Аймақтар • 16 Сәуір, 2024

Су тасқыны: ел бойынша бүгінгі ахуал қандай?

352 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Төтенше жағдайлар министрлігі әр сағаттың басында су тасқынына байланысты жағдайды баяндап жатыр. ОКҚ алаңында өткен брифингте ведомствоға қарасты Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитетінің аға офицері Ерасыл Сайпаш бірқатар мәлімдеме жасады, деп жазады Egemen.kz.

Су тасқыны: ел бойынша бүгінгі ахуал қандай?

Фото: ТЖМ

Ерасыл Сайпаштың айтуынша, жаппай жұмылдырылған күштер мен техникалық  құралдардың көмегімен 9,7 миллион текше метрден астам еріген су сорылған. Тасқынға тосқын мақсатында 2,4 миллион қап пен 1,2 миллион тонна инертті материал төселді.

«Осы уақытқа дейін 13 543 адам үйлеріне оралды. Эвакуация пункттерінде 7 014 адам, оның ішінде 3 144 бала жатыр. Су тасқыны басталғалы бас-аяғы 113 693 адам, оның ішінде 39 922 бала құтқарылып, эвакуацияланды. 107 613 ауыл шаруашылығынан 3570 бас жануар қауіпсіз жерге көшірілді. 2195 тұрғын үйдің ауласына кірген су басқа бағытқа бұрылды», деді Ерасыл Сайпаш.

Павлодарлық құтқарушылар Солтүстік Қазақстан облысында қарғын сумен күресіп жатыр. Атап айтқанда, Павлодар облысы ТЖД күштері мен құралдары тұрғындарды, үй жануарларын, басқа да қажетті заттарды эвакуациялаумен айналысып, су басқан аудандарға азық-түлік жеткізу бойынша жұмыс атқарды. Құтқарушылар саяжай учаскелерін аралап, жергілікті тұрғындарды эвакуациялау туралы хабардар етіп жатыр. Эвакуация кезінде Ертіс өңірінің Апаттар медицинасы орталығының қызметкерлері Заречный кенті мен Петропавл қаласының 9 тұрғынын тексерді. Жұмыстар тәулік бойы атқарылып жатыр.

аа
Қазіргі уақытта Ақтөбе, Қостанай, Ақмола, Атырау және Солтүстік Қазақстан облыстарында 5708 жеке тұрғын үйді, 1609 аула аумақтарын және 2035 саяжайды су басқан. Авариялық-құтқару және су тасқынын жою жұмыстарына 34 мың адам, 4242 техника, оның ішінде 890 су сору техникасы, 335 су көлігі, 19 ұшақ жұмылдырылған.

Ақмола облысы Сандықтау ауданындағы су тасқыны жағдайы:

Сарқырама өзенінің арнасынан асуына байланысты Сандықтау ауданы Каменка ауылынан алдын ала 80 адам өз күштерімен қауіпсіз аймаққа көшіп, барлығы туыстарының үйіне орналасты.

Құтқарушылар 100-ден астам малды эвакуациялады. ЖАО және ТЖМ күштерімен өзен деңгейін бақылау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

дд