Жансарай • 11 Сәуір, 2024

Тойған ІЗІМ: Би өнері өмірімнің мәніне айналды

183 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін

Биде ұлттың тұтас болмысы жатады. Себебі би арқылы күллі таным-түсінік, салт-сана, құндылықтарды бейнелеп, бедерлеуге болады. Қимылымен күллі қазақтың, тіпті бар адамзаттың арман-мұрат, бітім-болмысын бейнелеген Шара Жиенқұлова, Нұрсұлу Тапалова сынды дарабоз дүлдүл, шын шеберлер салған би өнеріндегі соны сүрлеу, сара жолды табысты жалғап, жемісті еңбек еткен Тойған Ізім есімі бүгінде көпшілікке жақсы таныс. Кәсіби сахнаға 17 жасында шығып, 27 жыл үздіксіз билеп, қазір Қазақ Ұлттық хореография академиясында шәкірт тәрбиелеп жүрген Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, өнертану кандидаты, профессордың би өнеріндегі қолтаңбасы қандай дара болса, жүріп өткен жолы да дәл сондай тағылымды. Көненің көзін көріп, ғибратын бо­йына сіңірген парасатты жанның бекзат өнер туралы айтар ойлары терең, пікірі байыпты.

Тойған ІЗІМ: Би өнері өмірімнің мәніне айналды

– Тойған Оспанқызы, өзіңізді көрсек, Шара Жиенқұлова, Нұр­сұлу Тапалова сынды би өнері аңыз­дарының ізін көргендей ерекше толқитынымыз бар. Ал сіз ше? Ол тұлғалармен кездесіп үлгердіңіз бе? Жалпы, биге қадам басқан алғашқы жылдар, жастық шағыңыз туралы ойға алғанда есіңізге ең әуелі қандай естеліктер түседі?

– Рахмет, қызым. Оның рас, біздің жастық шағымыз өткен жылдар шынымен тағылымы мол тарихи сәттерге толы еді ғой. Өзің айтып отырған Шара, Нұрсұлу апаларымыздың көзі тірі, сахнаның сәнін келтіріп жүрген кезі. Ізінен аңыз ерген сондай тұлғалардың өнердегі өрелі жолын жалғау бақыты бұйырғанына өзімді шексіз бақытты санаймын. Шара апаны алғаш рет сахнадан көрдім. Бірақ ол кезде баламыз, ондай үлкен тұлғаның жанына барып, бата сұрап, тілдесіп қалуға батылымыз жете қоймады ғой. Алыстан көргеніміз­дің өзін аңыз ғып айтып жүретінбіз.

Ке­йін 1985 жылы Алматы облыстық филармониясы жанынан «Алтынай» би ансамблі құрылып, оның басы-қасында Өзбекәлі Жәнібеков ағамыз жүрген болатын. Міне, сол ансамбльдің репертуа­рын Ольга Всеволодская-Галушкевич пен Шара Жиенқұлова жасады. Апамыз «Қазақ вальсі» және «Айжан қыз» деген би­лерді қойды. Мен сол кісінің қасында жүрдім. «Тайны танцев» деген кітабына қолтаңба жаздырып алғаным көз алдымда күні кешегідей сақталып қалыпты. Оны өмірі ұмытпаспын. Ал Нұрсұлу апамызбен кездесе алмадым. Ол кісінің билерін тек сахнадан көрдім. Жастық ұяңдығым ба екен, әлде сол жастық аңғалдыққа салып жақын араласуды құнттай қоймадым ба екен, жерлес болсақ та таныспаппын. Әттең-ай, қазір сол мүмкіндік қайта берілсе кездесіп, жақсылап әңгімелесер едім деп ойлаймын.

Нұрсұлу Тапалова орындаушылық шеберлігі мықты, өнерге жан-тәнімен берілген тұлға еді. Өмірі де өзгеше бол­ған сияқты. Замандастары «Керемет биші еді» деп ауыздарының суы құрып айтып отыратын. Ұстазымыз халық әртісі, би өнерінің белгілі білгірі Сара Көшер­баева Тапалова туралы айтқанда тоқ­тамайтын еді. Сонда «Нұрсұлу сах­нада өрт болып жанып кететін» деп айта­тын. Әлемге әйгілі Галина Улано­ва­мен бірге «Бақшасарай бұрқағы» спек­таклінде сахнаға шыққан қазақтың тұңғыш бишісі ғой. Жұбайы, қазақ боксының атасы Шоқыр Бөлтекұлы да ерекше адам еді. Ол кісі туралы да көп айтылмайды. Өлмес өнер тудырған сондай тұлғалардың есімі бүгінде елеусіз қалып, өшіп бара жатқаны өкіндіреді. Жарқын бейнесін біз жадымызда сақтайтынымыз сөзсіз ғой. Тек соны келешек ұрпақ ұмы­тып кетпесе екен деп алаңдаймын. Ондай тұлғаларын ұлтымыз ұмытпауға тиіс.

