Қоғам • 12 Сәуір, 2024

100 мыңға жуық оқырманы бар шопан

323 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жастар ауылдан ат-тонын ала қашады, масылдыққа бейім деген сөз жаңсаққа айналып келеді. Қарағанды өңірінде ауылға қоныс аударып жатқан жас маман көп. Керек десеңіз, қаладағы жұмысын тастап, шаруашылық ашып жатқан жігіттер де бар. Солардың ішіндегі ең жасы, еті тірісі – Нұрбек Жәнібекұлы.

100 мыңға жуық оқырманы бар шопан

24 жастағы Нұрбектің алдын­да бір отар қойы бар. Еділ­бай қойын өсіріп, өрі­сін тол­тырып, нарыққа шы­ға­рып отыр. Әкесінің де ша­руа­шылығында жылқы мен сиыр бар. «Шаруаның бір шетін көтерісемін» деп келген ұлы­на еншісін беріп, жеке ша­руашылық етіп шығарды. Еділбай қойын өсіруді о баста ойластырып келген Нұрбек ша­руасын ширатып ала жө­нелді.

Нұрбек жасы 18-ге толысымен оқуын сырттайға ауыстырып, жұмысқа шықты. Білім алып жүрген мамандығына сәйкес еңбек жолын әуелі пойызда жолсеріктен бастады. Көп ұзамай жолсерік бригадирі болды. Теміржол саласындағы төрт жыл еңбек өтілін тәрк етіп, ақырында атакәсіпті өркендетуге белін бе­кем буды. Баласының бұл ойын әкесі Жәнібек те бірден құптады. Қой шаруашылығын көтерейік деген ойы да әке­сінің қолдауын тапты. Үй іші­нің сенімін әбден сезінген ол кәсіпке қорықпай кірісті.

смсм

«Әкемнің шаруашылығын­да жылқы, сиыр бар. Бірақ менің қой өсіргім келді. Неге десеңіз, қой еті сиыр етінен қымбат. Төлі тез өседі, тез көбейеді. «Мал өсірсең, қой өсір, пайдасы оның көл көсір» деген бабаларымыздан қалған сөз бар ғой. Біз көбіне тұқым ретінде саудалаймыз. Шаруа қожалығы иелері алады. Қой өсіргісі келетіндер де алып, малданады», дейді фермер Нұрбек.

Жас фермер қыстағы Қарағанды іргесінде. Бұ­рын ол жерді «Түйеқонған» деп атаған. Ақсақалдар бұл жерден үлкен көш үдере көшкен, осы бір жайлы жерге керуен тоқтаған деседі. Ол көште саудагер-көпестер көп болған. Осы бір ретте Нұрбек батырдың ырымшыл екенін аңғарып қалдық. Ша­руашылығын ашайын деп жат­қан кезде 1981 жылғы шы­ғарылған тиын тауып алыпты. Бірден жақсыға ырымдап, қойым байытады деп қолын жайған көрінеді.

Жас фермер Еділбай қо­­­йын әлем­дік нарыққа шығар­ғысы келеді. «Шаруашылығын енді ғана бастап жатқан жігіт­тің қолынан бұл келер ме екен?», деуі­ңіз мүмкін. Бірақ ой­ла­ғанын орындаймын деп бі­ле­гін сыбана кіріскен. Қалай десеңіз, айтайық. Әлеумет­тік желі арқылы. «Instagram», «Tik-Tok» парақшаларын бел­сенді жүргізіп отыр. «edilbai_kz» деген атау­мен екі парақшасындағы оқырман саны 100 мыңға жуық­тап қалған. Әр жазбасын еліміздің түкпір-түкпірінен, тіп­ті көршілес елден де қалт жі­бермей, қарап отыратын оқырмандары бар.

«Әлеуметтік желідегі парақ­­­шаларымда атакәсіппен енді айналысып жатқандарға бағыт-бағдарымды көрсетемін, шаруашылыққа қажетті түр­лі видеоларды жүктеп отырамын. Еліміздегі ауыл ша­руа­шылығы саласының озық дамығанын қалаймын», дейді кейіпкеріміз.

Мәселен, 115 мың қара­лым жинаған видеосында ол қойға бидайды қалай бе­ру керектігімен бөліседі. «Еділ­бай қойының ерекшелігі бо­ранға қарамай, тебіндеп жайыла береді. Суыққа өте төзімді. Дегенмен аязда бидай береміз. Ол ішін қыздырады. Сол себепті еркін жайылады. Жас марқаларға, қошқарларға да береміз. Күйін жоғалтпайды. Көп мөлшерде беруге тағы болмайды. Буаз қойлар іш тастауы мүмкін», деп бейнежазбасын аяқтайды.

Қоздаған қойдың күтімі, оларға берілетін түрлі витамин, үгітілген бор, табиғи тұз беретінін жеткізеді жас шопан. Енді бір жарияланымында қойдың қорасы қандай болу керектігін, астының мұз әрі ылғал болмауына назар ауда­ру қажеттігін айтады. Жаз­баларындағы пікірлер топтамасына да көз жүгіртіп өттік. Ауылда тұратын оқырманға оң пайдасын тигізіп жатқандай көрінді бізге. Бәрі жас шопанға алғаусыз алғыстарын жаудырып жатыр. «Осы секілді біз біле бермейтін дүниемен бөлісіп тұрсаңыз, жақсы болар еді. Біраз ақпарат алдық» десе, енді біреуі «Қойыңыз қоңды екен. Жақсы салмақ қосатыны көрініп тұр. Қалай сатып алсақ болады?» деген сыңайдағы пікірлер қалдырыпты.

Демек Нұрбек желідегі парақшалары арқылы қойын сәтті саудалап отыр. Несі бар? Қойын сойып, оны қалаға апарып, базарда тұрып уақыт жоғалтпайды. Қорасынан-ақ өткізеді. Бұл да жас шо­панның жарнама көзін жөн тапқандығы.

«Сенбі, жексенбі демалыс жоқ. Сегіз сағаттық жұмыс уа­қыты деген жоқ. Күні-түні малдың соңындамыз. Мал бағудың машақаты өте көп. Қып-қызыл бейнет. Бірақ береке бар. Еңбектің тәтті дәмін та­татын кез де келеді», дейді фермер.

Нұрбек – әулеттің екін­ші ұлы. Бір ағасы, үш інісі бар. Әкелері ұлдарын адал еңбекке баулыған. Қара жұ­мыс­тан қашпайды. Жас шо­панның тағы бір асқақ арманы бар. Өзінің адал жарын жолықтыру, отау құру. Бұйыр­са, ол күннің де аулы алыс емес­тігін де  жасырып қалмады.

 

Қарағанды облысы