Таным • 11 Сәуір, 2024

Нобель нақыштары: Ең жас лауреат

186 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Нобель сыйлығының ең жас лауреаты – 17 жастағы Малала Юсуфзай есімді қыз. Пәкстандық бойжеткен мұсылман елдерінде әйелдерге білім алу құқығының берілуі жолында күрескен.

Нобель нақыштары: Ең жас лауреат

Оған жоғары марапат 2014 жылы бейбіт өмір жолында жүргізген күресі үшін та­бысталған. Юсуфзай 11 жасынан бастап BBC арнасында блог жүргізу арқылы танымал болды. Ол Талибан билігін, олардың Сват алқабын бақылауға алғанын, қыздарға бі­лім алуға шектеу қойғанын әлемдік аренада ашық жазды. Қыздардың сауатын ашуды жақтағаны үшін 2012 жылы тәліптер Ма­лалаға оқ атып, ауыр жарақаттайды. Сол оқи­ғадан кейін ол Ұлыбританияға емде­луге жіберілді. Бірақ жігерлі қыз мықты дәрігер­лердің арқасында аман қалып, қай­тадан күресін жалғастырды. Әркім тайта­ласу­ға ша­масы жетпейтін оның мұндай батыл қа­да­мын әлем жұртшылығы жоғары бағалады.

 

Ойыншыққа айналған сыйлық

п

Мария Кюри ханым мен оның күйеуі Пьер Кюри екеуі де әлемге әйгілі ға­лым­дар. Радиоактивті ғылым са­ла­­­сына қосқан үлестері адамзат тари­­­хында өл­шеусіз жаңалық болып баға­­ланды. Бір­ақ біздің айтпағымыз басқа.

Нобель сыйлығын ең алғаш болып, екі рет иеленген тұлға ретінде тарихта қалған Мария Кюри ханымның үйіне қонақтар келеді. Кенет олар Ұлыбританияның патшалық ғылым қоғамы тарту еткен алтын медальді екі қыздың ойыншық ретінде ойнап жүргенін көріп, қатты таңғалады. «Мынадай қастерлі сыйлықпен балаларыңа ойнатып қойғаның қалай?», деп жағасын ұстайды. Сонда Мария Кюри «Менің ғылымнан өзге ең ұлы міндетім – ұрпақ тәрбиелеу. Сыйлық – мені жігерлендіру үшін берілген ойыншық қана» деп жауап береді. Әйгілі Альберт Эйнштейннің «Ол – әлемдегі атақ-даңққа елітпеген жалғыз адам» дегені осыны меңзесе керек.

 

Тұңғыш лауреат

пр

Әдебиет саласы бойынша тұңғыш Нобель сыйлығының иегері атанған Рене Сюлли Прюдомның шын есімі – Рене Франсуа Арман Прюдом.

1901 жылы Сюлли Прюдом кітапта­рындағы ерекше көркемдік қуат, жоғары идеализм, сондай-ақ шынайылық пен талант қатар ұш­тасқаны үшін Нобель сыйлығының алғашқы лауреаты атанған. Мұндай құрметке Лев Толстойды лайық көрген әдеби қауымы үшін бұл күтпеген жаңалық болды. Құттықтау сөзінде академия мүшесі С.Д.Вирсен ақынның ізденімпаз, ештеңені қалт жібермейтін ақылымен адам жүрегіне жол таба алғанын айтады. Сюлли Прюдомның шығармашылығын зерттеушілер ақынның француз әдебиетіне ықпалы туралы айтқанда: «Ол француз поэзия­сын түнектен жарыққа шығарды, песси­мизмнен позитивизмге толтырды» деседі. Бірақ өкініштісі, өз заманында үлкен танымал­дылыққа ие болған ақынның есімі бүгінде фран­цуздың жас ақындарына арнап өзі тағайын­даған шәкіртақысы берілер кезде ғана аталып жүр.