Білім • 12 Сәуір, 2024

Қазақстанда мектеп оқулықтары цифрлық форматқа көшірілді

124 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстанда барлық мектеп оқулықтары цифрлық форматқа көшірілді. Бұл туралы Білім және жоғары білім министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстанда  мектеп оқулықтары цифрлық форматқа көшірілді

Фото: shutterstock.com

Мектеп оқулықтарын цифрлық форматқа көшіру 100 пайызды құрап отыр, деп хабарлайды министрліктің баспасөз қызметі. Олар мемлекеттік сараптамадан өтіп, оқу-әдістемелік кешендердің тізіміне енгізілген. Цифрлық оқулықтар еліміздегі 13 баспаның 11 платформасында әзірленген.

Білім сапасын қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары Майра Мелдебекованың айтуынша, мұғалімдерге жаңа оқыту форматын қолдану бойынша арнайы әдістемелік нұсқаулар әзірленген.

«Мұғалімдер заманауи цифрлық технологияларды, онлайн коммуникацияларды, саралау мен даралауды пайдалана отырып сабақ жүргізеді, сонымен қатар онлайн ресурстарды пайдалану бойынша білімдерін жетілдіреді», деді Мелдебекова.

Сонымен қатар, қазақ мектептерінде робототехника, STEM, химия, физика, биология пәндері бойынша 1345 заманауи кабинет ашу жоспарлануда. Жыл соңына дейін 20 облыстағы 1072 мектеп заманауи үлгідегі кабинеттермен жабдықталады деп уәде етілген.

Еске салайық, өткен жылы 1-11-сыныптар аралығындағы барлық оқу пәндерінің 80 пайызы электронды оқулықтармен қамтылғаны хабарланған болатын. Әзірленген және тізімге енгізілген оқулықтардың жалпы саны 436 атауды құрады. Тағы 255 электронды оқулық экспертизадан өтті.

 

Қырмызы ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,

ЕҰУ студенті