер тұстарымыз көп.

Ол – ақын, ол – сатирик, ол – әнші, ол – жазушы, ол – ұстаз, ол – қоғам қайраткері. Сегіз қырлы, бір сырлы атпал азамат. Бұл сөзіміздің дәлелі ретінде оның жиырмадан аса кітап, жүзге жуық әнге мәтін жазғанын, Алматы қаласында 25-ке жуық балабақша мен мектеп ашқанын айтсақ та жеткілікті.

Шона Смаханұлы 1924 жылы 2 қарашада Жамбыл облысы Талас ауданына қарасты Ойық аулында туған. Әкесі Смахан солақай саясаттың зардабынан жазықсыз жапа шегіп, зұлмат құрбаны болады. Ал анасы Мешін жылғы аштықта қаза табады. Шона жетім балаларға арналған мектеп-интернатта тәлім-тәрбие алады. Абай өлеңдерін бала кезінен жата-жастана оқып, жаттап өсті. Соның әсері болар, мектепте жүрген кезден бастап өлең жаза бастайды. Ел арасында «Ақын бала» атанады. Келе-келе қоғамдағы келеңсіз көріністі сынап-мінеп, шымшыма, шаншыма, сықақ өлеңдер жазып, кейіпкерлерін келеке етеді. Содан кейін оны ел-жұрт «Шатақ шақар» деп атап кетеді. Сол кезеңді ақынның өзі былайша сипаттайды:

«Тілімді түйреуіштей сүйір етіп,

Қойды мені сықаққа үйір етіп.

Жақсыға өзім деген залалым жоқ,

Кетемін жамандарды қиып өтіп».

Сатира сардары 1984 жылы 11 қазанда «Қазақстан пионері» газетінде жарық көрген «Күлкі көбейсін» атты мақаласында: «Әсте сатирик болсам деп армандамадым десем, өтірік айтқан болып шығар едім. 5-6 класта-ақ қабырға газетінде тәртібі нашар, сабаққа үлгермейтін балаларды сынаған өлеңдерім үзбей шығып тұратын. Бірде Талас ауданы «Тамды» орта мектебіне Асқар Тоқмағамбетов келді. Мен ол кісінің өлеңдерін түгелге жуық жатқа білетінмін. Кездесуде Асқар ағаның өлеңдерін оқып бергенімде, ол қайран қалды. Байқасам, шебер қиысқан өлеңдерді жаттауым жай әуесқойлық емес, өнерге шын қызығушылық екен. Кейін мұғалім болып жүріп те өлеңнен қолымды үзгенім жоқ», дейді.

Сайыпқыран сықақшының жастық шағы Екінші дүниежүзілік соғысқа тап келеді. Буыны бекіп, бұғанасы қатпаған бозбала Отан қорғауға аттанады. Бірақ көп ұзамай ауыр жарақат алып, елге қайтады. Содан бастап ауыл мектебінде мұғалім болып он бес жылдай қызмет атқарады. Жас ұрпақты тәрбиелеудегі ерен еңбегі үшін «Қазақ КСР халық ағарту ісінің озық қызметкері» белгісімен марапатталады. 1956 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының тіл және әдебиет факультетін сырттай тәмамдайды.

1957 жылдан бастап «Қазақстан мұғалімі», «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газеттерінде, сатиралық «Ара» журналында жұмыс істеді. Кейін «Жазушы баспасында редактор, содан кейін редакция меңгерушісі қызметтерін атқарды. Осы жылдар ішінде ол қазақтың қабырғалы қаламгерлерімен тығыз байланыс жасап, әдеби ортада кеңінен таныла бастайды. Бұл сөзімізді сатира серкесінің «Лениншіл жас» газетінің 1982 жылы 27 қарашада жарық көрген «Сықақшы сыры» атты жазбасы толықтыра түседі.

