Бұл сайысқа Индонезия, Кувейт, Қырғызстан, Қытай, Моңғолия, Оман, Өзбекстан, Пәкстан, Ресей, Сауд Арабиясы, Сирия, Таиланд, Қазақстан қатарлы 30 елдің 60-тан аса мергені «Мажар», «Азия», «Түркі» стильмен сайысқа түседі.
Аталған мемлекет өкілдерінің қатысуымен тарихта тұңғыш рет қазақтың төл өнері «Жамбы ату» стилінен Азия құрлық федерациясы құрылып, басшылығына отандық бизнесмен Еркебұлан Ілиясов сайланды. Болашақта федерацияның кеңсесі Қазақстанда орналасатындықтан жиынға қатысушы өкілдер осы мекеменің атқарушы директоры ретінде ұсынылған Елнұр Исақұлдың кандидатурасын бекітті.
Сондай-ақ жаңадан құрылған федерацияның вице-президенті болып қытай елінің өкілі Джанг Ли мырза сайланса, төрешілерге төрағалық ету міндеті Оңтүстік Африка елінің азаматы Амали Рачкеге жүктелді.
Басқосу барысында Қазақстан жамбы ату федерациясының вице-президенті Бақдәулет Сәбитов жиналған көпшілікке Азия жамбы ату федерациясының алдағы бесжылдық жұмыс жоспарымен таныстырып, ұйым құрамына енген елдерге жамбы ату спорты бойынша болашақта қолдаулар болатынын жеткізді.
«Бүгін біз тарих бетінде із қалдыратын ерекше оқиғаға куә болып отырмыз. Ат үстінде садақ атудан Азия федерациясының басты мақсаты – қазақтың мергендік өнері «Жамбы ату» стилін 2030 жылы Дохада өтетін жазғы Азия ойындарына енгізу. Осы мақсатта Қазақстан тарапы федерацияға мүше мемлекеттердің мергендерін қолдауға дайын. Соның бір дәлелі – алдағы төрт жылда федерацияға мүше мемлекеттерге ешқандай жарна төлетпейді және қаржылық көмек көрсетеді», деді Бақдәулет Маратұлы.
Жиында федерацияға жаңадан мүше болған мемлекет өкілдері сауалдарын қойып, тұшымды жауап алды. Бұйырса, алдағы уақытта жамбы атудан жыл сайын дәстүрлі түрде Азия чемпионаты, Азия кубогі және халықаралық турнирлер өткізіп тұруға тоқайласты.
Шымкент