Аймақтар • 11 Сәуір, 2024

Ассамблеядағы штаб

223 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысында тасқын су әбігері басталғалы өңірдегі Қазақстан халқы Ассамблеясына қарасты «Достық үйі» де қарбалас қимылға көшкен. Бір бөлме тасқын судан зардап шегушілерге арналған гуманитарлық көмек жинайтын қоймаға айналыпты. Мұнда қазір «Жүректен – жүрекке!» атты акция өтіп жатыр.

Ассамблеядағы штаб

Мұнда жұмыс барынша жүйеге қойылған. Штабтың 15 мүшесінің әрқайсысы өзіне тиесілі міндетін бөлісіп алып, шапқылап жүр. Өңірде ең алғаш тасқын судан Теректі ауданындағы Аңқаты ауылы мен Қаратөбе ауданындағы Аққозы ауылдары зардап шекті. Іле-шала Достық үйінде Ассамблея жастарының бастамасымен тасқыннан зардап шеккен тұрғындарға гуманитарлық көмек көрсету үшін қабылдау пункті ашылған.

«Қиын жағдайға душар болған жерлестерімізге гуманитарлық көмек көрсету бастамасын этномәдени бірлестіктер, ақсақалдар және аналар кеңестері, өңірімізге белгілі кәсіпкерлер, ірі компаниялар, қоғамдық ұйымдар және қала тұрғындары бірден қолдап кетті», дейді «Қоғамдық келісім» мекемесінің басшысы Айгүл Түркина. Оның айтуынша, штаб құрамындағы Талғат Чудобаевтың қайырымдылық акцияларын ұйымдастыруда ондаған жылдық тәжірибесі бар.

Қ.Құттымұрат

«Штабта гуманитарлық көмекті қабылдау және ұйымдастыру жұмысы үшін «Respublica» партиясының БҚОФ ресми өкілі Дулат Мақатов жауапты. Ассамблея жанындағы «Бірлік» әзербайжан этно-мәдени бірлестігі төрағасының орынбасары, БҚО ҚХА Еріктілер қозғалысы орталығының жетекшісі Элгун Джаналиев негізінен көмекті жинау және жеткізудің логистикасымен айналысып жатыр. Ал келген көмектің есебін жүргізу және мақсатты бөлу ісін өңірлік «Ассамблея жастары» төраға орынбасары Саясат Жарасов мойнына алған», дейді Айгүл Серікқызы.

Штаб табиғи апаттан зардап шеккендерге көмек көрсету жұмысын ұтымды ұйымдастыру үшін облыс әкімі Н.Төреғалиев, облыс әкімінің орынбасары Б.Нарымбетов, облыстық төтенше жағдайлар департаменті және барлық мемлекеттік ұйыммен тығыз байланыста жұмыс істеп отыр. «Барлық облыстағы штаб координаторларымен өте тығыз байланыстамыз. Соның арқасында қайда қандай тауар бар, бізге қашан келеді деген сұрақтардың нақты жауабын біліп отырамыз. Бұл бізге өте жақсы көмектесіп отыр», дейді штаб бастығы.

Штаб әрине, ең алдымен, тасқын­нан зардап шегушілер орналасқан эвакуациялық бекеттермен тұрақты байланыс жасап, жағдайды бақылап отыр. Өңірдегі «Ұлттық волонтерлік желі» ұйымы, «Biz birgemiz Qazaqstan» қайырымдылық қоры, «Аманат» партиясы, «Respublica» партиясы БҚОФ, Жастар ресурстық орталығы, Азаматтық альянс сияқты ұйымдардың жастары, еріктілер – бәрі күш біріктіргенде, алынбас асу қалмаған. Ел басына күн туған кезде еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін игі іске атсалыса кеткені көңілге қуаныш ұялатады.

Қ.Құттымұрат

«Қабылдау пунктіміз ашылған сәтте «Sun City» құрылыс компаниясы, «Respublica» партиясы, «Бирлик» әзербайжан этно-мәдени бірлестігі, «Белес» компаниясы, жеке кәсіпкер Азат Рашидов келіп, көмек қолын созды. Одан кейін БҚО Іскер әйелдер қоғамдық бірлестігі, «Отдел строй» компаниясы, «Элион» стоматология емханасы, «New tex» белорус орталығы, «Желаев» нан комбинаты, «Қазақ аналары Дәстүрге жол» БҚО филиалы, «Тарихи шежіре» республикалық ұйымы, «Artstroy Servis 07» компаниясы, «Faberlic» компаниясы жалғастырып, зор үлес қосты. Қала тұрғындарының белсенділігі де ерекше. Қабылдау пункті ашылған күннен толассыз келіп жатыр. Күн сайын су тасқынынан зардап шеккендерге қандай көмек қажет екенін сұрап көп адам хабарласады. Осындайда «Ел екенбіз!» деп еңсең көтеріледі», дейді Айгүл Серікқызы.

