Аймақтар • 11 Сәуір, 2024

Су қоймаларынан қауіп жоқ

177 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жамбыл облысындағы Киров, Тасөткел, Теріс-Ащыбұлақ су қоймалары өңірдегі – ең ірі нысандар. Осы су қоймалары ернеуінен асса, жағдай ушығатыны айқын. Қазіргі кезде бұл нысандарға қанша көлемде су келіп жатыр? Тұрғындарды осы мәселе алаңдататыны даусыз.

Су қоймаларынан қауіп жоқ

«Тасөткел су қоймасы қазіргі кезде 94 пайызға толған. Техника­лық сипаттамадағы жағдайға зер сал­сақ, әлі 30 миллион текше метрге дейін су қабылдай алады. Ны­сан­ның су өткізу қабілеті секундына 360 текше метрге тең болса, апаттық су өткізу қабілеті секундына 380 текше метрді құрайды. Қазіргі кезде секундына 85 текше метр су құйылып жатса, секундына 70 текше метр су тасталып жатыр. Су қоймасының жалпы су өткізу қабілеті секундына 740 текше метр екенін, түсіп жатқан су көлемі секундына 85 текше метр­ге пара-пар екенін пайымдасақ, Тасөткелден айтарлықтай қауіп төніп тұрмағанын байқаймыз. Теріс-Ащыбұлақ су қоймасы қазіргі таңда 97 пайызға толған. Әйткенмен келіп жатқан су көлемі айтарлықтай көп емес», дейді «Қазсушар» мекемесінің директоры Асқанат Қадыров.

Оның келтірген дерегіне жүгін­сек, «Қарақоңыз», «Қақпатас» су қоймалары 99 пайызға толған. Әйт­кенмен, екі нысанға келіп жатқан су көлемі мен тасталып жатқан су мөлшерінде теңдік сақталғандықтан, әзірге қарғын судан қауіп төніп тұрған жоқ.

Су қоймаларына жиналған су мөлшері тоқсан пайыздан асып жығылғанына қарамастан, кейбір нысандарға келген су көлемі тым аз. Әсіресе «Ақкөл» көліндегі жағдай көпшілікті алаңдатып отырғаны анық. Маман келтірген дерекке жүгінсек, өңірдегі «Бүркітті» су қоймасы қазіргі кезге дейін 47 пайызға ғана толған. Сондай-ақ «Ақкөл» көліне 25 пайыз ғана су жиналған. Осыған қарап-ақ нақты шаралар қабылданбаса, вегета­циялық маусымға дейін қажет­ті су жиналмай қалу қаупі бар екенін ешкім жоққа шығара алма­са керек.

«Бүркіттінің жағдайына назар аударған жөн. Вегетациялық мау­сымға дейін көлге тиісті көлем­де су жиналмау қаупі бар. Сон­дай-ақ «Ақкөл» көлі қазіргі кезге дейін 25 пайызға ғана толған. Вегета­циялық маусымға дейін көлге тиісті көлемде су жиналмайды. Қа­зір­гі уақытта көлге су жеткізу бойынша жұмыстар атқарылып жатыр», дейді А.Қадыров.

Қалай десек те, еліміздің басым бөлігінде халық қарғын судан зардап шекті, төтенше жағдай жарияланды. Қамданғанның қапы қалмайтынын уақыттың өзі дәлел­деп отыр.

«Таулы аймақ­тар­дағы қар жа­мыл­ғысы 5-10 сантиметрді құрап отыр. Ал өзге аудандарда қар жоқ. Сәуір айында өңірде ауа температурасы жоғарылауы ықтимал. Сондай-ақ жауын-шашын нормадан көп түсуі ықтимал екенін мамандар айтып отыр. Облыс аумағындағы су қоймаларының жұмысына, оның ішінде шекаралас аймақта орналасқан «Шоң-Қақпа» су қоймасынан жететін су көлеміне тұрақты талдау жұ­мыс­тары жүр­гізіліп жатыр.  Өңір бойынша қарғын судың алдын алу мақсатында 3 500 текше метр қар шығарылды, 1 790  шақырым канал, 1 833 шақы­рым арық, 437 шақырым дренаж жүйесі, 946 су өткізу құрылыстары тазартылып, елді мекендердің айналасына 10 шақырым шамасында үйінділер жасалды», дейді об­лыстық Төтен­ше жағдайлар депар­­та­менті бас­шы­сының орынбасары Руслан Орынбеков.

Керек дерекке зер салсақ, қарғын судан төнетін қауіпке Әулиеата өңірі жан-жақты да­йын­­­дал­ған. 6 900 тонна инертті материал, 16 140 тонна жанар-жа­ғар­май, 31 200 дана қап қажетті резерв жақсақталған. Сондай-ақ 396 халықты қабылдау пункті әзір­ленген. 32 шатыр, 890 төсектік орын, 460 кереует дайындалып, тамақ­тандыру бойынша 58 келісім жасалған.

«Өңірде су басу қаупі ықтимал 42 елді мекеннің 34-інен қауіп сейілді, 2 ауылдағы қауіп деңгейі төмендетілді, ал 6 елді мекендегі мәселе «2021-2023 жылдарға ар­нал­ған су тасқыны қаупінің алдын алу және жою жөніндегі шаралар кешенінің» жол картасы аясында реттеледі. Қазіргі кезде өңірде су тасқының алдын алу және жою мақсатында тиісті шаралар жүргізіліп жатыр. 1 927 адам, 437 техника, 19 жүзу құралы, 132 мотопомпа, халықты эвакуациялауға және жеке құрамды тасымалдауға арналған 48 жолаушылар көлігі дайындалған», дейді Р.Орынбеков.

Кейінгі дерекке зер салсақ, Қырғыз Республикасы осы жылдың мамыр айында «Шоң-Қақпадан» (Киров су қоймасы) су жіберуді жоспарлап отыр екен. Ол жақтан қанша мөлшерде су келетіні әзірге беймәлім. Салыстырмалы түрде мамандар келтірген дерекке сенсек, Әулиеата өңіріне әзірге қарғын судан қауіп төніп тұрған жоқ.

 

Жамбыл облысы