Ғылым • 09 Сәуір, 2024

Білім берудегі шешімдер ғылымға, тәжірибеге негізделуі керек

105 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Еліміздегі Ғылым күні қарсаңында Назарбаев университеті Жоғары білім беру мектебінің деканы Аида Сағынтаевамен әңгімелескен едік. Аида Сағынтаева бүгінгі таңда отандық білім беруде Think tanks атанған, білім беру саласын зерттейтін ғалымдарды жинақтайтын орталық, индустрия үшін жас ғалымдар мен басшыларды даярлайтын Жоғары білім беру мектебін құрудың бастаушысы болды. Ол Жоғары білім беру мектебінде ғылыми экожүйені құруда ерекше рөл атқарады.

Білім берудегі шешімдер ғылымға, тәжірибеге негізделуі керек

Жоғары білім беру мектебінің докторанттары мен профессорлары

– Аида Қыстаубайқызы, біз Жоғары білім беру мектебі магистратура және докторантура бағдарламалары бо­йынша оқыту арқылы білім беру саласына дайындық жүргізетінін білеміз. Бүгін сіздің басшылығыңызбен қандай ғылыми жобалар, зерттеулер жүргізіліп жатқаны, олардың елімізде білім алу үшін қаншалықты маңызды екені туралы білгіміз келеді.

ыв

– Жоғары білім беру мектебінің базасында білім саласындағы мықты зерттеушілер шоғыры қалыптасты. Өйткені олар – жақсы ғылыми тәжірибесі бар шетелдерден келген ғалымдар. Қазір ол санатқа біздің мектептен түлеп ұшқан отандық жас ғалымдар да қосылды. Әдетте, мемлекеттік білім беру саясатын әзірлеу кезінде зерттеу нәтижелері негізге алынады. Сәйкесінше, зерттеудің сапасы басқарушылық шешімдердің дұрыс па, жоқ па, одан туындайтын барлық салдармен жалпы қандай болатынына әсер етеді. Менің берік ұс­танымым – шешімдер «DDD» прин­ципіне (Data-driven decision, деректер негізінде қабылданған шешімдер) сәйкес қабылдануы керек. Қазір білім берудегі зерттеулердің белсенді дамып жатқанын қысылмай айта аламыз. Сондықтан біз­дің мектептің ғалымдары Қазақстан мен Орталық Азия елдеріндегі білім беру зерттеулеріне қатысы бар әріптестерімен жинаған тәжірибесі мен білімдерін бөлісуді өздерінің негізгі мұраты санайды. Айтпақшы, осы мақсатта біз «Білім беру зерттеулеріне кіріспе: теория, әдістер мен тәжірибелер» монография­сын шығардық. Бұл – жас ғалымдар үшін ғана емес, сонымен қатар білім беру, сондай-ақ әлеуметтік ғылымдар саласындағы зерттеулермен айналысатын мамандардың кең ауқымы үшін ерекше көмек. Осы монография, біздің басқа кітаптар сияқты, мектептің сайтында көпшілікке қолжетімді екенін атап өткім келеді. Жұмыста басшылыққа алатын менің негізгі қағидаларымның бірі – зерттеу жүргізу кезінде этиканы сақтау. Біз KERA-мен (Білім берудегі отандық зерттеушілер қауымдастығы) бірлесіп, білім берудегі алғашқы салалық әдеп кодексін әзірледік. Оны әзірлеудегі басты идея – отандық зерттеушілік адалдықты қамтамасыз ету жүйесін құру мәселесі болды. Мұндай жүйенің құрамдас бөлігі Халықаралық тәжірибеде кең таралған зерттеулерді этикалық рет­теу­дің қағидаттары, нормалары мен тетіктері. Айтпақшы, бір кездері ше­тел­дік профессорлардың бірімен зерттеу адалдығының бұзылу жағдайы орын алды. Оны жұмыстан шығаруға тура келді. Мүмкін, бұл профессор үшін қатал ше­шім болған шығар, бірақ студенттерге, әріптестерге және ғылымға қатысты әділ шешім болды деп ойлаймын.

