Аймақтар • 10 Сәуір, 2024

Қарқаралыдағы сенбілікке 100 ден аса тұрғын шықты

103 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев облыстар мен қалалардың әкімдеріне аумақтарды абаттандыру, көгалдандыру жөнінде бірқатар тапсырма беріп, елді мекендер мен қоғамдық демалыс орындарын күтіп-баптау әкімдер қызметін бағалаудың тағы бір өлшемі болатынын айтты. Жасыратыны жоқ, ыбырсыған қоқыс, қалай болса солай шашылған қалдықтарымыздың бетін қыс бойы қар жауып келгендей. Қар қалай ериді, қала қобырсыған қоқыстан аяқ алып жүре алмай қалады. Тазалыққа жауапты мекемелер Қарағандының қоқысын тазалап үлгермей жатыр. Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев апта басын, яғни дүйсенбі күнгі жұмысын қаланың тазалығын тексеруден бастады. Аймақ басшысы дүйсенбіде Қазыбек би ауданын, сейсенбіде Әлихан Бөкейхан ауданын аралап, қос аудан әкіміне ескерту жасады.

Қарқаралыдағы сенбілікке 100 ден аса тұрғын шықты

 

Аймақ басшысы дүйсенбі күні сағат таңғы сегізден бастап, Қарағанды қаласы және Қазыбек би ауданының әкімдерімен бірге Оңтүстік-Шығыстың бір бөлігін аралап шықты. Көше тазалығына көңілі толмаған әкім ескерту жасады.

«Су тасқыны кезеңі өтті. Ендігі мәселе – барлығымыз тазалыққа көңіл бөліп, бірігіп қаланы ретке келтіруіміз қажет. Бір қарасаңыз, қоқыстан тазартқан сияқты, бірақ, құрылыс қалдықтары жатыр. Жұмысты неге соңына дейін жеткізіп істемеске? Жаяу жүріп, тазалыққа барынша мән беріңіздер», деді аймақ басшысы аудан әкімі Ералы Оспановқа.

Мұнымен қоса, әлеуметтік нысандар мен жеке кәсіпорындардың аумағын аралап, олардың да қоқыстары шығарылмағандығын көріп, мейлінше жұмысты күшейту керектігін атап өтті.

«Қыстан кейін, әрине, қоқыс көп. Тазарту жұмыстарын ұйымдастыруға байланысты кемшіліктер бар екенін мойындауымыз керек. Мердігерлердің жұмысына қатысты сұрақтар бар. Бизнес, ПИК өз аумағын да тазартуы керек. Алдымызда қыстан кейін қаланың тазалығын тез ретке келтіру міндеті тұр. Біз қала, аудан әкімдерімен бірге жаяу жүріп, әр көшені тексеретін боламыз», деді облыс әкім.

х

Қазыбек би ауданының әкімі аудан тұрғындарын 13 сәуір күнгі жалпы қалалық сенбілікке қатысуға шақырады. Ол арнайы қаптар берілетінін, оны алу үшін әлеуметтік желілердегі парақшаларға өтінім қалдыру керектігін айтады. Қоқысты полигонға шығару үшін жұмысты ұйымдастырамыз деді.

Ал сейсенбі күні ертемен Әлихан Бөкейхан ауданын, Майқұдықты аралады. Бұл аудан аумағына сенбілік жүргізілсе де, пластик бөтелкелер, пакеттердің жер-жерде шашылып жатқанын көрген аймақ басшысы мердігерлерге жұмысшылар санын көбейтіп, өз учаскелерін жедел әрі тиянақты түрде ретке келтіру қажеттігін атап өтті.

«Үйлердің жанынан өткенімізде балкондарының астында тұрмыстық қоқыстар өте көп екенін байқадым. Өкінішке қарай, оны тұрғындар терезеден, балконнан тастайды. Сондықтан, сенбілікке, тазалық жұмыстарына қала тұрғындарын да барынша тарту керек. Мұнымен қоса, кәсіпкерлер өз нысандарының жанын тазалауы керек», деді Ермағанбет Қабдулаұлы.

Бұл апта басында елімізде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталды. Мұндай игілікті іске қарағандылықтар да бір кісідей жұмылады. Ауқымы кең акцияның алғашқы аптасы «Таза өлке» деп аталады. Яғни, жұма бойы аудан-қала, тіпті ауылдарда сенбілік ұйымдастырылады. Экологиялық акция басталған күні Әлихан Бөкейхан атындағы ауданда сенбілік ұйымдастырылып, 1000 қап қоқыс сыртқа шығарылды. Дегенмен, апта соңына дейін сенбілік жалғасатын болады. Бұған аудан тұрғындары атсалысып, аулаларын тазартып жатыр.

Сейсенбі күні «Таза өлке» апталығы аясында ұйымдастырылған сенбілік Қазыбек би ауданында өтті. Еріктілер, экобелсенділер мен қала тұрғындары түс ауа қаптарын қолына алып, пластик құтылар мен пакеттерді жинады. Кәсіпкерлер де қалыс қалған жоқ. Өздерінің нысандарының алдын қоқыстан тазартты.

Қарағанды қаласы жастар ресурстық орталығының директоры Ғазиз Зұлқарнай сенбілікке 30 ерікті қатысып жүргенін, апта соңына дейін 15 учаскені тазартатынын жеткізді.

Мұндай сенбіліктер облысымыздың барлық аудан-қаласында өтіп жатыр. Экологиясын ойлаған ел-жұрт елді мекендерінің іші-сыртының тазалық жұмыстарына белсене кіріскен. Саран қаласының тұрғындары отбасымен бірге аулаларына шығып, сенбілікке қатысып жатыр. Айтпақшы, мұндағы қала әкімдігі әлеуметтік желі арқылы ең үздік аула мен ауданға конкурс жариялаған. Балқаш қаласында да көшедегі қоқыстар шығарылып жатыр. Көршілер бірауыздан көтеріңкі көңіл-күймен жұмыла кетіп, келесі бір көшеге эстафета арқылы жолдады. Қарқаралы қаласындағы сенбілікке 100 ден аса тұрғын шығып, 35 гектар аумақтың қоқысын тазалаған.

Тағы бір жалпы қалалық сенбілік 13 сәуір күніне жоспарланып отыр. Осы орайда, қала тұрғындарынан экоакцияға белсенді қатысуы сұралады. Бір айы бойы, яғни, 11 мамырға дейін аудан-қала, елді мекен тазалығына ел болып жұмылатын боламыз. Барлығы – өзіміз үшін.

з

 

Қарағанды облысы