Қоғам • 11 Сәуір, 2024

Су тасқыны: Атбасар ауданында төтенше жағдай жарияланды

247 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін таңертең Атбасар ауданында Жабай өзені арнасынан асып, су деңгейі 5,95 метрге жетті. Атбасар ауданының әкімі Аманбек Қалжанов су тасқыны салдарынан төтенше жағдай жарияланғанын мәлімдеп, жергілікті тұрғындарға үндеу жолдады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Су тасқыны: Атбасар ауданында төтенше жағдай жарияланды

фото: ulysmedia.kz

Атбасар ауданы әкімдігінің ресми парақшасында әкім Аманбек Қалжановтың жергілікті тұрғындарға үндеуі жарияланды.

«Жабай өзенінде су деңгейінің күрт көтерілуіне байланысты осы жылдың 11 сәуірі күні сағат 04:43-те жер қорғанының алты бөлігінде су тасқыны болып, қаланы су басып қалды. Су деңгейі қарқынды өсіп, 5,95 м сыни деңгейге жетті. Сондықтан су тасқыны қаупі бар аймақтың барлық тұрғындары тұрғын үйлерден шығуы керек. Қазіргі уақытта ауданда төтенше жағдай жарияланды», деді аудан басшысы тұрғындар алдында.

Осы тұста әкім тұрғындарды үрейленбеуге шақырды.

Атбасар қаласында №2, 3, 5, 6, 7 мектептерде, «Олимп» ФОК, Балалар музыка мектебінде орналасқан эвакуациялық пункттер ұйымдастырылады.

«Су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға келтірілген шығын өтеледі, бұл үшін комиссия құрылып, апатты үйлер тексеріледі. Менің жетекшілігіммен аудан әкімдігі жанынан су тасқынына қарсы штаб ұйымдастырылды», деп түйіндеді А.Қалжанов.