– Ғылыми жобалардың жетекшісі ретінде сіз не нәрсеге ерекше назар аударасыз?

– Отан­дық білімдегі жағдайдың көрі­­ні­сін зерт­тей отырып, зерттеу сапасы мен фактілердің шынайылығы үшін ерекше маңызы бар эмпирикалық әдістерді қолданамыз. Мәселен, біздің ғалымдар әуелі елімізді түгел шарлап шықты. Олардың бір бөлігі – шетелдіктер. Ғалымдар өңірлік университеттер орналасқан облыс орталықтарынан бастап, шағын ғана мектептері бар ең алыс ауылдармен танысты және барлық аймақтағы көптеген адаммен жұмыс істеді. Зерттеу нәтижелеріміздің мемлекеттік білім беру саясатына әсері туралы айтатын болсақ, ең әуелі жұмыс мамандығын тегін етуді ұсындық. «Педагог мәртебесі туралы» заңға, «Білім туралы» заңға академиялық еркіндік пен басқарушылық дербестік бөлігінде, жоғары оқу орын­дарындағы корпоративтік басқару туралы құжат­тар­ға өз ұсыныстарымызды енгіздік деп айта аламын. Біздің профессорлар белсенді түрде түрлі халықаралық гранттардың иесі атанып отырғанын да атап өткім келеді. Мысалы, соңғылардың бірі – Ұлыбританияның зерттеулер мен инновациялар қорының (UK Research and Innovation) Орталық Азия мен Қазақстанның жас ғалымдарын оқытуға арналған қомақты қаржыландыруы. Мұнда PEER Network атты төрт уни­верситеттің ғылыми консорциумы құрылды (Ольстер университеті, Сассекс Университеті, Назарбаев университеті және Кейптаун университеті). Оны Жоғары білім мектебінің профессоры Наурин Дурани басқарды. Орталық Азияның жаңа бастап жатқан ғалымдарын қолдауға және саяси экономикалық талдауды пайдалана отырып, жергілікті зерт­­теулер жүргізуге бағытталған жо­ба­­­ның нәтижесінде «Тhe Political Economy of Education in Central Asia» кітабы жарық көрді. Жобаға қатысқан Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстаннан келген жас зерттеушілердің алдында үлкен мүмкіндіктер ашылды. Атап айт­сақ, олар сапалы зерттеулер жүргізуді үйренді және Орталық Азиядағы саяси экономика мен білім берудің өзара байланысы айқындалған кітаптың авторлары болды. Отандық ғылым үшін сабақтастық пен жас кадрларды даярлау тақырыбын айтатын болсам, біздің ғылыми мектебіміздің оқушыларының есімдерін мақтанышпен айта аламын. Мәселен, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің ректоры Лаура Қарабасова, «Ақпараттық талдау орталығы» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Мағжан Аманғазы, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ректоры Гүлмира Қанай, осы университеттің ғылыми жұмыс жөніндегі проректоры Закир Жұмақұлов, «Үздік зерттеуші-2022» сыйлығының иегері атанған Әлнұр Әлмұхамбетова, айта берсек тауыс­паспыз. Бұлардың бәрі – біздің ғылыми мек­тебіміздің шәкірттері.

– Жоғары білім мектебінің ғалымдары қазір қандай жобаларды жүзеге асырып жатыр?