– Өміріңізден Өзбекәлі Жәні­бе­ковтей арда азаматтың ерек орын ала­тынын білеміз. Өнерге алғаш қадам басқан шағыңызда ағалық қам­қорлығын аямаған Өзбекәлі өнегесі туралы толғанғанда тіл ұшына тұлғаның қандай тағылымы оралады?

– Өзағаң – қай салада болсын өзі­нің жарқын ізін қалдырған арда азамат қой. Ұлтқа қалтқысыз қызмет еткен на­ғыз ұлтжанды тұлға еді. Қазақты шек­сіз сүйетін. Сондықтан болар ұлттың келешегінен қатысты кез келген іске бейжай қарап көрген емес. Соның ішінде әсіресе қазақ би өнерінің өрлеуіне, жаңа деңгейге көтерілуіне өлшеусіз үлес қосты. 1970 жылы Торғай облысы ашылып, Өзбекәлі Жәнібеков сонда қызметке жіберілді. Ал 1971 жылы Алматы эстра­да-цирк өнері студиясын бітіріп, дип­ломымызды қолға алған бізді де бірден жолдамамен жаңадан ашылған об­лыс­тың өнерін өркендетуге жіберді. Бүкіл топ­тан іріктеле келе бес-ақ бала Тор­ғай­ға бару­ға тәуекел еттік. Сол уақытта «Торғай әуендері» атты эстрадалық ансамбль құрылып жатқан еді. Бесеуміз де соған қабылдандық. Өзбекәлі ағамыз­бен де сол жерде таныстық. Ол кісі бізді өз қамқорлығына алды. Сөйтіп, Өзаға­ның көмегімен Қазақстандағы алғашқы фольклорлық «Шертер» ансамблін құр­дық. Ансамбльдің басы-қасында жүр­ген Өзбекәлі аға репертуардың қалып­тасуына үлкен үлес қосып, киген киім­дерімізді, музыкалық аспаптармен қам­тамасыз етуімізді қадағалады. Қазақ аспаптарын жинаушы Болат Сары­баевты, күйші-композиторлардан Мәл­гаждар Әубәкіровті жанына алдыр­ды. Қадыр Жетпісбаев ансамбльдің режис­серлігіне жауапты болды. Би маманы Ольга Всеволодская-Галушкевич те Өзағаң­ның шақыруымен Мәскеуден арнайы келіп, Торғайда қызмет етті. Соның бәрі айналып келгенде «Шертердің» ре­пертуарын жасады, жаңа ұжым­ды биік белеске шығарды.

Торғайдағы Өзағаңның тағы бір ерлігі – 1972 жылы ашылған қазақ драма театрының кеңі­нен қанат жаюына, кәсіби биікке көтері­луі­не көрсеткен қамқорлығы дер едім. Алматыдағы театр студиясын тәмам­дап, Талдықорғанға кетейін деп тұрған жас­тарды Арқалыққа алып келіп, жоқ жер­­­ден театр ашты. Ағаштан салынған ескі мәдениет үйі бар болатын. Бәріміз де сонда жұмыс істедік. Күн болсын, түн болсын Өзаға репетицияны келіп көретін. Онда баламыз ғой: «Осы кісі­нің репетициямызды келіп көруден басқа жұмысы жоқ па?» деп ойлайтынбыз. Сөйтсек, мұның барлығы Өзағаңның ұлт алдындағы міндет-борышын терең­нен сезініп, жауапкершілігін мүлтіксіз атқару­дағы ұлағатты ұстанымдары екен ғой. Жасымыз ұлғайып, бүгінде жетпістің желкесінен жүріп өткен жолдарға көз салғанда Өзағаңдай тұлғалардың бізге көрсеткен өнегесіне бас иіп, тәрбиесінен тағылым түйеміз.