«1957 жылы туған аулыма көріскенше қош сау бол деп, Алматыдан бір-ақ шықтым. Құшақ жайып қарсы алған ешкім болмаса да, Садықбек, Ізтай, Әбдікәрім, Тұмаш, Сағимен тез танысып үлгердім. Ол кезде менде кішігірім бір жинақтық қана өлеңдер бар болатын. Көпшілігі мысал-сықақтар еді. Осы Дықаң (Диқан Әбілев ағаны айтам) Жазушылар одағында секция басқарады екен. Апта сайын «Сәрсенбінің сәтті күні» деген әдеби кездесу өткізіп тұрады. Сондай кездесудің бірі Пролетар көшесіндегі № 11 үйде, кеңдеу, бірақ жарығы аз шағын бөлмеде өтті. Дықаңның ол кісілерді қалай шақырып келтіргенін білмеймін, Мұхтар, Сәбит, Сайын, Тайыр бастап, батыр ағамыз Бауыржан да қатысты. Кездесу мақсаты – үлкен жазушылар жас ақындардың жаңа өлеңдерін тыңдауы керек екен. Оннан астам жас ақын өлең оқыды. Бірінен бірі өтеді. Сусып тұрған лириктер. Мен болсам, бұғып отырмын. Өлең оқуға тайсалатын сияқтымын. Аз ғана мысал-сықақ өлеңім кімді тамсандырып, кімді риза еткен? Мазақ болмайын деп отырмын. Сейітжан ағамыз тұрды да: «Жақында алыс ауылдан бір сықақшы келген, соны тыңдайық», деді де, менің атымды атады. Ортаға қысыла шығып, осыным лирикаға ұқсайтын шығар-ау дедім де, төрт-бес өлең оқыдым. Баукең тыжырынып: «Немене, жағымпаз, мақтау өлеңнен басқаларың жоқ па?» – деп қалды. Төбемнен мұздай су құйып жібергендей болды. Сосын тәуекел дедім де, «Жапалақтың үйленуі» деген мысалымды оқи беріп едім, үлкен кісілер иықтары селкілдеп күле бастаған екен. «Ойпырым-ай, сықағым ұнамай, мені мазақтап отыр ма?» деп қалдым. «Тағы нең бар?» деді Саин ағамыз ала тақиясын әрі-бері қозғап, басына қайта киді.

«Жазығы жоқ жазған ұл,

Көп білем деп көкиді.

Әкесінің жазғанын

Аудармадан оқиды», –

деуім сол екен, Сәбең даусы қарлыға шығып, жарқылдай күліп: «Һәй, өзі бір соқты. Ол сені ғана емес, бізді де түйреп өтті» дегендерін естідім. Соңынан білдім, бұл кісілердің біразының балалары ана тілінде кітап оқи алмайды екен.

Сатира серкесінің тіл туралы шымшыма мен шаншымалары бұл шумақпен ғана шектелмейді. Мұндай шымыр шумақтарды сықақшы шығармаларынан көптеп кездестіруге болады. Мысалы, «Қойыртпақ» деген сықақ өлеңінде:

«Сосед үйдің баласы,

Аз жеген соң хлебті.

Лицосына қарашы –

Худойланып жүдепті.

 

Оқымаса, лодыр боп,

Сен де тупой боласың.

Городта саған орын жоқ,

Степте баран бағасың», –

деген анасына:

«Мен жиырмаға жеткенше,

Көп сөйлейсің, бос мама.

Зря болтайт еткенше,

Молоко бер кошкаға», –

деп жауап қатады.

Бұл өлеңнен автор былайша ой қорытады:

«Көп тіл білу мін емес,

Тек қойыртпақ – тіл емес!»

Немесе:

«Кемсініп өз тіліңді,

Өзге тілде сарнапсың.

Шырқайтын өз үнінде

Торғай құрлы болмапсың», –

деп ана тілін білмейтін мәңгүрттерді бір-ақ шумақпен түйреп өтеді.

Қазақта «Ит итті жұмсайды. Ит құйрығын жұмсайды» деген сөз бар. Сол айтқандай, біздің қоғамда мәселе ешқашан оңайлықпен шешілмейді. Өйткені кез келген мекемеде жауапкершілікті өз мойнына алмай, бір-біріне сілтеп отыра беретін жауапсыз мамандар, өкінішке қарай, тарақанша өріп жүр. Соларды сатира сардары былайша сынап-мінейді:

«Аршабай арызын бастыққа берді,

Бастық басбухқа берді.

