Өйткені, облыс әкімдігі мен «Қазақмыс» арасындағы меморандумға сәйкес ескерткіш тұрған алаң қайтадан жаңартылуы тиіс еді. Бұл жұмыс өткен жылдың 8 қазанында облыс әкімі Б.Әбдіғалиұлы мен «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС басқарма төрағасы Н.Нұриевтің қатысуымен салтанатты жағдайда басталған еді. Жалпы аумағы 0,7 гектарды құрайтын алаңның 5600 шаршы метріне жол жабыны ауыстырылып, 30 шақты сирень, 40 шақты жеміс ағашы отырғызылуы және т.б. жұмыстар атқарылып, 2023 жылдың соңына таман бітуі керек еді.
Содан бері алты ай уақыт өтті. Бірақ біткен ештеңе де жоқ. Соның кесірінен биыл жезқазғандықтар қаладағы Қаныш Сәтбаев ескерткішіне тағзым ету, құрмет көрсету мүмкіндігінен қағылды. Облыс басшылығы 12 сәуір - ұлы ғалымның 125 жылдық мерейтойы күні көршілес Сәтбаев қаласына барып, сол қаладағы ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Салтанатты іс-шараға қатысушылар арасынан «Қазақмыс» корпорациясы ЖШС басшылығы байқалмады.
Бар-жоғы 0,7 гектар тұратын алаңды жарты жылдан бері жөндей алмай жатқандар соғыс уақытында 38 күнде салынған зауытқа басшылық жасағандардың бірі болған Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың рухының алдында қалай ақталар екен?
Жезқазған қаласы