Үкімет • 10 Сәуір, 2024

Су тасқыны: вице-премьер Қобда ауданын аралады

178 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ақтөбе облысының Қобда аудан орталығында 1 530-дан астам үй бар. Мұнда су тасқынына байланысты жергілікті ауқымдағы ТЖ режимі жарияланған. Ауылдағы 279 үй мен 10 әкімшілік мекеме су астында қалды, арасында мектеп, спорт кешені, дүкендер бар, деп хабарлайды Egemen.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Су тасқыны: вице-премьер Қобда ауданын аралады

Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі

9 сәуірдегі ахуал бойынша, 25 үй толығымен қираған, тағы 12 үй апатты жағдайда тұр. Тұрғындар 27 наурыздан бастап эвакуациялық пунктілерге орналастырылып жатыр. 

Серік Жұманғарин су басқан спорт кешенін аралап көрді. Қалпына келтіру жұмыстары әлі басталмаған. Сондай-ақ ол спорт мектебінде орналасқан эвакуациялық пунктке барды. Мұнда 13 адам орналастырылған, тағы 30 адам – басқа жақта. Кейбір тұрғындар туыстарының үйіне немесе өз үйлеріне оралған, басқа барар жері жоқ тұрғындар аталған пунктілерге жайғасқан.

Вице-премьер Қобда ауданының әкімі Ізгілік Тынымгереевке зардап шеккендерге арнап жаңадан үй салуды тезірек бастауды тапсырды. Ол үшін инфрақұрылым жүргізілген орын қарастырылған. 

Сонымен қатар Қобда ауданын аралау кезінде Серік Жұманғарин батып кеткен үйлер мен Сауқайың бөгетін аралап шықты.