Су тасқыны • 11 Сәуір, 2024

Ендігі міндет – Орал мен Атырауды тасқыннан сақтап қалу

159 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Премьер-министр, Су тасқынына қарсы іс-шараларды үйлестіру және су тасқыны кезеңінің салдарын жою жөніндегі республикалық штабтың жетекшісі Олжас Бектенов Батыс Қазақстан облысында жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысын және Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау шараларын тексерді.

Ендігі міндет – Орал мен Атырауды тасқыннан сақтап қалу

Өңірде су тасқынына қатысты күрделі жағдай қалыптасып отыр. Осыған байланысты Үкімет басшысы тікұшақпен аралау кезінде Жайық өзені арнасының жай-күйімен танысты. Үкімет басшысы елді мекендерге келетін судың көлемін азайту мақсатында су қоймалары жүйесінде суды барынша жинақтау жөнінде тапсырмалар берді.

Тұрғызылған бөгеттерді қарап шыққаннан кейін Олжас Бек­тенов тұрғындардың өмірі мен денсаулығын және мүлкін барынша қорғау үшін жұмыс қарқынын бәсеңдетпеуді тапсырды.

«Қазіргі уақытта Ақтөбе, Қостанай, Құлсары қалаларын­дағы жағдай тұрақталып келеді. Петропавлда су тасқынының шарықтау шегі басталады, мұнда негізінен бау-бақша серіктестік­тері су басу аймағында қалмақ. Жайық өзенінде күрделі жағдай сейілмеді. Ауқымды су көлемі Ресей Федерациясы аумағында айтарлықтай шығын келтіріп, Орал мен Атырауға қарай жылжып келеді. Бүгінде Жайық өзеніндегі су деңгейі 7,2 метрді құрап, күн сайын артып келеді. Қауіп белгісі – 8,5 метр. Судың қауіпті деңгейін ұстап тұруға мүмкіндік беретін қорғаныс бөгеттері салынды. Қазір басты міндет – Орал мен Атырауды тасқыннан сақтап қалу. Ол үшін әкімдіктердің, ТЖМ, Қорғаныс министрлігі мен Ұлттық ұланның, арнайы техника­лық күштері жұмылдырылды. Еріктілер көп көмек көрсетіп жатыр. Азаматтардың қауіпсіздігін қам­та­масыз ету мақсатында Батыс Қазақстан және Атырау облыс­тарының әкім­деріне қажет болған жағдайда су басу аймағындағы үйлерін тастап шығудан бас тартқан тұрғындарды мәжбүрлі түрде эвакуациялау тапсырылды. Бұл ретте барлық бос үйлер полицияның тәулік бойы бақылауында болады», деп атап өтті О.Бектенов.

Сонымен қатар Үкімет басшысы тұрғындардың сауалдары негізінде әкімдіктерге су тас­қынынан келтірілген залалды өтеу алгоритмін түсіндіру жұмыс­тарын жүргізуді тапсырды.

«Су тасқынының басталу уақыты әр өңірде әртүрлі.  Кейбір тұрғындар өтініш беру мерзіміне қатысты алаңдап отыр. Уақыт шектеулеріне қарамастан тұрғындардың өтініштерін қабыл­дау қажет. Жоғарыда айтқанымдай, бюрократиялық әрекеттерге жол берілмеуге тиіс», деп атап өтті Олжас Бектенов.