Аймақтар • 12 Сәуір, 2024

Қостанай облысында су тасқынынан зардап шеккендерге 166 млн теңге төленді

179 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Зардап шеккен халықты әлеуметтік қолдау жұмыстары су тасқынының алғашқы күндерінен бастап жүргізілді. Бүгінгі күні бір реттік төлемге 1345 өтініш түсіп, оның 715 өтініш бойынша 166 млн теңге төленді. Өтініштер мен төлемдерді қабылдау жұмыстары жалғасады. Бұл туралы Қостанай облысы әкімінің орынбасары Ерлан Спанов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты, деп хабарлайды Egemen.kz

Қостанай облысында су тасқынынан зардап шеккендерге 166 млн теңге төленді

Арқалық, Қостанай қалалары мен Амангелді, Жангелді, Қостанай және Қарасудың 4 ауданында төтенше жағдай жарияланды. Облыс әкімі орынбасарының айтуынша, зардап шеккендерге келтірілген шығынды өтеу үшін аталған өңірлердің барлығында комиссиялар құрылып, жұмыс істеп жатыр. Төлеу туралы шешімді комиссиялар жылжымайтын және жылжымалы мүлік пен мал басын бағалап, тексергеннен кейін қабылдайтынын айтты.

«Бүгінгі таңда 353 үй тексеріліп оның ішінде 159 үйді қалпына келтіруге болады, бағалау жүргізілгеннен кейін шығын сомасы төленеді. 194 тұрғын үйді қалпына келтіру мүмкін емес, үй  иелеріне баспана беріледі», деді Ерлан Спанов ОКҚ алаңында.

Брифинг барысында, облыстың оңтүстік өңірлері үшін келесі маңызды бағыт – мал өлімінің орнын толтыру екені белгілі болды. Ветеринариялық қызметтің мәліметінше, су тасқыны салдарынан  951 бас мал өлді. Сонымен қатар, қазіргі таңда 214 бас малға бағалау есептері жүргізіліп, төлем жасалына бастағанын тілге тиек етті.

«Сондай-ақ су тасқыны салдарынан 1414 жоғары вольтты электр тарату мұнарасын зақымдалды. Барлық ірі елді мекендерді электрмен жабдықтау қалпына келтірілді, бірақ 26-ға жуық елді мекен әлі күнге дейін жарықсыз отыр. Қазіргі уақытта сметалық құжат, қажетті материалдар әзірленіп жатыр», деп қорытындылады Қостанай облысы әкімінің орынбасары Ерлан Спанов.

 

Қырмызы ЖҰМАҒАЛИҚЫЗЫ,

ЕҰУ студенті