Штаб жұмысын бастағалы 28 нау­рыз бен 8 сәуір аралығында жиналған гуманитарлық көмектің жалпы құны 54 млн теңгеге жуықтап қалыпты. Бұл – азық-түлік, жеміс пен көкөніс, дәрі-дәрмек, санитарлық-гигиеналық құралдар, киім-кешек, тұрмыстық заттар, құрылыс және басқа да тауарлар. Бұл көмек Сырым, Қаратөбе, Бөрлі, Теректі және Бәйтерек аудандарына бірнеше қайтара жөнелтілген.

Қ:Қ.

Қ.Қ.

Бұдан бөлек, Ассамблеяның «Жүрек­тен – жүрекке!» арнайы жобасы аясында БҚО ҚХА Еріктілер қозғалысы, Ассамб­лея жастары, «Достық үйінің» қызметкерлері де көмегін бір күн тоқтатқан емес. Қоғам­дық даму басқармасының «Қоғамдық келі­сім» ұжымы қызметкерлері бір күндік жалақысын аударды.

Қ.Қ.

Айгүл Серікқызы облыстық кәсіп­керлік және индустриялық-иннова­циялық даму басқармасының ұжымына, жеке кәсіпкер Ерболат Кеңесовке, татар мәдени орталығына, «Вайнах» шешен-ингуш қоғамына, оның төрағасы Данилбек Саратовқа, БҚО ҚХА Аналар кеңесі­нің төрайымы Шалқыма Құрманалинаға, кеңес мүшесі Күләш Ахметоваға ерекше риза.

«Asar-Ume» қайырымдылық қорының негізін қалаушы Асхат Нурмашев жалпы есебі 9,5 млн теңге көлемінде қаржылай көмек көрсеткенін ерекше атап өткіміз келеді. Бұл қаражатқа 10 моторлы қайық пен 60 арнайы шлемі бар комбинезон, 5 мотосорғы және 5 генератор, резеңке етіктер сатып алдық. «Инвест Проджект» ЖШС сәбилерге арналған санитарлық-гигиеналық заттар, «Орал сүт зауыты» 20 қорап сүт өнімдері мен 7 жұп резеңке етік, «Сулейменова» ЖК киім-кешек, аяқкиімдер, сәби жөргектерін, «SBS GRUP» ЖК 6 пакет жаңа киім-кешек, «Отдел строй Аруова» 4 пакет аяқкиім, киім жеткізді. Су тасқынына байланысты ашылған «Ақжайық» жеке қорына «Petro-Unit», «Salut Orto KZ» ЖШС, «Хаймат» Орал неміс мәдени-ағарту қоғамы» ҚБ төрағасы Геннадий Франк­тің қолдауымен 600 мың теңге қар­жы аударылды. «Масис» армян этно­мәдени бірлестігі жалпы сомасы 2 700 000 теңгені құрайтын көмек көрсетті. Орал қалалық «Medet Oral» қоғамдық қоры 700 000 теңге көлемінде азық-түлікпен көмектесті. Атырау қаласынан «AVC Group» компаниясы 4 500 000 теңге көлемінде материалдық көмегін табыс­тады. Бұлардың бәрін атап шығу мүмкін емес», дейді Айгүл Серікқызы.

«Тоңған жанның арқасына шапан жапсаң, жылуы сені де жылытады» деген ғой. Елдің ықылас-мейірін өз қолынан, өз жүрегінен өткізіп жүрген Ассамблея мүшелері, гуманитарлық штаб қызмет­керлері күні-түні қызмет жасап жүрсе де елгезек қалпынан танбаған, шаршамаған. Міне, тағы да асығыс аттанып барады. Өйткені оларды күткен ел бар. Тілсіз жау – тасқын әлі бәсеңдемей тұр.

 

Батыс Қазақстан облысы