Басбух орынбасарға берді,

Орынбасар мөрін басарға берді.

Мөрбасар хатшы Мұстаққа берді,

Мұстақ шкафқа берді.

Шкаф тышқанға берді,

Арыздың қызығын тышқан көрді».

Хакім Абай: «Құдайдан – қорық, пендеден – ұял: балаң бала болсын десең, оқыт, мал аяма!» дегені бесенеден белгілі. Солай дей тұрсақ та, кей кері кеткендер қаржы-қаражатын зияны мен зардабы зор арақ-шарапқа жұмсайды да, бала болашағына кітап алуға келгенде көк тиынын да қимайды. Сондай көрсоқырларды сатирик былайша келеке етеді:

«Біреулер бар араққа

Боталы түйенің пұлын жұмсайды.

Біреулер бар шарапқа

Құлынды биенің құнын жұмсайды.

Сол шіркіндер кітапқа

Тебен иненің тиынын қимайды».

Тауып та, қауып та айтылған сөз осындай болса керек.

Сатира саңлағы осы шығармаларын өткен ғасырдың 60–70-жылдары жазған екен. Содан бері жарты ғасыр сырғып өте шығыпты. Бірақ бұл шығармалар әлі күнге дейін маңызын жоя қойған жоқ. Шоқ тілді Шона Смаханұлының шығармалары сонысымен де құнды.

Кеңес өкіметінің тұяқ серпер жылдары, яғни жариялылық кезеңінде қазақ мектептері мен балабақшаларын ашу мәселесі ұжым мен ұйымдар атынан ұсыныс жасалып, қол жиналғаны тарихтан мәлім. Сол кезде Шона Смаханұлы Қазақстан Жазушылар одағының басшысы Олжас Сүлейменовпен келісе отырып, Одақ қарамағынан қазақ мектептерін ашумен айналысатын Мектеп кеңесін ашып, сол ұйымның төрағасы ретінде оқу-ағарту саласындағы өзекті мәселелерді Республика басшысы Дінмұхамед Қонаевтың назарына жеткізіп, тез арада қазақ мектептері мен балабақшаларын ашпаса, ұлт болашағына қауіп төніп тұрғанын айтып, дабыл қағады. Қаламгердің бұл үндеуін жазушылар мен зиялы қауым өкілдері қолдап қана қоймай, біразы Шона Смаханұлымен бірге мектептерге барып, ата-аналармен жиын өткізіп, ашылатын сыныптар мен мектептерге оқушылар тартты. Олардың қатарында Ақселеу Сейдімбек, Бексұлтан Нұржеке, Марат Тоқашбай, Орысбай Әбділда, Мұхтар Қазыбек, Ғабиден Құлахмет, Мұхамеджан Әлімбаев, Сұлтанғали Қаратаев, Медет Қайырғалиев, Марат Әбдіхалық, тағы басқа атпал азаматтар бар. Соның арқасында Алматы қаласында 25-ке жуық қазақ мектебі мен балабақшасы ашылды. Бұл – ерлікке пара-пар ізгі іс. Кезінде қазақтың белгілі айтыскер ақыны Ерік Асқаров Әселхан Қалыбековамен айтысқанда:

«Аз мектеп бар демейміз қалада біз,

Әрқайсысын бір жеңіске балағамыз.

Жиырма бес мектеп ашты Алматыда,

Топырағың торқа болғыр, Шона ағамыз», – деп толғағаны – жоғарыда айтқан сөзіміздің айғағы. Сатира саңлағының осы ерлігі мен ерен еңбегі ескеріліп, Алматы қаласындағы № 62 қазақ орта мектебіне Шона Смаханұлының аты берілді. Сондай-ақ Талас пен Таразда Шона Смаханұлы атымен аталатын мектеп бар.

