Қазақстан • 12 Сәуір, 2024

Қазақтан шыққан ғарышкерлер

826 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

1961 жылдың 12 сәуірінде Қазақстанның «Байқоңыр» айлағынан алғашқы ғарыш кемесі аспанға ұшты. Бұл – барша адамзат тарихындағы маңызды әрі айтулы оқиға. Осылайша Юрий Гагарин әлемнің тұңғыш ғарышкері атанса, Байқоңыр – ғарыш айлағына айналды.

Қазақтан шыққан ғарышкерлер

Коллаж: El.kz

Сол жылдан бері көкке самғаған ғарышкерлер саны тек арта түсті. Бүгінгі күнге дейін шексіз ғарышқа түрлі мақсаттағы сапарлар ұйымдастырылып, қарқынды ғылыми зерттеулер жүргізіліп келеді. Әрине, бұл бүкіләлемдік ғылыми қауымдастық үшін алға қарай ілгері қадам болды. 

Тәуелсіздік таңы атқаннан кейін елімізде де ғарыш саласына ерекше назар аударыла бастады. Нәтижесі жаман емес, себебі қазақтың үш бірдей ері ғарышкер атанды.  Тоқтар Әубәкіров, Талғат Мұсабаев және Айдын Айымбетов. Бүгінде бұл үш есім тәуелсіз Қазақстан тарихында алтын әріптермен жазылған. 

Қазақтан шыққан тұңғыш ғарышкер, Кеңес Одағының Батыры, Қазақстан Республикасының Халық қаһарманы, техника ғылымының докторы, профессор Тоқтар Әубәкіров 1946 жылдың 27 маусымында Қарағанды облысы Қарқаралы ауданы, «1-інші май» ұжымшарында дүниеге келген. 1969 жылы Ресей Федерациясындағы Армавир жоғары әскери ұшқыштар училищесін, 1979 жылы авиация институтын бітірген.

Т.Әубәкіров 1988 жылы Кеңес Одағында тұңғыш рет әуеде қонбай ұшаққа екі рет жанармай құйдыру арқылы Солтүстік полюске ұшу сапарын ерлікпен орындады. 1989 жылы алғаш болып авиатасушы крейсердің алаңқайшасына «МиГ-29к» реактивті ұшағын үлкен шеберлікпен дәл қондырды. Сондай-ақ ол реактивті ұшақтың 50-ден аса жаңа түрін сынақтан өткізді. Осылайша 1990 жылы ғарышкерлер құрамына алынды.

1991 жылы 2-ші сәуірде Кеңес Одағының Ғарышкерлер дайындау орталығында ғарышқа ұшу дайындығына кірісіп, сол жылы 2 қазанда Байқоңырдан «Союз ТМ-13» кемесімен ғарышқа ұшты. Ғарыш кемесі Жер төңірегіндегі «Мир» орбиталық кешенімен түйісті. Онда ол өзге ғарышкерлермен бірге биотехнология, металлургия, медицина салалары және Арал теңізі аймағы бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді. Зерттеу нәтижесінде Арал үстіндегі тұзды шаң борамасының пайда болу процесі, сол зиянды аэрозольдардың Қазақстан мен Ресей аймақтарына таралуының ғарыштық суреттері алынды. Сондай-ақ Қазақстан аумағындағы атмосфераны және Жер бетін зерттеу, жұлдызды аспанды астрофизикалық бақылау жұмыстары да ойдағыдай өтті. Әубәкіров 1991 жылдың 10 қазанында Жерге қайтып оралды.

Қазір Тоқтар Әубәкіров Қазақстандағы ғарыштық зерттеулердің негізін қалауға, отандық Қарулы Күштердің әскери даярлығын жетілдіруге, әскери-патриоттық тәрбие жұмыстарын жолға қоюға белсене араласып келеді.

ш

Тоқтар Әубәкіров туралы қызықты деректер:

  • Тоқтар Әубәкіров қаз дауысты Қазыбек бидің тікелей ұрпағы.
  • Халық қаһарманы Тоқтар Оңғарбайұлы тышқаннан қорқады.
  • Ғарыш кемесінен бөлек велосипед тебуді ұнатады.
  • Марста өмір сүруге қарсы емес.
  • Өзге ғаламшарлықтардың бар екеніне сенеді.
  • Тоқтар Әубәкіров әлемнің 256-шы, КСРО-ның 72-ші, Қазақстанның 1-ші ғарышкері.
  • Қазақтың үшінші ғарышкері Айдын Айымбетов пен Тоқтар Әубәкіров бір күнде дүниеге келген. Екеуі де жеке мейрамын 27-шілде күні тойлады.
  • «Әлемдегі ең қауіпті жануар – адам» деген оймен толықтай келіседі.
  •  Тоқтар Әубәкіров есімі Гиннестің рекордтар кітабына енген 

пр

 ***

Кең ғарышқа сапар жасаған екінші қазақ - Талғат Мұсабаев. Ол 1951 жылдың 7 қаңтарында Алматы облысы Жамбыл ауданы Қарғалы ауылында дүниеге келген. 1968 жылы Алматы қаласындағы №58 мектепті тәмамдағаннан кейін Ленин комсомолы атындағы Рига азаматтық авиация инженерлері институтында «Авиациялық радиожабдықтарды техникалық пайдалану» мамандығы бойынша білім алды. 1974 жылы Қазақстанға оралып, бірнеше ай инженер болып жұмыс істеді.

