Былтыр мемлекеттік сатып алу порталы арқылы 63 пәтерге республикалық бюджеттен 642 млн теңге бөлінген. Тұрғын үй комиссиясы 30 талдықорғандықтың өтінішін қарап, жаңа баспананың кілтін иелеріне табыстады. Ал қалған 33 пәтер кезекте тұрған тұрғындарға алдағы уақытта беріледі деп жоспарланып отыр.
Көптен күткен қуанышына жетіп, жүздері бал-бұл жанған көпшілікті Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Жеңіс Андабеков арнайы құттықтап, ыстық ықыласын жеткізді.
«Біз кезекте тұрған тұрғындарға, барлық заңдылықты сақтай отырып, пәтер кілтін табыс еттік. Үй кезегінде тұрған халық санын азайту – Мемлекет басшысының назарындағы басты мәселе болғандықтан, жіті қадағалауымызда. Жұмыстың ашық, әділ жүргізілуін біз тікелей назарға аламыз. Ешқандай да заңбұзушылық болған. Өкінішке қарай, қала халқының 15 мыңнан астамы баспанаға мұқтаж. Бұл мәселе кезең-кезеңімен шешіледі. Кейінгі екі жылда облыс орталығында, оның ішінде халықтың әлеуметтік осал топтарын тұрғын үймен қамтамасыз ету жұмысы жүйелі атқарылды. Дәл осы қарқынмен жұмыс жүргізілсе, кезек те біршама қысқарады. Ал бүгінгі қуаныш иелерін шын жүректен құттықтаймыз! Ендігі тілек шаңырақтан шаттық пен баланың күлкісі үзілмесе дейміз», деді қала әкімінің орынбасары Ж.Андабеков.
2008 жылдан бері баспана кезегінде тұрған көпбалалы ана Күләра Еркебаева 3 бөлмелі пәтердің кілтін иеленді. Қуаныштан көзіне жас алған бес баланың анасы Еділ мен Жайық есімді егіз ұлын өмірге алып келген сәтте баспанаға кезекке тұрған. Қазір сол ұлдары – 17 жастағы тепсе темір үзетін жігіттер. Бірлігі мен берекесі жарасқан отбасы пәтер жағалап, талай табалдырықты тоздырғанын көзіне жас алып еске алады. Обаға қарсы бекетте медбике болып жұмыс істейтін талдықорғандық келіншек мемлекеттің қамқорлығына дән
риза.
Пәтер кілтін табыстау салтанатына Қайынжамал Әткенова балаларымен, туған-туыстарымен келді. Ол мемлекетке баспана мәселесін шешуге қолдау көрсеткеніне аналық алғысын жеткізді.
«Зейнеткер, еңбек ардагері ретінде 2005 жылы тұрғын үй кезегіне тұрдым. 8 балам, 18 немерем бар. Бүгін бір бөлмелі пәтер алдым. Мемлекет басшысына, облыс, қала әкімдеріне ризашылығымды білдіріп, еліміздің әрбір азаматының шаңырағы биік, босағасы берік болсын деп тілеймін. Ең бастысы, тыныш заманда тату-тәтті өмір сүрейік», дейді 88 жастағы Қайынжамал әже. Айта кетейік, алдағы уақытта кезекте тұрған отбасыларға әлі де баспана кілті табысталады. Жергілікті билік өкілдері Мемлекет басшысын тапсырмасына сай халықты толықтай пәтермен қамтуға күш салып жатыр.
Жетісу облысы