– Қазақстандағы алғашқы фольк­лорлық ансамбль «Шертердің» ше­жі­ресі өздеріңізден басталған екен. Ұжым­ның репертуарлық саясаты қа­лай жүзеге асырылған еді?

– Бұл бір тарихи сәт қой. Репертуар­ға барынша ұлттық екпін түсіріп, ансамбльдің бейнелілік бояуын сол тұрғыдан бедерлеуге тырыстық. Мәсе­лен, сол кезде «Айда былпым» атты биді, Торғай қазақтарының күйіне жас келіншектің биін қойдық. Кимешек, жаулық, ұзын қамзол киіп биледік. Соның бәрі халықтың көзайымына айналып, қайта жаңғырғандай болды.Сүгірдің күйлеріне, «Жезтырнақ» аңызы негізінде қойылған билерге де өзгеше өмір сыйлауға ұмтылдық. Музыкада «мажор», «минор» деген терминдер бар. Ал бізде мұны «оң бұрау», «теріс бұрау» дейді. «Жезтырнақ» атты биім осы теріс бұрауда Қызылмойын Қуандықтың кү­йіне қойылды. Байжігіттің күйлеріне де би қойдық. Осылайша, репертуарымыз қалыптасты. Ансамбльдің атағы алыс­қа тарады. Мұның барлығы, әлбетте, ең әуелі Өзбекәлі ағаның жүргізген дұрыс саясаты мен ерен еңбек, қажыр-қай­ратының арқасында болатын. Қазір фольк­лорлық-этнографиялық ансамбльдер толып жатыр. Оларда тарсыл-гүр­сіл көп. Тіпті «Кө­ңілашар» сынды күй­лердің өзінің өңін қашырып жіберді. Ал бұл күйді дом­бырамен тыңдасаңыз­дар, басқаша шығады. Құрман­ғазы­ның «Балбырауыны» қандай әдемі күй. Кезінде Ахмет Жұбанов: «Бал­бы­рауынның» тұла бойы тұнып тұрған би» деп айтқан екен. Сүгір бабамыздың, Тәттімбеттің күйлері – нағыз лирика. «Шертердің» кезінде биге арнайы көптеген әдемі күйлер шық­ты. Ол уақытта біз би қимылдарын кәдімгідей ел аралап жүріп іздейтін едік. Себебі би өнері ұлттың жанын, болмысын бейнелейді. Өкінішке қарай, бүгінде өнерге деген көзқарас мүлдем басқаша. Қазір халықты тәрбиелеуден гөрі өзін сахнада көрсету белең алды. Сол тұрғыдан тамырымыздан ажырап бара жатқан сияқтымыз. Сондайда қазіргі өнерге де бір Өзбекәлі керек еді деп армандайсың...

– Арман дегеннен шығып отыр. Жал­пы, би өнеріне қалай келдіңіз? Бұл сіздің бала күнгі арманыңыз ба еді?

– Ақтөбе қаласындағы Мақсот Құ­сайынов атындағы мектеп-интернат біз­дің кезімізде малшы­лар мен темір­жол­шылардың балаларына ар­налған ин­тернат болды. Мен де сол жерде оқыдым. Интернаттың кітапхана қоры бай еді. Үйірмелер де көп болатын. Домбыра да тарттым, хорда ән де айттым, бірақ биге бүйрегім ерекше бұрды. Мектеп-интернаттағы би үйірмесімен шектелмей, облыстық Мәдениет үйіне де барып жүрдім. Менің осы жолды таңдауыма Үміт Ғайнуденова, Байназар Қоңырба­сов, Виктор Ящук сынды ұстаздарымның сіңірген еңбегі зор. Сөйтіп, 1968 жылы мектепті тәмамдаған соң, Алматыдағы эстрада-цирк өнері студиясына оқуға тап­сыруға талаптанып көрдім. Бірақ мұн­да талапкерлерді екі жылда бір рет қа­былдайды екен. Оны естіп, көңіл кү­йім бұзылып, арманымның күл-пар­ша­сы шыққандай шарасыз күйге түс­тім. Қасымдағы менімен бірге келген қыз­дар: «Басқа мамандыққа тапсыра берсейші, бір жылыңды босқа өткізесің бе?» деп үгіттей бастады. «Жоқ, биші боламын» деп қырсығып тұрып алдым.