Талғат Мұсабаев жұлдыздар әлеміне алғаш рет 1994 жылдың 1 шілдесінен бастап 4 қарашаға дейін саяхаттады. Мұсабаев Жерден «Союз ТМ-19» кемесінің борт инженері ретінде ұшты. Сол кезде оған «Агат-2» атағы берілген еді. Сапар кезінде Талғат Амангелдіұлы ашық ғарышқа екі рет шықты.

1996 жылдың 25 наурызынан бастап 1997 жылдың қаңтар айына дейін Мұсабаев ЭО-23 бағдарламасы бойынша екінші экипаждың командирі болып ұшуға дайындалды. 1998 жылы ұшып, ғарышта 29 қаңтардан бастап 25 тамызға дейін болды. Бұл жолы оған «Кристалл-1» атағы берілді. Сапар барысында Мұсабаев ашық ғарышқа бес рет шықты.

2001 жылы «Союз ТМ-32» кемесінің командирі ретінде ұшып, ғарыш әлемінде 28 сәуірден бастап 6 мамырға дейін болды.

2003 жылдың 27 қарашасында Мұсабаев ғарышкерлерді дайындау орталығы жетекшілігінің шешімімен құрамнан шығарылды. Бұған оның басқа жұмысқа ауысуы себеп болды.

р

Талғат Мұсабаев туралы қызықты деректер:

  • Талғат Мұсабаев әлемнің 309-шы, Қазақстанның 2-ші ғарышкері.
  • Мұсабаевтың ата-анасы оның есімін ұшқыш Талғат Бигелдиновтің құрметіне берген.
  • Бір ай ішінде бес рет (30 сағат 8 минут) ашық ғарышта болған сапары үшін Гиннесстің рекордтар кітабына енген.
  • Оның «алғашқы ғарыш хирургы» деген ресми емес атағы бар.  2001 жылғы сапарында ғарыш кемесінде болған ғарышкер-турист өзін жайсыз сезініп, денсаулығына шағымданған. Сол кезде Талғат Мұсабаев науқасқа укол салып, басындағы жарасын тіккен деседі.
  • Ашық ғарышқа шыққан кезде, ғарышкердің кемеге бекітетін тетігі ажырап қалған, бірақ ажалдан аман қалуға мүмкіндік туған еді.

р

***

Айдын Айымбетов – қазақтан шыққан үшінші ғарышкер.

Айдын Айымбетов 1972 жылдың 27 шілдесінде Алматы облысы Талдықорған қаласы Өтеней ауылында дүниеге келген. Қазақтан шыққан үшінші ғарышкер, Халық Қаһарманы, авиация генерал-майоры.

1993 жылы алғаш рет ғарышкерлікке өтініш берген. Бірақ тек 2012 жылдың 12 қазанында ғана оған Қазақстан Республикасының ғарышкері дәрежесі берілді. 2015 жылы 2 қыркүйекте екінші бортинженер ретінде транспорттық пилоттанған «Союз ТМА-18М» кемесінде ЭП-18 саяхаты аясында Байқоңыр ғарыш станциясынан Халықаралық ғарыш станциясына аттанды. Айдын Айымбетов ғарышта 10 күн болып, маңызды зерттеулер жүргізді. 

10 күнге созылған сапарда Айдын Айымбетов ғарыштағы 5-ші ұлттық ғылыми зерттеу бағдарламасын орындады. Алғашқы 4 бағдарлама 1991 жылы Тоқтар Әубәкіровтың және 1994, 1998, 2001 жылдары Талғат Мұсабаевтың ғарыштық сапарларында атқарылған еді.

Жалпы ғарыштық зерттеу бағдарламасы 10 ғылыми тапсырмадан құрылған, оның ішінде Арал және Каспий теңіздерінің экологиялық жағдайына мониторинг жүргізу және «Дастархан-6» деп аталған ұлттық тағам өнімдерінің ғарыштағы пайдалы қасиеттерін зерттеу болды.

Ғарыш кеңістігін игеруге сіңірген аса зор еңбегі, ғарышқа ұшу кезінде көрсеткен батырлығы мен ерлігі үшін Айдын Айымбетовке «Халық қаһарманы» атағы берілді.

пм

Айдын Айымбетов туралы қызықты деректер: 

  • Айдын Айымбетов әлемнің 545-ші, Қазақстанның 3-ші ғарышкері.
  • Ғарышқа ұшу мүмкіндігін 22 жыл бойы күтті. 
  • Айдын Айымбетов ғарышкер болуды бала кезінен армандаған.
  • Ғарышкер Марс планетасын бағындырғысы келген.
  • Тоқтар Әубәкіров пен Айдын Айымбетов бір айда, бір күнде дүниеге келген ғарышкерлер. Туған күндері - 27 шілде.
  • Айдын Айымбетовты шексіз ғарышқа зайыбы Лилия, ұлы Әмір, қыздары Диана мен Даяна шығарып салды. Қызы Даяна әкесін шығарып салып тұрып: «Мен әкеме ақ жол тілеймін, ғарышта жатпланеталықтармен танысқанын қалаймын. Әкешіме өзімнің ең сүйікті ойыншығым — арыстанды сыйладым», деген еді.
  • р