– Қазақстанда ғана емес, бүкіл Орталық Азияда білімді зерттеу саласында көшбасшы болу мақсатын басшылыққа ала отырып, біз CARCEIT атты білім инновациялары мен трансформациясының ортаазиялық зерттеу орталығын құрдық. Бұл орталық – жоғары білім беру мектебінің бір бөлігі. Біз тек зерттеу жүргізуге ғана емес, сондай-ақ өңірде білім беру сая­саты мен тәжірибесін өзгерте алатын инновациялық шешімдерді ен­гі­зуге ұм­тыламыз. Сонымен қатар Қазақ­станға да, бүкіл Орталық Азия өңі­рі­не де әсер ете отырып, білімдегі ин­но­вациялық тәсілдерді әзірлеуге және ілгерілетуге бағыт алдық. Қазіргі уақыт­та бізде білімді зерттеудің әртүрлі ас­пек­тілерімен байланысты бірқатар жоба бар. Мысалы, аутистерді оқытуға ерте араласу жобалары, жоғары сынып оқушыларының менталдық жай-күйі, аймақтық университеттерді дамыту, NEET (Not in employment, education and training –жұмыс істемейтін, оқымайтын адамдар) жастары. 2024 жылғы THE WUR рейтингінде (Times Higher Education әлемдік университеттерінің рейтингі) білім пәндері бойынша (Education) жіктелген оқу орындары арасында Назарбаев университетінің Жоғары білім беру мектебі үздік 251–300-ге кірді. Рейтинг жасау кезіндегі негізгі үлес – ғылыми зерттеулер. Олардың сапасы, беделі, ықпалы. Ғылыми зерттеулер бо­йынша біздің мектептің белгілі шетелдік жоғары оқу орындарының ғылыми көрсеткіштерімен тең және одан жоғары көрсеткіштері бар. Мұнда зерттеу сапасына баса назар аударылады.

– Сіздің бірнеше кітап пен мақала авторы әрі индустрия саласында сарапшы екеніңізді білеміз. Одан бөлек университеттерден бас­тап мем­ле­кет­тік органдарға, ҮЕҰ мен бизнес құрылымдарына дейін білім беруге мүдделі барлық тарапты жұмыл­ды­ра­тын менеджерлік қыры­ңыз да бар. Жалпы, шабытты, білім мен идеяларды қайдан аласыз?

– Ұжымдағылар да, өзім де еліміз­дегі және шетелдік жоғары оқу орын­дарындағы әріптестермен көп қарым-қатынас жасаймыз. Біз Роберт Земский, Мэтт Хартли, Марк Брей, Хилари Кремин, Крис Мерфи сияқты білім берудегі белгілі ғалымдармен, Халықаралық сарапшылармен, жалпы білім беру саласындағы мамандармен тығыз байланыстамыз. Бұл индустрияның серпінін сезінуге мүмкіндік береді. Бұдан басқа, әлем­дегі ең үздік оқу ордасының бірі Пен­сильвания университеті Жоғары білім беру мектебінің докторантурасында оқығанда, группаластарым мен университет профессорларынан үлкен жігер алдым. Одан бөлек, әрине, кәсіби әдебиеттерді оқу дағдысы өзімді қалып­тас­тыруға оң әсерін тигізді.

– Аида Қыстаубайқызы, сіз Назарбаев университеті декан­да­ры­ның арасында Қазақ­станнан жал­ғыз екенсіз. Жоғары оқу орнында оқы­ту­шылық қызметтен бастап, ғалым мен топ-менеджерге дейінгі мансап­тың әрбір сатысынан өттіңіз. Бұл жағ­дай­лар­дың жұмысыңызға әсері бар ма?

– Декандар арасында жалғыз қазақ­стандық болғандықтан, мен уни­вер­ситет қоғамдастығында Ұлттық академиялық және мәдени құндылықтарды ілге­рі­лету және сақтау бойынша ерекше жауапкершілікті сезінемін. Менің тәжірибем еліміздің ерекшелігі мен дәс­түрлерін білгендіктен, үздік әлемдік білім беру тәжірибелерін біріктіруге мүмкіндік береді. Мен өз жұмысымда университетіміз еліміздегі зерттеулер мен білім берудің алдыңғы қатарында тұруы үшін, сондай-ақ жаһандық диа­лог­ті қалыптастыруға ықпал етуі үшін қолымнан келгеннің бәрін жасаймын

 

Әңгімелескен –

Бекзат ҚҰЛШАР,

«Egemen Qazaqstan»