Бір жыл бос жүрмей, жұмыс істе­йін деп Ақтөбеге қайтып келдім. Оны­мен 17 жастағы қызды жұмысқа кім алсын? Бірталай жерге барсам да еш­теңе табылмады. Көп ұзамай «сені Ген­надий Шульга іздеп жатыр» деген хабар келді. Концертте 1-2 рет көр­ге­нім болмаса, жақын танымайтын ада­мым, Ақтөбеге әйгілі әнші екенін ғана білемін. Шақыртуды тосырқай қабыл­дап, жүрексіне барып кабинетінің есігін қақ­тым. Өте парасатты адам екен. Мені оқушы кезімде Ақтөбенің сахнала­рында билеп жүргенімде көргенін, жұ­мысқа қабылдағысы келетінін айт­ты. Сол кездегі қуанышымды сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Сөйтіп, диплом­сыз-ақ 17 жасымда Ақтөбе облыстық филармониясына биші ретінде қыз­мет­ке қабылдандым. Мұнда тура бір жыл еңбек еттім де, Алматыға келіп өзім қала­ған студияға оқуға түстім. Осы орай­да Геннадий Шульганың ағалық қамқорлығын, жастарға деген риясыз көңілін ерекше атап өткім келеді. Әр сұхбатымда мені кәсіби өнерге жетелеп, өнегесімен есте қалған ағаға алғыс айтуды парызым санаймын.

– Ал Тойған қандай бала болды?

– Біз енді соғыстан кейінгі ұрпақпыз ғой. 1951 жылдың қыркүйек айында Ақтөбе облысының Хромтау ауданы, Мамыт ауылында қарапайым шопан­ның отбасында дүниеге келдім. Арман­шыл болдым, өнерді ерекше жақсы көр­дім. Үйде 4 ағайындымыз. Негізі әкем — торғайлық. Бірақ қиын-қыстау уақыт­та осы Ақтөбе облысында тұрақтаған екен. Оспан әкем атадан жалғыз болған. Ағам­нан кейін өмірге мен келгенімде: «О, енді менің ұлым да, қызым да бар. Тойдым, Аллаға шүкір» деп есімімді өзі қойып­ты. Соғысқа қатысып келгені бар, ауыр еңбектің зардабы да тиген болуы керек, әкем арамыздан ерте кетті. Есейе келе, бәрін ой елегінен өткіземіз ғой, әкем еңбекқор адам ретінде есімде қалды. Анам Балдай да өте парасат­ты жан еді. Балаларын қатардан қалдырмай, біздің әрқайсысымыздың жақсы адам боп қалыптасуымызға қолдан келген­нің бәрін жасады. Бала-шаға, немере-шөбересінің қызығын көріп, 2016 жылы өмірден өтті.

– Жалпы, би өнері әйел адам үшін өте қиын мамандық саналады. Сіздің талантты биші, білікті ұстаз екені­ңіз­ді білеміз. Ал өмірде ше? Бақытты әйелсіз бе?

– Рас, би оңай өнер емес. Әсіресе қыз баласы үшін бұл саланың қиындығы мол. «Не өнер, не отбасы» деп таңдау жасауға тура келетін де жағдайлар болады. Бірақ Жаратқанға мың да бір шүкір деймін. Алла менің өнеріме де, өміріме де батпандай бақ беріпті. Өнерде Шара Жиенқұлова, Өзбекәлі Жәнібеков сынды қазақ руханиятының майталман тұлғаларының тәлімін көрдім. Осы би өнерінің арқасында көптеген игі жақ­сылармен танысып, араласудың сәті түсті. Талай дос-жаран таптым. Әлемнің түкпір-түкпірін араладым. Би өнері өмі­рімнің мәніне айналды. Биші бола­мын деп армандап, Алматыға келіп оқуға түскенде өзімнің өмірлік серігімді жо­лықтырдым. Курстасым, жолдасым Үсен Мақан да – өнер адамы. Қазақ биінің фолькорлық үлгісін дамытуға ерекше үлес қосты. Кезінде екеуміз сахнада жұп болып та талай биледік. Оған сол кездің көрермендері куә. Өкінішке қарай, 2010 жылы өмірлік серігім қайтыс болды. Айбек пен Жәнібек атты ұлдарымыз бар. Тұңғышымызды ата-әжесі бауырына басты. Ал Жәнібек жолымызды қуып, балетмейстер болды. Қазір өзіммен бірге академияда сабақ береді, екеуміз әріптеспіз. Бос уақытымды немереме арнауға тырысамын. Осындай нығметті бір басыма үйіп-төгіп бергені үшін Аллаға мың да бір шүкір деймін.