Шона Смаханұлы өзінің шығар­ма­шы­лығы туралы айта келіп: «Кейбір қаламгердің шығарған кітабынан қызмет істеген жері көп, ал менің қызмет істеген жерімнен гөрі жазғаным көп. Сатиралық шығарма роман көлеміндегі кітаптай қалың болмайды, жұқалау болып шығады. Содан да жолы жеңілдеу», деген екен. Соған қарамастан ол – «Тотияйын», «Шимайбек пен Шыңқетпе», «Қу түлкінің сыбағасы», «Көріп жүр ғой көздерің, үкімін айт өздерің», «Ұры тіс», «Алтын жұмыртқа», «Ұр, тоқпағым, ұр!», «Айға ұшамын», «Жүз шымшыма, қырық қышыма», «Кездік», «Қоңыраулы шеңгел», «Сандықтан шыққан сайтан», «Өткірдің жүзі», «Жымияды жеңешем», «Жасырайын несіне?!», «Елпекбайдың телпегі», «Айнабұлақ», «Кел, балалар, күлейік», «Әнші әтеш», «Қыз сыры», «Үміт жұлдызы» атты сатиралық және прозалық кітаптардың авторы. Сондай-ақ жүзге жуық әнге мәтін жазған. Орыс тілінде «Купорос», «Ортеке», «Паутина» атты кітаптары жарық көрген.

Шона Смаханұлының сегіз қырлы, бір сырлы азамат екендігі мәлім. Оның ақындық, жазушылық һәм сықақшылық қыры туралы жоғарыда кеңінен айттық. Ал енді өнерпаздық қыры туралы айтар болсақ, ол жақсы әнші болған екен. Әсіресе халық әндерін нақышына келтіріп орындаған. Талас ауданының Ақкөл орта мектебінде мұғалім бола жүріп, ән-хор үйірмесіне жетекшілік етіпті. Сол кездері аудан және облыс көлемінде өткен өнерпаздар байқауында үздік шығып, республикалық олимпиадада бас жүлдені жеңіп алады. Ол өзінің «Әнді сүйсең, менше сүй» атты жазбасында: «Әдебиеттің басқа жанрында – сатира саласында жүріп, жылына орта есеппен төрт-бес әнге ғана текст жазған екенмін. Демек ән жазу қиынның-қиыны дер едім. Әнін Мыңжасар Маңғытаев шығарған «Фараби сағынышын» жазу үшін алдымен ұлы ғалымның өмір жолын, трактаттарын оқып шықтым. Ән өлеңдерінің сөзі түгелге жуық ашық дауысты болғаны жөн, – дей келе, – ән өлеңдері тыңдаушыға әрі эстетикалық, әрі рухани ләззат беретіндей көркем болуға тиіс. Әйтпесе тыңдаушыны сүйсіндірмейді, тамсандырмайды, сосын жатталмай, жатталса да бірте-бірте ұмытылып қалуы мүмкін. Біздің ән-өнерімізде лирикалық-философиялық өлеңдер тым аз. Ал әзіл әндер жоққа тән десе болғандай. «Бұтасына дейін ән салып» тұратын өнерпаз халқымыз үшін мұндай өлеңдер керек-ақ!» дейді. Міне, осы жазбасынан-ақ Шона Смаханұлының ән өнеріне кәсіби деңгейде назар аударғанын байқаймыз.

Қазақтың қырғи тілді сатирик жазушысы Асқар Тоқмағамбетов: «Шонаны таптым. Шонаны тауып, шындықты тапқандай болдым. Ойың, көзқарасың, пікірің бір әрі әріптес іні табу адамды ерекше қуанышқа бөлейді екен. Шона – жарқ-жұрқ еткен алмас қылыш. Батыл қаламгер бола беруі мүмкін, ал ол – батыр! Кез келген келеңсіздіктен керемет ой туғызып, тауып айтқанда таң қаласың. Шона – сатираның сарбазы емес, сардарының нақ өзі!» деп баға берген екен. Бұл – әділ берілген баға! Ал бұл бағаның қанша жыл өтсе де, құны жойылмақ емес.

 

Ермахан Шайхыұлы,

Қазақстан Жазушылар одағы Сатира кеңесінің төрағасы