Алғашқы апта «Таза өлке» акциясымен басталып, елді мекендер тұрғындары, қоғам белсенділері, ұйымдар мен кәсіпорындар қызметкерлері қоршаған ортаны тазартуға үлес қосып, 30 мыңға жуық ағаш көшеті егілді.
Жалпы, Аралы тартылып, Сырдариясы сарқылып тұрған өңір тұрғындары қоршаған ортаның қадірін біледі. Бұрын көшесінде қоқыс ұшып, сұрқы қашып тұратын Қызылорда қазір жылдың қай мезгілінде көрсеңіз де, қыздың жиған жүгіндей болып, тиянақты тірліктің нәтижесін аңғартып тұрды. Сырттан келгендердің дені облыс орталығының айрықша тазалығына таңдай қағып, тамсанып кететіні тағы бар.
Аудандар мен ауылдардан да көретініңіз – осы көрініс. Өткен жылдан бастап аймақ басшысының бастамасымен ауылдық елді мекендерді дамытуды көздейтін «Үлгілі елді мекен» конкурсы өткізіліп келеді. Былтырғы қорытынды бойынша жеңімпаз деп танылған 12 елді мекенге күнделікті тұрмысқа қажетті деген заманауи 29 арнаулы техника табысталды. Бұл ауыл тазалығын сақтап, айналасын абаттандыру бағытындағы істерді ілкімді ұйымдастыруға сеп болып отыр.
Сырбойылықтар қоршаған орта мен тұрғындар үшін қолайлы жағдай жасап, азаматтық жауапкершілікті арттыратын, экологиялық сана мен экологиялық мәдениетті қалыптастыратын акцияға белсене араласып кетті. «Таза өлке» апталығынан басталатын акция «Киелі мекен», «Жасыл аймақ», «Өнегелі ұрпақ» апталықтарына ұласып, соңы 5–11 мамыр аралығына жоспарланған «Мөлдір бұлақпен» түйінделеді.
Акция аясында 6–13 сәуір аралығында «Менің туған өлкем» атты бастама шеңберінде облыс көлеміндегі елді мекендерде, мекемелер мен кәсіпорындар аумақтарында жаппай тазалық шаралары жүргізілді. Ал тұрғындар «Табиғатқа құрмет отбасынан басталады» атты акцияда ауласы мен көшесін, арықтардың бойын тазартып, «Жасыл желек» жалпыхалықтық челленджін өткізді.
Еріктілер, экобелсенділер мен тұрғындар «Ауласы тазаның – ауасы таза» және «Көшесі тазаның – көңілі таза» тақырыптарында өтетін тазалық акцияларына қатысады. «Жастар таза өлке үшін» тақырыбында тазалық челенджі ұйымдастырылады.
«Taza olke – taza el» сенбілігі қорытындысында ұйымдастырылатын «Гүлденген өлкем» іс-шарасында елді мекендер, көшелер мен саябақтарды көгалдандыру мен тазартуға үлес қосқан азаматтар марапат төрінен көрінеді.
Кейінгі жылдары Сыр бойындағы тарихи орындар мен әулиелі мекендер айналасын таза ұстап, оларға жеткізетін жолдардың жағ-дайын дұрыстауға мән беріле бастады. Бұл көненің көмбесіндей ескі шаһарлармен танысуға, тарихта аты қалған белгілі тұлғалар рухына тәу етуге келетіндер үшін қолайлы болып отыр. Ескі қалашықтар мен тарихи тұлғалар мәңгілік мекен тапқан аумақ айналасындағы жұмыстар 14–20 сәуір аралығындағы «Киелі мекен» апталығында жалғасады. «Сыр елі – тарихи қалалар мекені» тақырыбы аясында Қармақшы ауданындағы Қорқыт ата мемориалдық кешені, Марал ишан, Қалқай ишан, Жалағаштағы Бұқарбай батыр, Түмен әулие кесенелері айналасы тазаланып, абаттандырылады. Мұндай жұмыстар Сырдария ауданындағы Асанас, Қышқала тарихи қалашықтары, Қалжан ахун мешіт-медресесі, Шиелі ауданы аумағындағы Оқшы ата кесенесі, Жаңақорғандағы Қорасан ата кесенесі мен кейінгі жылдары археологиялық қазба жұмыстары жүргізілген әйгілі Сығанақ қаласы, Аралдағы Бегім ана мұнарасы мен теңіз түбінен табылған Кердері қалашығы, Қазалыдағы Жанкент пен Жанқожа батыр кесенесі айналасында жүргізіледі. Басқа да тарихи ескерткіштер мен облыстық тарихи-өлкетану музейі, аудандағы музейлер айналасы абаттандырылады.
21–27 сәуір аралығындағы өтетін «Жасыл аймақ» апталығында «Biz taza aimaq úshіn» бастамасымен қала, аудан, елді мекендердегі саябақтар, скверлер, парктер мен аллеялар аумағына тал отырғызылып, «Көктемгі көшет» ағаш отырғызу акциясы ұйымдастырылады. Оған жалғаса кететін «Өнегелі ұрпақ» апталығы «Ардагерлерді ардақтайық» тақырыбында ұйымдастырылып, ардагерлер, қарттар үйлерінің айналасы тазаланып, белсенді жастар ұйымдарының «Жаныңда жүр жақсы адам» үндеуіне үн қосқандар жалғызілікті қариялардың ауласын жинап, әктеп, сырлап қолғабыс береді. 5–11 мамыр аралығындағы «Мөлдір бұлақ» апталығындағы «Бұлақ көрсең, көзін аш» деген тәмсілді ұстанған еріктілер, қоғам белсенділері мен тұрғындар тазалық іс-шараларын өткізеді.
Жалпы, облыста қоршаған ортаны қорғау, экологияның сауықтыру іс-шаралары ұдайы жүргізіледі. Мемлекет басшысының тапсырмасымен Арал теңізінің құрғаған ұлтанына 1,1 млн гектар сексеуіл егу кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. «Таза Қазақстан» акциясы аясында облыс орталығынан полигондарға 300 тоннаға жуық қоқыс шығарылып, 30-ға жуық тұрғын үйдің қасбеттері жаңартылды.
ҚЫЗЫЛОРДА