– Сіздің аузыңыздан ұлттық өнер деген тіркесті жиі естиміз. Өткеніңізге көз салсаңыз қазақ өнері үшін істеген қандай өнеріңіз жаныңызға мақтаныш ұялатады?

– Ең бірінші кезекте халық мені орындаушы, яғни биші ретінде біледі. Халық билерін сахнаға қайта әкелдім. Себебі бір уақытта «қазақта би болмаған» деп әңгіме айтқандар да ұшырасты ғой. Екіншіден, ғылымға қосқан аздаған үле­сім — би бойынша қазақ тілінде ал­ғашқы болып кандидаттық диссерта­ция қорғадым. Тақырыбы — «Қазақ биінің даму кезеңдері». «Салтанат» және «Алтынай» би ұжымдарының шы­­ғармашылығын жан-жақты зертте­дім. Сондай-ақ қазақ тілінде білім алатын болашақ бишілер үшін шетелдік және отандық хореографияның тарихы туралы оқулық жаздым. Жалпы, осы сала бойынша мемлекеттік тілдегі бір­неше кітаптың авторымын. Әйтпесе бұ­ған дейін барлығы орыс тілінде еді. Құ­дай­ға шүкір, қазір шәкірттерім де док­тор­лық диссертациясын қазақ тілінде қорғап жүр. Түсіне білгенге бұл — үлкен жетістік.

– Үлкен мектеп көрген мамансыз. Бүгінгі би өнерінің мәдениетін қалай бағалайсыз? Көркемдік деңгей, жалпы ізденіске көңіліңіз тола ма?

– Сұрағыңыздың төркінін түсіндім. Рас, біздің кезімізде қазақ биіндегі ең басты мәселе – сахна этикасы болатын. Көйлектің ішінен шалбар, шаш, етік, әшекей бәрін сахна заңдылығына сү­йе­ніп киетінбіз. Қазақ өзі жалтыраған дүниелерден аулақ болған ғой. Уақы­тында КазТО дейтінбіз (казахское театральное общество) соның шеберхана­сында киім тіккізетінбіз. Ұлт­тық киім­дерімізге дұрыс ою салу, жел­біршекте­рін белге дейін салмау, камзол­ды теріс жағынан киіп, артынан ілгек­темеу со­ның барлығы үлкен мәселе бол­ды. Сахн­а­лық киімдер Өзағаның кезінде мұра­жай қорындағы ұлттық киімдердің үлгісі­мен тігілді. Ол кісі киімге салына­тын оюларға қатты көңіл бөлді. Текемет­ке са­лынатын ою бір бөлек, кілемге салы­на­тын ою басқа деп бөлетін. Киімге де солай. Аяқ киім мен бас киімге салына­тын оюлардың арасы жер мен көктей. Қыз­­дар қамзолы мен жігіттердің киіміндегі ­оюлар да әртүрлі. Өзағаңның көзі тірісінде үлгеріп жасап кеткен ең құнды дүниесі – ол екі томдық ұлт­тық киім туралы кітабы дер едім. Кейінгі жас дизайнерлер соған сүйенсе болады ғой. Бірақ олар көп нәрсені түсінбейтін сияқты. Заманға сай жұмыс істейміз деп көп дүниенің байыбына тереңнен бойламайды. Сол өкінішті. Бишінің киімі қозғалғанға икемді, матасы таза, пішіні келісті болуы керек. Қазіргі әнші­лердің киіп жүрген неше түрлі формадағы бас киімдері, көйлектерін көріп жүрміз. Ал биге олардың түкке де керегі жоқ. Сахнада жүрген өнерпаздар соған мұқият болуы керек. Өнер адамы ең әуелі сахна арқылы халықты тәрбиелейтінін ұмытпаса игі.

– Ал қазіргі билердің сарынына қан­ша­лықты көңіліңіз толады? Жеке бишілердің өзін ашуына не жетіспейді деп ойлайсыз?

