Аймақтар • 11 Сәуір, 2024

Экосенбілік: Ел болып жұмылған еңбек

122 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев облыс пен қала әкімдеріне аумақтарды абаттандыру, көгалдандыру жөнінде бірқатар тапсырма беріп, елді мекендер мен қоғамдық демалыс орындарын күтіп-баптау әкімдер қызметін бағалаудың тағы бір өлшемі болатынын айтқан еді.
Жасыратыны жоқ, ыбырсыған қоқыс, қалай болса солай шашылған қалдықтарымыздың бетін қыс бойы қар жауып келгендей. Қар қалай ериді, қала қобырсыған қоқыстан аяқ алып жүре алмай қалады. Тазалыққа жауап­ты мекемелер Қарағандының қоқысын тазалап үлгермей жатыр. Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев апта басын, яғни дүйсенбі күнгі жұмысын қаланың тазалығын тексеруден бастады. Аймақ басшысы дүйсенбіде Қазыбек би ауданын, сейсенбіде Әлихан Бөкейхан ауданын аралап, қос аудан әкіміне ескерту жасады.

Экосенбілік: Ел болып жұмылған еңбек

Аймақ басшысы дүйсенбі күні сағат таңғы сегізден бас­тап, Қарағанды қаласы және Қазыбек би ауданының әкімдерімен бірге Оңтүстік-Шығыстың бір бөлігін аралап шықты. Көше тазалығына көңілі толмаған әкім ескерту жасады.

па

– Су тасқыны кезеңі өтті. Ендігі мәселе – барлығымыз тазалыққа көңіл бөліп,  қаланы ретке келтіру. Бір қарасаңыз, қо­қыстан тазартқан сияқты, бірақ құ­рылыс қалдықтары жатыр. Жұмысты неге соңына дейін жеткізіп істемеске? Жаяу жүріп, та­залыққа барынша мән беріңіздер, – деді аймақ басшысы аудан әкімі Ералы Оспановқа.

Мұнымен қоса әлеуметтік нысандар мен жеке кәсіпорындардың аумағын аралап, олардың да қоқыстары шығарыл­мағандығын көріп, мейлінше жұмысты күшейту керектігін атап өтті.

– Қыстан кейін, әрине, қоқыс көп. Тазарту жұмыстарын ұйымдастыруға байланысты кемшіліктер бар екенін мойындауымыз керек. Мердігерлердің жұмысына қатысты сұрақтар бар. Бизнес, ПИК өз аумағын да тазартуы керек. Алдымызда қыстан кейін қаланың тазалығын тез ретке келтіру міндеті тұр. Біз қала, аудан әкімдерімен бірге жаяу жүріп, әр көшені тексеретін боламыз, – деді облыс әкім.

Қазыбек би ауданының әкімі аудан тұрғындарын 13 сәуір күнгі жалпы­қалалық сенбілікке қатысуға шақырады. Ол арнайы қаптар берілетінін, оны алу үшін әлеуметтік желілердегі парақ­шаларға өтінім қалдыру керектігін айтады. Қоқысты полигонға шығару үшін жұмысты ұйымдастырамыз деді.

Ал сейсенбі күні ертемен Әлихан Бөкейхан ауданын, Майқұдықты аралады. Бұл аудан аумағына сенбілік жүр­гізілсе де, пластик бөтелкелер, пакет­тердің жер-жерде шашылып жатқанын көрген аймақ басшысы мердігерлерге жұ­мысшылар санын көбейтіп, өз учас­келерін жедел әрі тиянақты түрде ретке келтіру қажеттігін атап өтті.

– Үйлердің жанынан өткенімізде балкондарының астында тұрмыстық қоқыс өте көп екенін байқадым. Өкі­нішке қарай, оны тұрғындар терезеден, балконнан тастайды. Сондықтан сенбілікке, тазалық жұмыстарына қала тұрғындарын да барынша тарту керек. Мұнымен қоса кәсіпкерлер өз нысан­дарының жанын тазалауы керек, – деді Ермағанбет Қабдулаұлы.

Бұл апта басында елімізде «Таза Қа­зақстан» экологиялық акциясы басталды. Мұндай игілікті іске қарағандылықтар да бір кісідей жұмылады. Ауқымы кең акцияның алғашқы аптасы «Таза өлке» деп аталады. Яғни жұма бойы аудан-қала, тіпті ауылдарда сенбілік ұйым­дасты­рылады. Экологиялық акция басталған күні Әлихан Бөкейхан атындағы ауданда сенбілік ұйымдастырылып, 1000 қап қоқыс сыртқа шығарылды. Дегенмен апта соңына дейін сенбілік жалғасатын болады. Бұған аудан тұрғындары атсалысып, аулаларын тазартып жатыр.

Сейсенбі күні «Таза өлке» апталығы аясында ұйымдастырылған сенбілік Қазыбек би ауданында өтті. Еріктілер, экобелсенділер мен қала тұрғындары түс ауа қаптарын қолына алып, плас­тик құтылар мен пакеттерді жинады. Кәсіп­керлер де қалыс қалған жоқ. Өздерінің нысандарының алдын қоқыстан тазартты.

Қарағанды қаласы жастар ресурстық орталығының директоры Ғазиз Зұлқар­най сенбілікке 30 ерікті қатысып жүрг­е­нін, апта соңына дейін 15 учаскені тазартатынын жеткізді.

Мұндай сенбіліктер облысымыздың барлық аудан-қаласында өтіп жатыр. Эко­логиясын ойлаған ел-жұрт елді мекендерінің іші-сыртының тазалық жұмыстарына белсене кіріскен. Саран қаласының тұрғындары отбасымен бірге аулаларына шығып, сенбілікке қа­­тысып жатыр. Айтпақшы, мұндағы қала әкімдігі әлеуметтік желі арқылы ең үздік аула мен ауданға конкурс жариялаған. Балқаш қаласында да барлық аула, көшедегі қоқыстар шығарылған. Көр­шілер бірауыздан көтеріңкі көңіл күй­мен жұмыла кетіп, келесі бір көшеге эста­фета арқылы жолдауда. Қарқаралы қаласындағы сенбілікке 100 ден аса тұрғын шығып, 35 гектар аумақтың қоқы­сын тазалаған.

Тағы бір жалпықалалық сенбілік 13 сәуірге күніне жоспарланып отыр. Осы орайда қала тұрғындарынан экоакцияға белсенді қатысуы сұралады. Бір айы бойы, яғни 11 мамырға дейін аудан-қа­ла, елді мекен тазалығына ел болып жұ­­мы­ламыз. Барлығы өзіміз үшін.

 

Қарағанды облысы