Қоғам • 11 Сәуір, 2024

Су тасқыны: Депутаттар жағдай толық тұрақталғанша тұрғындар арасында болады

176 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елдің солтүстік және батыс өңірлеріндегі елді мекендерге тасқын судың келуі толастамай тұр. Сондықтан Мәжiлiс депутаттары жағдайды бақылау үшiн аймақтарда жүр. Олар апатқа қарсы жұмыстарды ұйымдастыруға көмектесіп, зардап шеккен тұрғындарға мемлекеттік қолдау шараларын түсіндіріп жатыр. Бұл туралы Мәжілістің баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады Egemen.kz.

Су тасқыны: Депутаттар жағдай толық тұрақталғанша тұрғындар арасында болады

Қостанай облысында жүрген депутат Екатерина Смышляева жергілікті ведомство өкілдерімен және су тасқынынан зардап шеккен Алтынсарин мен Мичурино ауылдарының тұрғындарымен кездесті. Алтынсаринда 141 үйді, Мичуринода 34 үйді су шайып кеткен.

«Қазір ең бастысы – азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және материалдық шығынды барынша азайту. Комиссия мүшелері үйлердің жағдайын бағалау үшін аудан әкімдігімен бірлесіп жұмыс істейміз. Ахуал толық тұрақталғанша біз осында болып, бақылауда ұстаймыз», деді Екатерина Смышляева.

Сондай-ақ депутат зардап шеккен тұрғындарға көрсетілетін мемлекеттік қолдау шаралары, қаржылай көмек алу, өтемақы төлеу процедуралар туралы нақты ақпарат берді. Жиында гуманитарлық көмек, соның ішінде азық-түлік, киім-кешек пен қажетті заттар таратылды.

Мәжілістің баспасөз қызметі

Мәжіліс депутаттары Қазыбек Әлішев, Аманжол Әлтай және Асқар Садықов Ақтөбе облысында жұмыстарын жалғастырып, су тасқынынан ең көп зардап шеккен Ойыл ауданы тұрғындарымен кездесті.

Қазір Ойыл ауылына баратын жолдың су шайған бөлігі жөнделіп, көліктер өте бастады. Депутаттар жергілікті атқарушы органдарға көпірді қалпына келтіруді жеделдету керектігіне назар аударды.

Өз кезегінде, халық баспана жайына алаңдаулы. Қазіргі уақытта үйі суға кеткен тұрғындарға уақытша қоныстануы үшін әскери палатка тігіліп, ағаш үйлер тұрғызуға аудандық бюджеттен қаржы бөлінген.

Депутаттар Айна Мысырәлімова, Гауһар Танашева және Дәулет Мұқаев Ақмола облысының бірнеше ауданында болды. Атбасар қаласында Жабай өзенінің деңгейі артып, 4,5 метрді құрап отыр. Қосымша бөгеттер салу және нығайту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оған әкімдіктердің, Ақмола және Жамбыл облыстарының Төтенше жағдайлар департаментінің күштері, курсанттар, әскери қызметшілер мен еріктілер жұмылдырылды. 123 адам қауіпсіз жерге көшірілді.

Есіл және Қызыл су өзеніндерінгі су деңгейінің көтерілуінен Есіл ауданындағы елді мекендерді су басу қаупі туындап отыр. Осыған байланысты соңғы тәулікте құтқарушылар Ленинское, Игілік және Свободное ауылдарынан 461 адамды қауіпсіз жерге көшірді. Қазіргі уақытта су тасқынына қарсы іс-шаралар жалғасып жатыр.

Сондай-ақ депутаттар Еркебұлан Мәмбетов, Дмитрий Колода және Бақытжан Базарбек Солтүстік Қазақстан облысының орталығы – Петропавл қаласының апатқа төтеп беру дайындығымен танысты. Онда осы аптада су тасқынының шарықтау шегі болуы мүмкін. Су қалаға Сергеев бөгенінен келе жатыр. Жол бойындағы елді мекендерден, соның ішінде Покровка мен Новоникольское ауылдарынан өтті.

«Басты міндет – қауіпсіздік. Тұрғындар мен ауылдық округ әкімдерінің бұған жеткілікті мән бермегенін байқап отырмыз. Су деңгейі өте үлкен. Тұрғындарда мүлік шығындарын өтеуге қатысты күмән бар. Сондықтан біз осында жүрміз. Су тасқынан зардап шеккен тұрғындардың барлығына төлем берілетінін түсіндіріп жатырмыз», деді Еркебұлан Мәмбетов.

Қазір Подгора шағын ауданындағы бөгетті нығайту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Заречный ауылында полиция мен төтенше жағдайлар қызметі тұрғындарды су басқан аймақтан эвакуациялап жатыр, бірақ 47 адам үйінен кетуден бас тартты. Депутаттар оларға жағдайды түсіндірді. Дәл осы күні Петропавл су торабының жағдайымен танысып, Кожевенный кентіндегі бөгетті де аралады.

Мәжілістің баспасөз қызметі

Депутат Азат Перуашев та қазір осы облыста жүр. Бүгін ол Есіл өзенінің шығыс жағалауын қарап шықты. Мұнда алдағы бірнеше сағатта су деңгейі көтеріледі деп болжанып отыр. Мәжілісмен сондай-ақ Тепличное ауылының тұрғындарымен кездесіп, құтқару жұмыстарына қажет резеңке қайықтар мен арнайы киімдер табыстады. Алдағы уақытта су тасқыны аймағында орналасқан басқа да елді мекендер қамтылады.