– Жеке бишілердің өзін ашуына көңіл, пейіл, сосын, әрине, жылы алақан жетіспейді, яғни оларға қолдау керек. Әйтпесе мықты жеке бишілерді шығаруға болады. Жалпы, қазіргі бидің сарынына көңілім толады. Себебі уақыт бір орында тұрған жоқ қой. Заман талабы да өзгереді. Бір ғана қорқыныш, бірін бірі қайталап кетпесе екен деген алаң ғана. Қалғанының барлығы қалыпты. Бастысы, бүгінгі биде көңіл толарлық ізденістер бар.

– Бүгінгі қазақ балетіне қан­дай баға бересіз? Балеттегі ұлттық та­қы­­­рыптардың көтерілуіне қанағат­танасыз ба?

– Кезінде Абай атындағы Қазақ ұлт­тық академиялық опера және балет театрында 1970 жылдары біраз ұлттық дүниелер сахнаға шыққан еді. Соның ішінде «Қозы Көрпеш–Баян Сұлу», Олжас Сүлейменовтің «Қыш кітабы», «Ақсақ құлан», «Әлия», «Мәңгілік алау» секілді ұлттық нақыштағы балеттер тың шешіммен сахнаға шығып, ұлттық балетімізді жаңа бір белеске көтеріп тастап еді. Бірақ арада біраз үзіліс болып қалғаны және рас. Бұл «қоймайын» деген кертарпа пиғылдың кесірі емес, керісінше, ұлттық балет жазатындардың жоқтығынан болған олқылық деп санаймын. Дегенмен қазір ұлттық дүниелерге жақсы көңіл бөлініп жүр. Мәселен, Астана балет театры осы бағыт бойын­ша тыңғылықты іс атқарып келеді. Биші­леріміздің мүмкіндігі де, орындау техникасы да таңдай қағарлықтай. «Бейбарыс сұлтан», «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу», «Жусан», «Әлем» сынды балеттер өзіңіз айтқан балеттегі біраз олқылықтың орнын толтырғандай. «Астана балет» ұжымы бүгінде ұлттық балет пен заманауи бидің тамаша синтезін тудырып жүр. Осы орайда айта кететін бір мәселе – біздің композиторлар балет жазуға аса құлықты емес. Ал бізге, ең алдымен, балет қоймас бұрын композитордың музыкасы керек.

Осы жағы қолға алынса, ұлттық балет­теріміз де сахнадағы салтанатын жал­ғастырары сөзсіз.

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жақында Ұлттық құрылтайда мәдени мұра тақырыбын көтерді. Ұлттық билер де осы мұраның бір бөлігі екені сөзсіз, оны сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізуде қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

– Президенттің Ұлттық құрылтайда көтерген мәдени мұра тақырыбы бүгін­гі күні кең талқыланып отыр. Қазақ хал­қының мәдени мұрасы туралы жіктеп-жілік­теп айтуға болар. Соның ішінде би өнері мәдени мұра ретінде халықтың болмысын білдіретін құндылықтардың бірі екені даусыз. Бүгін біз би мәдениетіне жатқызып отырған ықылым заманнан келе жатқан талай билердің бар екеніне зерттеушілердің еңбектері арқылы көз жеткізіп отырмыз. Хореография өнерінің ғылыми айналымға кеш енгені белгілі. Міне, соған байланысты енді-енді тарих қойнауына үңіле бастағандаймыз. Бүгінде ертеден халықпен бірге жасасып келе жатқан «Бақсы ойынынан» бастау алып, «Аю биі», «Құр биі», «Буын биі», бертін келе «Ұтыс биі», «Қоян-бүркіт», «Келіншек», «Киіз басу», т.б. билер кейінгі ұрпаққа таныс. Осы билерді зерттеп, ғылыми негіздемесін табуда ға­лымдар аянбай еңбек етіп келеді. Ал Қазақстан кәсіби өнерінде қалыптасқан сахналық қазақ биінің «Алтын қорын» жинақтап, кейінгі ұрпаққа қалдыруда бү­гін­гі білім беріп жүрген оқытушылар­дың еңбегі ерен. Қазақтың қарлығаш би­шісі Шара Жиенқұловадан бастап, Әубә­кір Ысмайлов, Дәурен Әбіров, Зауыр­бек Райбаев, Ольга Всеволодская-Голу­шкевич, Диляфруз Қияқова, Мен­тай Тілеубаев сынды аға буын шығармашылығы туындатқан билерді оқып меңгеру білім бағдарламасына еніп отыр.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен –

Назерке ЖҰМАБАЙ,

«Egemen Qazaqstan»